Үкімет • 20 Қараша, 2023

Көлік және транзит саласындағы кедергілер алынып тасталуға тиіс

142 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте көлік саласын дамытудың кең ауқымды өзекті мәселелері талқыланды.

Көлік және транзит саласындағы кедергілер алынып тасталуға тиіс

Жиында Көлік министрі Марат Қарабаев бүгінде елімізде 13 халықара­лық көлік дәлізі, яғни 5 теміржол және 8 автомобиль жолы пайдаланылып жатқанын баяндады. 10 айда теміржол көлігімен транзиттік тасымалдау көлемі 19%-ға артып, 22,5 млн тонна жүкті, ал автомобиль көлігімен тасымалдау 17%-ға артып, 3,4 миллион тонна жүкті құраған.

Биыл реконструкциялау және жөндеу жұмыстарымен 10,7 мың шақы­рым жол қамтылды. Атап айтқан­да, 5 жыл бұрынғы кейбір жобалар бойынша қозғалыс ашылды. Бұл – «Қара­ғанды – Алматы», «Талдықорған – Өскемен», «Атырау – Астрахан», «Меркі – Бурылбайтал» учаскелері. Оларды толық аяқтау 2024 жылға жоспарланған. Биыл 856 шақырым жол пайдалануға берілді.

Жалпы, алдағы жылдары ұзындығы 4,7 мың шақырымды құрайтын рес­пуб­ликалық маңызы бар автомобиль жолдарын күрделі жөндеу міндеті тұр (13 басым жоба). Бұдан бөлек тұр­ғындардың шағымы бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ұзындығы 4,3 мың шақырым болатын негізгі өңірлік маңызы бар жолдардың тізімі әзірленді.

Бүгінде республикалық желі сапаны бағалаумен толық қамтылған. Ағымдағы құрылыс маусымында 9 мың сынама алынды. Оның 2 мыңы нормативтерге сәйкес келмеді. Бар­лық сәйкессіздік мердігер ұйымдар қаражаты есебінен жойылды.

Сондай-ақ министр техникалық қадағалауды күшейту, автожолдардың сақталуын қамтамасыз ету, шекаралық өткізу пункттерін жаңғырту, магис­­тралдық теміржол желісін дамыту, локомотив паркін жаңарту және түйісу нүктелері пункттерінің өткізу қуатын арттыру бойынша негізгі шаралар туралы баяндады.

Бұдан бөлек Транскаспий халық­аралық көлік бағытын және Каспийдегі теңіз порттарын дамыту, Ертіс транс­шекаралық өзенін пайдалану арқылы: «Ресей – Қазақстан – Қытай» мультимодальды транзиттік дәлізін құру жос­парлары, сондай-ақ авиациялық көлік саласындағы негізгі қадамдар, оның ішін­де Қазақстанда авиатранзиттік хабтар құру туралы ақпарат ұсынылды.

Талқылау барысында Премьер-министр жол жұмыстарына битумның ішкі өндірісін жоспарлы түрде ұлғайту және жаңа жобаларға дайындық кезінде қолда бар көлемдерді алдын ала ескеру, сондай-ақ сапалы материалдарға көшу және жаңа цифрлық шешімдер арқылы көліктік бақылауды автоматтандыру қажет екенін айтты.

«Бейнебақылау жүйелері жол жамылғысының сақталуын тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Біз жаңа жолдар салып жатырмыз, ал олардың үстімен ауыр жүк көліктері жүреді. Мұндай фактілер өңірлерде кездеседі: салмағы 40 тонналық және одан да көп көлік жүреді. Мұндай көлік бірнеше ай жүргеннен кейін жаңа жолдың сау­дасы бітеді. Өңірлер әкімдіктері осы мәселеге жіті назар аударуы қажет»,   деді Әлихан Смайылов.

Бұдан бөлек ол отандық тауар өндірушілерді қолдау және қажет­ті мамандарды даярлауға мемлекет­тік гранттар санын арттыру мақсатын­да салалық квазимемлекеттік компания­лардың («Қазақстан темір жолы», «Қазавтожол» және т.б.) оффтейк-келісімшарттарды пайдалануы маңыз­ды екенін атап өтті.

Премьер-министр Мемлекет басшысы көлік саласының ІЖӨ-дегі үлесін 9%-ға дейін жеткізу туралы нақ­ты міндет қойғанын еске салды. Сон­дықтан еліміздің көлік және тран­зиттік әлеуетінің дамуын тежейтін бар­лық факторды алып тастау қажет.

«Саланың басты кедергілерінің бірі – шекарада және әуежайларда ұзаққа созылатын әкімшілік рәсімдер. Бізге осы мәселе бойынша да жұмыс істеу керек. Бүкіл Орта дәліз бойымен бір логистикалық тізбек құру үшін көршілес елдермен ақпараттық жүйе­лерді интеграциялау жөнінде келісі­міміз бар», деді Әлихан Смайылов.

Оның сөзінше, жүргізіліп жатқан жол құрылысы жұмыстарының сапасы – бөлек мәселе. Атап айтқанда, Қара­ғанды, Алматы және Ақмола облыс­тары жергілікті жол желісінің сапасына әлі күнге 100% сараптама жүргізбеген.

«Бұдан бөлек, кей өңірлер құрылыс-монтаждау жұмыстарын техникалық қадағалау тарапының бақылауынсыз жүргізеді. Техникалық қадағалаумен келісімшарттар кеш жасалады я мүлдем жасалмайды. Бұл жұмыстың сапасына тікелей әсер етеді», деді Премьер-министр.

Сондай-ақ Үкімет басшысы отан­дық өнеркәсіптің әлеуетін арттыру қажет екенін атап өтті. Ол битум және рельстен бастап тепловоздар мен ауыр жүк көліктерін жасап шыға­руға дейін көлік саласының негізгі қажеттіліктерін қамтуға тиіс.

«Бұл мақсатта көлік және өнеркәсіп министрліктері, «Самұрық-Қазына» АҚ көлік саласының қажеттіліктерін ескере отырып, өнеркәсіпті дамытудың нақты жоспарларын құруы қажет», деді ол.

Әлихан Смайылов 2024 жылдан бастап Каспий­де паромдар құрылы­сын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабыл­дау­ды, стра­тегиялық кірме жолдарының мәсе­лелерін пысықтауды, Көлік және ло­гистиканы дамыту инс­титутын құру мәселесін қарастыруды, инфрақұры­лымдық автомобиль жолдары және теміржол жобаларына және т.б. қажет жерлерді резервте ұстауды қамтамасыз етуді тапсырды.

«Көлік саласын дамыту маңызды басымдықтардың бірі екенін ескере отырып, аталған мәселелердің барлығын Үкімет отырыстарында кезең-кезеңмен қарастырамыз. Сала жылдам дамуда, көлік қызметтеріне сұраныс жоғары қарқынмен өсіп келеді. Еліміздің бұл әлеуетін уақтылы арттыру үшін барлық қажетті шараны қабылдау қажет», деп түйіндеді Премьер-министр.