Зерде • 06 Қыркүйек, 2023

Бірінші жаһан соғысы: себебі мен сабағы

210 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Адамзат тарихы неше түрлі дүрбелеңге, қилы соғыстарға толы. Дей тұрғанмен соның ішінде «Бірінші жаһан соғысының» немесе «І дүниежүзілік соғыстың» әлем халқы санасындағы жарасы да, зардабы да орасан.

Бірінші жаһан соғысы: себебі мен сабағы

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

1914 жылы 28 шілдеде басталған бұл соғыс – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы жаһандық саясаттың тығы­рыққа тірелуінің нақты көрінісі. Дүниенің 38 мемлекеті қатысып, 9,5 миллион сарбаздың өмірін жалмаған, 6 миллиондай жазықсыз бейбіт тұрғынды жойған, 20 миллион адамды мүгедек, жарымжан еткен алапат трагедияны бірауыз сөзбен сипаттау мүмкін емес.

Бірінші жаһан соғысының сабағы мынада: әлем ғаламдасқан сайын жақсы­лық­пен бірге қиындыққа да ұрынаты­ны аңғарылды; дүниеқоңыздық, тойым­сыз­дық, имансыздық – текетірес пен қыр­қысудың алғышарты. Соңғысы тереңдеген сайын мәдениет, білім, бейбітшілік аясы тарылып, оқиғалардың даму үдерісі қырғын мен қасіретке алып барады.

Енді дүрбелеңді кімдердің қоздатқаны­на және оның күрделі нәтижесіне келейік.

Біріншіден, оны бастағандар – саяси тәбетін ашкөздік айқындаған империялар. XIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында олар әлемді бөлісумен, оның белгілі-белгісіз бөліктеріне ықпал етумен, кең мағынадағы құйқалы, шүйгін өңірлерге шімірікпей қол салумен шұғылданды. Нәтижесінде Ресей, Германия, Австрия-Венгрия, Осман сынды ауызын айға білеген империялар жойылып, соңғы үшеуінің қарсыласы Ұлыбритания мен Франция сәл шатқаяқтап барып бойын тіктесе де, «империялар дәуірі» тарих қойнауына кетті. Бұрынғы біраз колония тәуелсіздікке қол жеткізді. Бірсыпырасы Ұлттар лигасынан кепілдік алып, бір қолдан екінші қолға өтті.

Екіншіден, соғыс жүргізудің стратегия­лық және тактикалық қағидаттары түбе­гейлі өзгерді. Күрес құралдары да жетілді. Мұның зияны да шашетектен еді. Соғыс шығынының құны еселеніп, адамзат көріп-білмеген апатқа, қырғынға ұрынды, қарапайым халықтың өлім-жітімі есепсіз артты. Егер әлемде әділ сот пен би болса, осы соғысты бастағандардың бірде-біреуі шығынын төлей алмайтындай жағдайға жетті. Тарихтан белгілі бұрынғы соғыстарда жеңген ел жерге де, шикізат қорына да кенеліп жатса, бұл жаһан соғысы ешкімге абырой әпермеді.

Үшіншіден, жаһандық соғыс адамзатқа жаһандық қырғын әкелетін саяси күштерді, қозғалыстарды оятты. Фашизм мен комму­низмнің идеологиясы жаңа жағдайға бейім­деле өрістеп, билікке ұмтылды. Халық пен елді басқарудағы тоталитаризм, террор, сондай-ақ көзсіз «көсемдердің» маңайына топтасу күшпен, зорлықпен, әлеу­меттік мәжбүрлікпен жүріп жатты. Идеологиялық, әсіре ұлтшылдық, діншіл­дік тоталитаризм ХХ ғасырдың негізгі сипатына айналды. Осы кері кету әлдеқашан серпіліп, әлемдік үйлесімге үлес қосуға тиіс ұлттар мен ұлыстарды тұсап қойды.

Төртіншіден, бірінші жаһандық соғыс өндірісті елдер әлемнің дамымаған өңір­леріне ықпал етіп тұрғанда болды. Егер сол кезде талай ел бүгінгідей азаттыққа қол жеткізсе, мұндай сорақылыққа ұрын­бас еді. Бұл соғыс жан-жақты оянудың қа­жет­тігін көрсетті. Технологиялық-өн­діріс­тік жетілудің маңызды екенін ұқтыр­ды. Ұлыдержавалық тәбеттің түкке алғы­сыздығын дәлелдеді.

Бесіншіден, «қателіктен – сабақ» дегендей, осы соғыстан кейін ақылды, парасатты саясаткерлер, ойшылдар әлемді үйлестіретін ортақ жүйе (global governance) туралы айта бастады. Соның арқасында 1920 жылы Ұлттар лигасы өмірге келіп, 1923 жылы Біріккен Еуропаны құру туралы Ричард Куденхове-Калерги манифесі жарияланды. Осы тектес басқа да идеялардың экономикалық, әлеуметтік негіздемесі бол­маса да, қоғам санасындағы түрлі текетірестің алдын алды.

Ресей империясының қол астындағы Қазақ елін де Бірінші жаһан соғысы шар­­пы­­ды. Әйгілі 1916 жылға дейін қазақ хал­­қы майданға азық-түлік, ішім-жем даяр­­лауға жегілді. Бейбіт уақытқа қара­ған­­да соғыс үшін алымдар 4 есе өсті. Салық­тың түрі 10-ға дейін көбейді. Қазақ­стан тер­ри­тория­сынан (Түркістанды есептемегенде) соғыс қажетіне ет, киіз, мақта, сабын, балық, сұйық майдан бөлек 70 мың мініс аты (жылқы), 13 мың түйе алынды. Әскерилердің баспанасы үшін 14 мың киіз үй даярлатқызған. Қазақ жеріндегі өндіріс және шикізат орындары майдан жағдайында жұмыс істеген. Мұндағы жұ­мыс уақыты 14 сағатқа созылған («Қа­зақ­стан­дағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтері­ліс: жаңа көзқарас». Алматы, 2006. – 150 б.).

Ал Бірінші жаһан соғысының қорған­сыз ұлттар санасына салған салмағы бұдан да ауыр. Бір мемлекет ішінде белгілі ұлт­тар­ға сенбеу, оларды қудалау науқаны белең алды. Мысалы, біз «Екінші жаһан соғысы кезінде басталды» деп жүрген депор­тация – этностарды қуғын-сүргінге салу тарихы 1914 жылға барып бір-ақ тіре­леді. Деректерге жүгінсек, Бірінші жа­һан соғысы басталардан он күндей бұрын, патшалық Ресей Германия мен Австрия-Венгрия азаматтарын тұтқындап, кейбірін өз еліне қайтара бастады. Сол жылдың қазан айынан Түркия азаматтарына да осындай күштеу шаралары жасал­ды. Петербор, Мәскеу, Одесса, Ново­ре­сей, Волынь, Польша, Прибалтика жерлерінде қаннен-қаперсіз мекен етіп жатқан 330 мыңнан астам адам осындай нәубет көрді. Оларды – Вятька, Вологода, Орынбор губернияларына, ал Сібір мен Приморья азаматтарын – Якут облысына жер аударды. 1915 жылы айдауға жіберетін жерлердің ауданы тағы да кеңейе түсті. Олар: Пермь губерниясының Орал сырт бөлігі, Торғай облысы, Енисей губерниясы. Этностарға келсек, ішінде немістер, австриялықтар, венгрлер, поляктар, еврейлер т.б. болды. Түркі ұлысына қатысты 10 мыңнан аса азамат Олонецк, Воронеж, Калуга, Ярослав, Қазан, Рязань, Тамбов губернияларына, Баку маңына мүйіздеп көшірілді. Бас қолбасшы генералдың штаб бастығы Н.Н.Янушкевичтің 1915 жылы 5 қаңтардағы бұйрығына сәйкес, Балтық теңізінің орыс жағалауындағы 100 верст жер 17 жастан 60 жасқа дейінгі Германия және Австрия-Венгрия азаматтарынан толық тазартылды. Қарсы шыққандар «Германия шпионы» ретінде жауапқа тартылды. 1914-1916 жылдары қазіргі Польша, Литва, Белоруссия территориясынан 250-350 мың еврей Ресейдің ішкі губернияларына күшпен жер аударылды. Соңғы анықталған деректерге қарағанда, 1917 жылдың 1 шілдесіне дейін Ресей им­пе­риясында 7,4 миллион адам отырған жері­нен күшпен көшірілген. Оның 6,4 мил­лионы – босқындар, 1 миллионы – депорта­цияланған еврейлер мен немістер («Mangi el» журналы. – 2016. - № 1. -138 -139-б.).

Бірінші жаһан соғысы ұлттар мен ұлыс­­тар өмірін рухани, әлеуметтік, эко­но­ми­калық тұрғыдан сынағаны өз алды­на, белгілі деңгейде медицинаның ілге­рі­леуіне, әскери техниканың дамуына, ғаламдық үрдістердің сыналуына ық­пал еткені талассыз. Мұның трагедия­сы басым болса да, ақиқаттан қашып құ­ты­ла алмаймыз. Аталған соғыстың соққы­сы мен дүмпуі Ресей империясының қиыр­дағы қазақ, қырғыз, өзбек сынды ұлт­тарын да күйзелтті. Бұл туралы Алаш қа­лам­гер­лері еңбектерінде біршама жа­зыл­ған. Еу­ро­падаға саяси текетірес, соғыс Қазақ жерін­дегі әйгілі 1916 жылғы көтерілісті тездетті.

Әйгілі «Қазақ» газеті осы жылдың ба­сында былай деп жазады: «Бүгін, 9 феу­­­рәлде Г.Дума ашылады. ...Хүкімет Ду­ма­­ның бұл мәжілісіне соғысқа қаты­сы бар бірсыпыра закон жобасын кіргізбек­ші. ...Солдаттық туралы қазақ халқы­ның пікірін, тілегін хүкіметке, Думаға жет­кізу үшін олармен сөйлесіп, жай-жап­сар­­ды түсіндіру үшін әр облыстан бірер өкіл баруы тиіс еді. Самардан Әли­хан Бө­кей­ханұлы, Орынбордан Ахмет Байтұр­сын­­ұлы, Ақтөбе уезінен Нысанғали Бегім­тай­ұлы 3 феурәлде Петроградқа жүріп кетті».

Жалпы Бірінші жаһан соғысына ара­ласқан Ресей империясының да тығы­рыққа тіреліп, майдан әлеуеті үшін жос­парын сан өзгерткені ел арасында тұспал­данып болсын айтылатын. Әзелден Ре­сей империясы шет жұрттарға әскери міндет­керлік жүктемегені ресми де жазылды. Сондықтан күнара ішкі Ресейге жақын татар, башқұрт ағайындардан жетіп жататын «Орталық Азия мұсылмандарын да әскерге алады» деген хабарлар халықты бейжай қалдырмады. «Қазақ» газеті осы мәселеге байланысты халықтың көңіл-күйін орнықтыратын, көп жағдайда ақпа­рат пен түсінік беретін материалдар басты.

Кешікпей Петроградқа барған ұлт өкілдерінің пікірі жарияланды. «Қазақ» газетінің жазуынша, «қазақтан әскер алу кейінгі қалдырылған», нақтырақ айтсақ, бұл жөнінде үкімет пен Мемлекеттік Дума, оның фракциялары кеңесіп, ортақ пәтуаға келетіні меңзелді.

 «А.Б.» бүркеншік атымен жарияланған Алаш қаламгерінің байыптаған ұлт көш­басшысы Әлихан Бөкейхан қазақтың казактар секілді атты әскерге шақырылуын маңыз­ды деп есептеді. Ұлт естиярларының бәрі дерлік замана қалпынан, Бірінші жа­һан соғысынан мейлінше сабақ алуды ұсын­­ды. Мұның да арғы жағында болашақ Алаш әскерінің іргетасын қалау мүддесі тұр.

Нәтижесінде, қазақтан майданға адам алынатын болып шешілген. Бұны айқын­даған құжат – ІІ Николай патшаның 1916 жылы 25 маусымдағы «Бұратана халық­тар өкілдерін тылдағы жұмысқа алу жөнін­дегі жарлығы». Қазақ ішінде бұл «Үйін жар­лығы» (Июнь жарлығы) деп аталып кетті.

Мұнда Қазақстанның, Орта Азияның, ішінара Сібірдің 19 бен 43 жастың ара­лы­ғындағы ер азаматтарын тыл жұмыс­тарына (қорғаныс құрылыстарын және әске­ри қатынас жолдарын салу, майдан өңірі маңайында жолдар салу, т.б.) реквизициялау («жұмылдыру», «әскерге шақыру» емес) жоспарланған. Патша өкіме­тінің жергілікті әкімшілік орындары оны жедел орындау үшін болыс, старшын, ақсақал өкілдері кірген топпен жиналыс өткізіп, «Жарлықты бұлжытпай тез орындаймыз» деген қаулы қабылдаған. Бұл шет аймақтарда патша өкіметіне қарсы халық наразылығының күрт өршуіне әкеліп соқты. Халық ызасы қауға түскен оттай тез жанып, Қазақстан мен басқа да аймақтардағы көтеріліске ұласты.

Отқа май құйған бір себеп – әскер жа­сын­­дағы жігіттердің туу туралы куәлігі­нің жо­ғын пайдаланып, болыстар мен ауыл стар­­шындары қорғансыз азаматтардың жа­сы­­ның асқанына қарамай тізімге қосып, өз та­мыр-таныстарының балаларын жасын өз­гертіп, әсіре пендешілікке ұрынуы еді.

А.Ф.Керенский ІV Мемлекеттік Дума­ның еңбекшілдер («трудовиков») фракция­сының төрағасы ретінде Дала және Түркіс­тан генерал-губернаторлығындағы әскерге алуға қарсы бас көтерулердің себебін анық­тауды арнайы көтерген болатын. Ол осы мәселе бойынша 1916 жылы күзде Түркістан өлкесіне барады. Арнайы құрылған комиссияның хатшысы болып Мұстафа Шоқай бекітіледі. Халықпен, зиялылармен, жауапты азаматтармен пікірлесіп, мәселені байыптаған қайраткер депутат сол жылы 13 желтоқсанда Мемле­кеттік Думаның жабық мәжілісінде біраз деректерді жайып салады. Ол заңгер ретінде 25 маусым жарлығы шикі екенін, ол Ресей империясының негізгі заңдарын бұзатынын айтады.

Алаш зиялылары осынау аласапыран шақта «Қазақты қалай аман сақтап, саяси арнада елдің мүмкіндігін қайтіп арттыра аламыз?» деп ойланды, толғанды. «Қазақ» газеті арқылы түсіндіру жұмысын жүргізіп, халықты қырғынға ұшыратпаудың амалын қарастырды, сабыр мен парасаттың жолын сілтеді.

1916 жылы Түркістанға кіретін Жеті­су өңірінің негізгі бөліктерінде майдан­ға шақыруға (солдат алуға) қарсы тұ­ру көте­рілісі бұрқ ете қалды. М.Тыныш­пай­ұлы генерал А.Н.Куропаткин қабылдауын­да болып, екі тарапқа да пайдалы ұсыныс­тан кейін Пішпек қырғыздарын сабаға тү­суге шақырды. Бірақ мұның да зардапты жағы басталып, Мұхамеджан істі бола жаз­дады.

Жетісу өңірінде жазалаушы жендеттер қырып-жойған адамдарды былай қойғанда, 200 мыңнан артық жан (қазақ халқының 20 пайызы) Қытайға шекарасынан асып, бо­сып кетті (Қасымбаев Ж.Ермұқанов Е.1916 жыл: айтылмай келген ақиқат // «Ақи­қат» журналы. – 1991. – № 11. - 78 -85 б.). Соң­­ғы деректер бұл санды толықтыра тү­се­ді: «Түркістан өлкесінде 1917 жыл­дың 1 ақ­­панына дейін сот үкімімен 347 адам өлім жазасына кесіліп, 168 адам катор­га­лық жұмыстарға айдалды, 129 адам түр­меге қамалды. Көтеріліске қарсы жазалау жорығының салдарынан 300 мың қазақ пен қырғыз, Жетісудың байырғы тұрғындарының төрттен бірі Қытайға ауып кетуге мәжбүр болды». Жетісу қырғыны тарихта өшпестей із қалдырды. Зерттеуші Е.Нұрахмет мына мәліметті де алға тартады: «Түркістан өлкесіне қатысты бұл стратегиялық жоспарды жүзеге асыру ісі 1916 жылдың шілде айында Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы әрі Түркіс­тан әскери округінің қолбасшысы болып тағайындалған, Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» хикаятындағы «кәрі жандарал» деген лақап атпен кездесетін 68 жастағы А.Н.Куропаткинге жүктелді. Аталған қанды жоспарды Жетісу облысында жүзеге асыру Жетісу казак-орысының атаманы, Жетісу облысының генерал-губернаторы И.А.Фольбаумға жүктелді. Осыдан кейін-ақ аяусыз жаныштау басталды» («Qazaqstan tarihy» порталы, 21.08.2020).

Торғай даласындағы қырғынның да шегі мен шеті көрінбеді. Мұндағы қар­сыласулар 1917 жылдың ақпан төңкерісіне дейін ұласты. Большевизм тарихнамасы бұл текетірестегі Амангелді Иманов өлі­мін және осы көтерілісті мифтік тарихқа ұластырып, «Октябрь революциясының даладағы жаңғырығы» ретінде сипаттады. Шындығында, қазақ өлкесіндегі Амангелді көтерілісі немесе басқа да бас көтерулер – ұлттың империяға, әділетсіздікке қарсы бұл­қынысының көрінісі еді. Мұны Сма­ғұл Садуақасұлы 1922 жылдан бастап жаз­ған «Сәрсенбек» романында қисынды түсін­діреді. Намысты, білікті қайраткердің 1916 жыл қасіретіне қайта айналып соғуы­на себеп – ұлт тұтастығын ойлаған елдік мүдде еді.

Сол қырғынға әлі де Алаш зиялыларын кінәлайтындар 1917 жылы ақпан айында жазылған мына деректі (М.Дулатұлы) айналып өтіп жүр: «Жұрттың көбі алғашқы кезде түсінбесе де, соңғы кезде патшаның құрығынан құтыла алмасын білген соң, тыныштықпен кісі беруге айналған екен. Бірақ Торғай хакімдері (воинский начальник) прием белгіленген күннен (20 октябрь) бастап қалаға қазақ кіргізбеген. Қаладағы қазақ біткеннің бәрін абақтыға жапқан. 25 июнь жарлығы жария болғаннан бері халыққа түсіндіріп, кісі беруге үгіттеп жүрген Тосын, Шұбалаң, Аққұм елдерінің болыстарын, бас адамдарын, учительдерді, мұғалімдерді һәм қазақ шенеуніктерін де абақтыға жауып тастаған. Абақтыдан шы­ғар­ғандарын да қалаға тұрғызбастан қырға айдап жіберген. Бұл күнге шейін абақтыда жатқандар бар. Приемға кісілерін әкелген елді де (Шұбалаң ұлысы) қайтарып жіберген. Сондықтан көніп отырған ел қалаға бара алмаған, қаладан далаға, даладан қалаға қазақ қатынастырмаған» («Қазақ» газеті, 02.02.1917).

Бірінші жаһан соғысына байланысты Қазақ даласында ел тұтастығы, еркіндік пен теңдіктің мүмкіндігі, қарапайым құ­қық т.б. мәселелер талқыға түсіп, тіпті толқулардың нысанасына айналып жатса, ішкі Ресейдің көп жағдайда проблемасы тіпті басқада болғанын аңғарамыз. Халқымызда мұны «Біреу тоңып секірсе, біреу тойып секіреді» дейді.

Осы соғыстың қарсаңында үкіметте, Мемлекеттік Думада «әскерге мобилизация кезінде спирттік өнімдерді сатуды шектеу мәселесі» көтерілген. Ресей Ішкі істер министрлігінің 1914 жылы 17 сәуірдегі құ­пия циркулярынан «соғыс басталғанда барлық губернияларда спирттік өнімдерді сатуды тоқтату қажеттігі айтылған». Әске­ри министр В.А.Сухомлинов сол жылдың мамыр айына қарай мобилизация жасалынатын аудандарда ішімдік сатылатын мекемелердің бәрін жабуды ІІМ министрі Н.А.Маклаковқа бұйырады. Бұл басшы 22 шілдеде жергілікті жерлерге қатаң тапсырма береді. Арада 3 күн өтпей Баш­құрт­стан жеріндегі (Уфа губерниясы) Стерлитамак қалашығынан суыт хабар түседі. Осы қалаға запастағы 10 мың әскери адам жиналған екен. Оларға күнделікті тамағына төленбегендіктен, аш әскерилер асханаларды, дүкендерді, арақ-шарап қоймаларын жаппай тонаған. Күзетшілер мен полицейлерге оқ атқан. Бүкіл қалада қорқыныш орнатып, мекемелерді, үйлер­ді тонай бастаған. Уфаның губернаторы П.П.Башилов, қала басшысы К.Д.Рос­тов­цев Петроградқа хабар жіберіп, әп-сәтте 12 мыңға жеткен (жан-жақтан қыл­мыс­керлер қосылған) ашқарақ әскерге шақы­рылғандар 25 мың халықтың аяғын бір етікке тыққанын жасырмаған. Олардың жазуына қарағанда, «бұзақылар қазынаның арақ-шарап қоймасынан 1 мың шелек ішімдік ұрлап, 100 мың рубль шығынға ұшыратқан». Кейін осындай ішімдікке қатысты әскерилердің басбұзарлығы туралы Пермь губернаторы И.Ф.Кошко атынан да хабарланған. Ал Томск губерниясында әскерге шақырылғандар Иркутск-Томск теміржолы бойындағы тамақ ішетін орындардың бәрін талқандаған. Поли­цейлерге бағынбаған. Мұндай ахуал Барнаулда да, Симбирскіде де қайталанған. Ішкілікке салынғандардың бірде-біреуі мұсылман жұртшылығынан болмаған (Первая мировая война и проблемы российского общества. СПб: ГПА, 2014.- 166-171 с.). Бір қызығы, Ресей зерттеушілері архивтерден тапқан осы деректердің бәрі дерлік халықтан жасырылып, «құпия» грифімен сақталынған.

Біз 1914 жылғы Стерлитамак оқиғасын­да қаннен-қаперсіз жүрген башқұрттың, олармен көрші татар ағайынның қиналға­нын сезінеміз. Әрине, ол кезде аталған елдің этностық құрамы басқаша еді. 1914-1916 жылдары Уфа губерниясынан 300 мың азамат әскерге шақырылыпты. Оның есесіне Украина мен Прибалтикадан 60 мың босқын осы елге көшірілген. 17 мың соғыс тұтқыны да Башқұрт жеріне әкелінген. Башқұрттар осы соғысқа 25.459 жылқы берген екен. Халықтың ішім-жемі 30 пайызға қысқартылып, ол да майдан қажетіне жұмсалған (Шушпанов А. Башкирия в Первой мировой войне // Аргументы и факты, 11.11.2018).

Қазақ әдебиетінде де Бірінші жаһан соғысы тақырыбы біршама жырланған. Әдетте ғылыми әдебиеттерде, әдебиет тари­хында бұл тақырыпты «1916 жылғы кө­теріліс туралы өлең-жырлар» деп көр­се­теді. Бұлай жіктеудің объективті де, субъек­тивті де себептері бар.

Шынайы себебі, рас, ХХ ғасыр басын­дағы біршама көркем шығарма патшалық Ресей отары болып келген Қазақстанның амалсыз Бірінші дүниежүзілік соғысқа енгенін, дәлірек айтсақ, соның зардабын тартқанын айғақтайды.

Субъективті болатыны, бұл тақырып­тағы өлең-жырларды жариялау мен наси­хат­тауда «1917 жылғы Октябрь революциясына» екпін түсіру басым. Яғни трагедия мен жасанды оптимизм (төңкеріс) үйлестірілген.

Бірнеше дүркін жарық көрген осы ауыр кезеңнің жыр топтамаларының өзегі – сергелдеңге түскен адам тағдыры. Со­ғыс зардабы, майдан даласы мен адам ба­­ласы арасындағы күрделі, мехнат­ты қа­­рым-қатынас – өлең хаттар мен жол­жаз­­­ба жырлардың өзегі. Ішінде аллего­рия да жоқ емес. Мұнда пікірдің, деректің аста­ры тұспалданады. Оның мағынасын әркім өзінше ұғынуы, түсінуі мүмкін бол­са да, нақты соғыс жағдайында бұл сыр көп­ке таныс. Астарланған, пернелен­ген де­рексіз ұғымдар түсіне қараған­да де­­рек­­ті, тұжырымды ұғымға айналады. Тіп­ті соғыстың алуан сыры, соғыс­құ­мар­лар­­­дың айла-амалы, қаймана халық­ты алда­ған­дар­дың мінез-құлқы алақанда­ғыдай көрінеді.

Ақ патшаға басыбайлы қазақ солдаты – Бірінші дүниежүзілік соғысқа араласқан кез келген әлеуетті деген мемлекеттің, ұлттың солдатымен бір есеп. Екеуінің де ха­қын соғысқұмарлар жеп отыр. Мұны өлең­дері қатталған Темірбай, Байтас, Әкі­мал, Молдаш, Есқайыр, Біржан т.б. азаматтар өмірден ащы сабақ ала жүріп түсінген.

Сонымен, Бірінші дүниежүзілік соғыс­тың мемлекеттер мен ұлыстарға алып келген қайғы-қасіреті болжаған шамадан да асып кетті. Соғысқа себепші болған мемлекеттер миллиондардың өлімі мен елді мекендердің тас-талқан бүлінуін көріп-білгеннен кейін шімірікпестен түрлі сылтау айтып, кінәні басқа жаққа аударумен шұғылданды. Сол нөпірде қорғансыз ұлттардың құқы, есепсіз шығыны мүлде айтылмай қалды. 1917 жылы тақтан құ­лаған ІІ Николай патшаның өзі де Ре­сейде ғасырлар бойы қалыптасқан безбүй­ректіктің, кісәпірліктің құрбаны болды.

Аталған соғыста ел-жер көріп, қара жұмысқа жегілсе де, майданның не екенін жақыннан түйсінген қазақ азаматтарының біразы Алаш автономиясының әскері қатарына еніп, ел қорғандары сапында тұрса, енді біразы шүкіршілікпен қара­пайым қоңыр тіршілік кешті. Мұны кеңес­тік Қазақстанның сәтін салғанда Кенесары ханды ақтап, монография жариялап, жинақ­тар шығарған өліара уақыты былай­ша ба­ғалады: «Ақын (майдандағы. – Д.Қ.) елін сағынады, туған елін жанындай сүйіп, жүрегіндегі ең ыстық сезімді сыртқа шыға­рып жырлайды, бірақ сонымен бірге қазақ жастары жасымайды» (Қазақ әдебиетінің тарихы [редакторы М.Әуезов]. Алматы: Қазақ ССР ҒА баспасы, 1948.- 351-б.)

Міне, осы рух пен намыс Алаш кезеңін­де жаңа деңгейге көтерілді.