Ұстаз • 03 Мамыр, 2023

Бапкерді ел Президенті құттықтады

293 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үстел теннисінен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтыру­шысы, КСРО спорт шебері Эльмира Әлиеваның есімі бүгінде республикаға ғана емес, шет мемлекеттерге де жақсы таныс. Жуырда халықаралық турнирлердің, чемпионаттар мен спартакиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің бапкерін ел Президенті мерейлі жасымен құттықтады. Мемлекет басшысының құттықтау хатын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев табыстады.

Бапкерді ел Президенті құттықтады

«Сіз өскелең ұрпақты тәр­­биелеу ісіне зор еңбек сіңі­ріп, қо­мақты үлес қосып жүр­ген құр­метті педагог, тәжіри­белі жат­тықтырушысыз. Халық­аралық ареналарда еліміздің көк туын асқақтататын жеңімпаздар тәр­биелейтініңізге сенім зор. Алдағы уақытта ауылда да үстел теннисі дамыса екен дейміз. Өйткені бұл – әлеуеті зор спорт түрі», деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Эльмира Әлиева халықаралық дәрежедегі екі спорт шеберін, 20-дан астам спорт шеберін, жастар арасында әлем чемпионы және Азия чемпионатының жүлдегерін тәрбиеледі. Олардың қатарында үстел теннисінен 2022 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы Алан Құрманғалиевтің де бар еке­нін жанкүйерлер жақсы бі­леді.

«Мемлекет басшысының мерейтойыммен құттықтағанына өте қуаныштымын. Шәкірттерім алдағы уақытта халықаралық аре­наларда өтетін жарыстарда жақ­сы нәтиже көрсетіп, жан­күйер­лерді қуанту үшін бар кү­­шімді саламын. Кейінгі жыл­дары Қазақстанда үстел тен­нисі қарқынды дамып келе жат­­­қаны бәрімізді қуантады. Ма­­мыр айында Оңтүстік Аф­рика Республикасында өте­тін әлем чемпионатында то­ғыз спортшымыз ел намысын қор­­­ғайды. Қарағанды облысынан Зәуреш Ақашева мен Алан Құр­манғалиев қатысады», деді Эльмира Әлиева.

Эльмира Әлиева үстел тенни­сімен 11 жа­­сынан бастап айналысып, Қазақстанның бір­неше дүр­кін чем­пионы, Қазақстан құра­ма­сының мүшесі, Бүкілодақтық тур­нирлердің жеңімпазы атанды.

 

ҚАРАҒАНДЫ