Құқық • 02 Мамыр, 2023

Опа бермеген онлайн несие

446 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дүниенің бәрі онлайнға байланған бұл күні баяғы­дай баукеспе жоқ. Ұры-қа­ры­лар түз жорытып, жонын тоздырып әуреге түс­пейді. Есесіне телефон арқылы талайды тақырға отыр­ғызып келеді. Бір кездері құзырлы орындар интернет арқылы жасалатын қу­лық-сұмдықтың өршіп бара жатқанын мәлімдеген еді. Осы күні алаяқтық екі күн­нің бірінде тіркелетін қыл­мыс сипатына ие болды. Содан да болар, бүгінде жа­па шеккендер қарасы қалың.

Опа бермеген онлайн несие

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қарағанды облысының полиция депар­та­ментінде интернет алаяқтыққа байланыс­ты жыл басынан бері 500-ден астам дерек тірке­ліпті. Жақында солардың біразын полиция әшкерелеп, күдіктілер қамауға алынған.

– Ақпараттық технологиялар арқылы жаса­латын алаяқтық жиілеп кетті. Өкініш­ке қарай, ескертулерге қарамастан азамат­тар жиі алданып қалады. Жыл басынан бері облыста интернет алаяқтықтың 508 фак­тісі тіркелді. Криминалдық полиция қыз­меткерлері жедел іс-әрекеттердің барысында бірқатар қылмыс жасаған 8 адамды анықтап, ұстады, – дейді Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Шаһарда алаяқ бар дегенге көңіл се­неді. Ал алақандай ауылда алаяқтық­тың тамыры жайылған деген сөз санаға сыймайтын секілді. Десек те, бүгіннің шындығы сол. Интернет алаяқтық қала тұрмақ, ауыл аймақтарды аралап кеткен. Мысалы, Осакаров ауданының 25 жастағы тұрғыны қарапайым халықты алдау арқылы ауыл адамдарына 12 млн теңге шығын келтірген дейді полиция департаменті. Әккі Осакаровка ауылы тұрғындарының атынан онлайн несие рәсімдеген. Полиция департаментінің дерегінше, күдікті өзінің алаяқтық әрекетін мойындап отыр. Қылмыстық іс 12 дерек бойынша қозғалған. Сонымен қатар Қарағандыда 9 рет алаяқтық жасады деген күдікпен 24 жастағы жігіт ұсталды.

Обалы нешік, полиция қызметкерлерінің халықты сақтандыруында кінәрат жоқ. Онлайн несие, онлайн сауданың опа бермесін айтудан, ескертуден талмай келеді. Дегенмен мұндай ескертулер де әккі, алаяқтарға тос­қауыл болар емес. Бұл арада мамандар әрбір тұрғынға қауіп­сіз­дікті қатаң ұстануға кеңес береді. Әсі­ресе сауда-саттықта белең алған бұл қыл­мыс­тың схемасы оңай. Зер салған адамға бір шикілігі бары да байқалып қалады. Дегенмен сезе тұра, құрыққа ілініп кете­тін­дер көп. Бұл, ең алдымен, психо­логиялық факторға байланысты.

– OLX арқылы үйге тоңа­зытқыш ала қоймақшы болып, хабарландыруларды қара­дым. Ауылда біреуді-біреу алдайды деген ой адам­ның миына келмейді екен. Тоңазытқыш табылды. Хабарландыруда сату­шының аты-жөні, мекенжайы бәрі көрсетілген. Сол өзіміздің ауылдың басында тұрады екен. Онлайн сөйлесіп, бағасын сәл арзандатуға келістік. «Осынша мың теңге аударыңыз, қазір үйіңізге апарамын», деді. Ауыл­дың мекенжайы тұрған соң сендім де, аударып жібердім. Енді телефон шалсам, әлгі телефон өшіріліп тұр. Мекенжайына барсам, онда тоңазытқыш сатқан адам атымен жоқ. Алаяқтарға алданғанымды сонда бір-ақ білдім. Аса көп ақша емес, сол себепті де ешқайда шағымданған жоқпын, – дейді ауыл тұрғыны Құрман.

Онлайннан бөлек, аймақта қазіргі таңда инвестициялық жобаларға қар­жы құю алаяқ­тығы да белең алып барады. Ин­­тер­нет кеңіс­тікте елдегі ірі компа­ния­­ларға инвести­ция салып, қомақты табыс табуға қызық­тырған жарнама, хабар­­­­ландыру көп. Ұлттық ірі компа­ния­­лар­дың логотипіне сенген ел мұның сыр­тында алаяқтар тұрғанын білмей де қалады. Өтініш қалдырған соң брокерлер мен менеджерлер мазаны ала бастайды. Оқытып-тоқытуға, қайда қаржы салуға кеңес бергісі келген «кеңесшілер» сол арада суырылып шығады. Осыдан соң өзіне бекем адам болмаса, алтын табақтан ас ішкізуді уәде еткен оларға еріксіз еріп кетуі әбден мүмкін.

ІІМ Криминалдық полиция депар­таменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай дәл осындай қаржылық схемаға шырма­лып жыл басынан бері 500 адамның алаяқ­тардың құрбаны болғанын мәлімдеді.

– Жыл басынан бері 500-ден аса адам ақшаларын жұмыс істемейтін инвестиция­лық жо­баларға салған. Сонымен қатар кей­бір жағдайда осы мақсат үшін несие рәсімдегендер де бар. Жеңіл ақшаны іздеп жинақтарын жоғалтқандар көп. Алаяқтар ірі компаниялар, оның ішінде ұлттық компания­лар, банктер, криптобиржалардың атынан жалған сайттар құру арқылы азаматтарды қызықтырады. Бұл ретте «менеджерлер» және «брокерлермен» барлық қарым-қатынас онлайн режімде, оның ішінде мессенджерлер арқылы жасалады. Кейбір жағдайларда алаяқтар үлкен соманы тарту үшін бір рет­тік дивидендтер төлейді, дейді Ж.Сүйін­бай.

Расында да, ел арасында бұған да ұрынып, аузы күйгендер бар. Әуеліде дивиденд беріп, соңынан бар қаржысын сыпырып алып, сазға отырғызып кеткен.

– Өзім интернеттен жеңіл ақша табамын деп аз-маз қаражат жоғалтқан адамның бірімін. Әрине, ол қаражат қомақты емес. Бірақ әрі қарай ақша, инвестиция салсам, шырмалып шыға алмауым мүмкін еді. Мен дер кезінде тоқтадым. Оған қоса түрлі компанияларға ақша құюды да ойладым. Бір-екеуіне телефонымды да қалдырдым. Жақындарым мұның алдап-арбау екеніне әбден көзімді жеткізді. Содан соң бас тарттым. Алайда брокерлер сонау Мәскеуден телефон соғып, қоймады, – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Айжан.

Жалпы, уақыт өткен сайын интернет алаяқ­тар да тәсілдерін өзгерте бас­тады. Қулық­тарына құрық бойламайтын алаяқтарға алданбау – әркімнің өз қо­лында. Әдеттегідей, бұл арада берілетін ма­ман кеңесі – қауіпсіздік. Әрі адам жеке басы­ның деректеріне сақ болуы қажет.

 

Қарағанды облысы