Ауыл • 11 Сәуір, 2023

Ауыл жастарын қолдау

399 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауыл жастарына арналған кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы ашылды. Ілкімді істі «Қазақстанның экологиялық қоры» ұйымы қолға алып отыр. Бұл жоба шалғай өңірлерде тұратын 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтардың бастамаларын дамытуды көздеумен қатар, мемлекеттік және жекеменшік иелеріне жәрдемдесуге арналған тиісті бағдарламаларды хабардар етуге бағытталған.

Ауыл жастарын қолдау

Қазір елімізде жастардың жас мөлшерінің ұлғайтылуымен, NEET санатындағы жұртшылықтың үлесі артқаны белгілі. Алайда өткен жыл­дың III тоқсанының өзінде ең жоғары көрсеткіші Ұлытау облысында – 12,7, Шығыс Қазақстан облысында – 8,5, Қарағанды облысында – 9,4, Қызылорда облысында 8 пайыз мөлшерінде анықталған. Сондай-ақ осы санаттағы азаматтардың едәуір бөлігі Маңғыстау облысында – 7,5, Түркістан облысында – 7,3, Ақмола облысында 5,6 пайызды құрады. Осы ретте «Қазақстанның экологиялық қоры» мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өзекті мәселені жаңа жоба арқылы шешпек.

– Жастар әлеуметтік-демо­графия­лық ілгерілеуде және елдің бәсекеге қабілетті ортасын қалыптастыруда маңызды орын алады. Олардың арасында жұмыспен де, оқумен де айналыспайтын адамдар баршылық. Жастардың осы топта ұзақ уақыт болуы олардың жоғары өмір сүру мүмкіндігі мен табыстың тұрақтылығын күрт төмендетеді, көбінесе оларды кедейлік пен денсаулық проблемалары мазалайды. NEET санатындағы жастардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының тұрақсыздығы олардың қылмыстық жауапкершілікке тартылу, наразылық, діни деструктивті ағымдарға кіру қаупін де арттырады. Сондықтан қазір біздің күш-жігеріміз ауылдардағы жастар арасынан шыққан әлеуметтік кәсіпкерлердің іскерлік белсенділігін жақсартуға бағытталу­ға тиіс. Бұл ауылдардағы табысты әлеуметтік тәжірибелерді анықтауға және оларды республикалық деңгейге шығаруға мүмкіндік береді, – деді жоба жетекшісі Айгүл Әбдуалиева.

Жалпы, бағдарлама үш негізгі концепция бойынша жұмыс істейді. Ең алдымен ауылдағы жастардың кәсіпкерлік белсенділігін арттырады. Кейін жастардың жұмыс табудың және бизнес ашудың, гранттар мен микрокредиттерге өтініш берудің, мемлекет тарапынан стартап бастамаларына қатысудың қарапайым дағдыларын үйретеді. Сондай-ақ осы санаттағы халықтың кез келген жауаптылар тарапынан жүзеге асырылып жатқан бастамалардан хабардарлығын арттырудағы кедергілерді талдап, зерттеу жүргізу және оны кеңінен талқылау бойынша ұсыныстар әзірлейді.

– Жоба тек кәсіпкер болуды ойлайтын адам емес, қазірдің өзінде кәсіпкер бола тұра өз істерін ілгерілету жолдарын білгісі келетін жандарға, сонымен қатар әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға мүдделі ауыл тұрғындарын қамтиды. Әр топ үшін біз көмек ұсынамыз және мақсатты байланыс орнатамыз. Осы жылы жоспарланған негізгі іс-шаралардың ішінен еліміздің барлық өңірлерінде кәсіпкерлікке бағытталған мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан бағдарламалар бойынша түсіндірме материалдары бар бұрыштарды іске қосқалы отырмыз. Сондай-ақ аудан орталық­тарында ауыл жастары үшін көшпелі дәрістер мен семинарлар өткізуді жоспарлап отырмыз, онда еңбек нарығындағы трендтер мен онлайн-режімде орындауға болатын перспективалы мамандықтар туралы құлағдар етеміз, – деп түсіндірді бастамаға жауапты мамандар.

Бұл ретте оқыту NEET санатын­дағы жастарды қоса алғанда, кемінде 1 600 адамды қамтымақ. Оларға жыл бойы 17 өңірде жас­тарды жұмыспен қамтуды және олардың кәсіпкерлік деңгейін дамытуды, мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттық бұрыштарды әзірлеп, ауыл жастарын қолдау үшін қоғамдастық пен ақпараттық ресурс дайындау сияқты жұмыстар кешені жоспарланған.