Пікір • 10 Сәуір, 2023

Мәнге ие тәрбие

457 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Адам – адамға қасқыр» деген түсініктің қашан қалыптасқанын анықтау енді қажет пе білмедік, анығы адамзаттың өзі осыдан зардап шегіп отырғанын мойындай бастады. Әуелгіде түрме тұрмысының, қылмыс әлемінің ыңғайына жығылған қу ауыз біреу айта салған болуы керек, сол сөздің жүре келе тұтас ұрпақтың «ұранына» айналып кетуіне бәріміз кінәліміз.

Былай қарасаң, дұрыс та. Тек дұрыс бол­са неге былай қараймыз: жасөспірімнің бо­йындағы жаман әдет, теріс қылықтың бәрі сырттан келген, жаттан жұққан сияқтанады. Әйтеуір өзіміз таза, кіршіксіздей көрінеміз. Шынтуайтында, бүгінгі баланың зәредей асау қылығының өзіне қоғам жауапты екенін ұмытпауымыз керек еді. Бұл жерде қоғам деген ұғымға ата-ана, мектеп, қала берді мемлекеттің де тиісті механизмдері еніп кетеді.

Тәрбие мен білім берудегі көпе-көрінеу қателіктің ұрығы тез өнеді екен. Мұның нәти­жесін бірер күн бойы интернеттің қазақша сегментінде мың сан қаралым жинаған бейне көріністерден-ақ байқадық. Көзбейнедегі көріністер... балалар мен жастардың қолы­мен жасалған асқан қатыгездік әрекеттері. Сұмдық оқиғаның бірі ел өңірі арасында­ғы ең қазақы деген аймақ – Қызылордаға қарасты Қазалы ауданында болса, бірі қала мәдениетіне ерте кіріккен, өндірістің үлкен ошағы ретінде өркениеттің де алдымен ор­ны­ғатын қаласы – Өскеменде өткен. Мән-жайы мынау: әлімжеттік, топтық төбелес, қорлау, заң бұзу... Қоғамды тіксінткен екі оқиғада да жасөспірімдер қатысқан. Бірінде ұйымдасқан топ бозбаланы тепкінің астына алса, екіншісінде «жүрегінде түгі бар» жас қыз екінші әлжуаз бойжеткенді сабап жатты. Бұл жағдайды «Egemen» кеше жазды, бүгін де оралып отыр. Мұнан бөлек, мектептегі бала құқығының бұзылуына қатысты және бір мақала жарияланады арғы нөмірде. Мұны айтудағы мақсатымыз, қоғам тарапынан қоз­ғау салынып, қадағалауға алатын оқиғалар­ға көз жұмып қарап отыруға болмайтын­ды­ғы ғана және мұндай әрекеттерге құқық қорғау тұрғысынан жедел баға берілуі мен әділдіктің үстемдік құруына деген сенімді нықтау екенін де ескертеміз.

Әрине, балалар мен жасөспірімнің әдеп, дәстүрді аяқасты ететін қылықтары мен адам құқы­ғы, заң талабын өрескел бұзатын кез келген әрекетін айыптап қана отыру аздық етеді. Жазалаумен де қанды іріңі бетіне шыққан мәселені түбегейлі шешу қиын. Егер мұны қоғамның дерті дейтін болсақ, оның жұқпа­лы ауруға айналуының алдын алу керектігі дау­сыз. Бәрімізде осының уақытын өткізіп алмадық па деген қауіп бар және ол қауіп бүгін ғана төнген жоқ. Біз осы оқиғалар ар­қылы қазір өмір аренасына атойлап шыққан жас толқынның білімі мен тәрбиесіне қатыс­ты аға буын мен мемлекеттік идеология­ның жіберіп алған қателігінің салдарын көрген­дей боламыз. Оның бір мысалын мәдени экспан­­ция арқылы ұрпақ санасына сіңірілген қаты­гез­дік идеясынан іздейтінімізді жоғарыда айт­тық. Ұзақ жылдар бойы көгілдір экран мен ғалам­тор арқылы қолжетімді болған киноөнді­ріс­тің өнімдерінде әлгі айтқан «адам адамға қасқыр» деген «ұран» ашық айтылып келді. Көрген шығарсыз, әсіресе ресейлік сериалдарда Құдай сөзіндей дәріптелетін қылмыс әлемі «серкелерінің» уағызын тыңдап, қылмыстың барлық түрі үшін ешқашан жазаланбайтын кейіпкерді кумир етіп өскен ұрпақтың қазіргі «кері байланысы» осылайша болатыны белгілі-тін. Өкінішке қарай, біздің қоғамдық жүйе ұлттық құндылықтардың жетегімен жүрмей, әсіреқызыл идеологияның құрбандығына шалынғандығын енді ұқтық. Көре де беретін шығармыз әрі өз қолымызды өзіміз кесе алмай отырамыз ба?

...Қоғамнан жеке басқа өтейік. Мұндай жағдайды жеке-жеке талқылап, әркім өз әлін­ше әрекет қылғаны дұрыс болатын шығар. Өйткені әркім өз баласына жауапты ғой. Мұнан бөлек ертең өкінбес үшін, бүгін істеуіміз керек нәрселер бар. Не істеу керек? Өскелең жастың жүрегіне ізгілік нұрын құя аламыз ба? Кімнен үйренеміз мұны? Мысалы, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...», Абайдан.

«Адамның адамға бауыр» екенін ұғыну үшін көп дүние керек емес. Біздің бір досы­мыз айтқан әңгіме еді: «Ұлымды 6 жаста қолынан жетектеп музыкаға апардым. Одан биге. Би болғанда да спорттық балл биі болатын. Таныстарым күлді. Олар баласын бокс, карате, күреске берді. Ал менің ұлым би тобындағы жалғыз қазақ баласы болды, ол тіпті орысша түсінбейтін. Кейін балалар өсті. Ұл би мен музыкадан лауреат атанып, өнер саласына шетелге оқуға кетті. Ал ұлы спорт секциясына барып жүрген танысым жиі ашуланатын. Қара күш пен әбжіл әрекетке бейім бала кәмелетке толмай полицияға түсіп үлгерген...».

Мәнге ие тәрбиенің көзін тапқанша іздене береміз, осылай...