
Мәселен, бірталай мектеп, балабақша, колледж ғимараттарында арнайы күзет қызметі жоқ, турникет, дабыл нүктесі тәрізді сақтану құрылғылары орнатылмаған. Ал сырттай бейнебақылау жүйесі бекітілген талапқа сай емес. 159 білім мекемесіндегі бейнебақылау құрылғылары ауыстыруды қажет етеді.
Таяуда прокуратура мен қалалық білім бөлімі облыс орталығында орналасқан бірнеше мектепке тексеру жүргізіп, ондағы мамандандырылған күзет қызметінің қырағылығын сынап көрген. Нәтиже көңіл көншітпейді. Тексеру өткен 5 мектепте де күзет қызметінің салғырт жұмыс істейтіні анықталды.
Қостанай қалалық прокуратурасының аға прокуроры Элмира Нұрқанова өзі тексеріп шыққан мектептің біріне сөмкесіне жалған граната салып кіріп кеткенін айтты. Білім ордасына келген бейсауат жанның сөмкесінде не жатқаны ешкімді қызықтырмаған.
– Менің әріптесім, тіпті, «гранатасын» сөмкеге жасырмай-ақ, қолына ұстап өтіп кетті. Талап бойынша, мектепке келген сырт адамды күзетші металл іздейтін құрылғының көмегімен тексеріп шығуға тиіс. Егер құрылғы белгі берсе, күзетшінің әлгі адамның, мәселен, сөмкесін тексеруге құқы бар. Алайда мұның бірін де істеген жоқ. Сонымен қатар сыртқа шығатын эвакуациялық жолдарды тексердік. М.Горький атындағы №19 гимназияның эвакуациялық есігі құлыптаулы болып шықты. Пульттік күзет қызметі де өз міндеттерін дұрыс атқармайды. Келісімшарт бойынша қызмет көрсететін пульттік күзет шақырту түсірген нысанға 5-10 минуттың ішінде жетуге тиіс. Ал №14 мектептің пульттік күзет қызметі дабыл нүктесі басылғаннан кейін, 27 минуттан соң ғана келді, – дейді аға прокурор.
Прокуратура тексеру барысында анықталған кемшіліктерді тізіп көрсетіп, қалалық білім бөліміне ескертпе хат жолдаған. Білім бөлімі өкілдерінің айтуынша, мектептердегі мамандандырылған күзет қызметі таяуда ғана жұмыс істей бастаған. Қазір күзет қызметіндегі кем-кетіктердің орнын толтыру жұмыстары жүріп жатыр. Мысалы, мектеп күзетшілеріне жасына қарай шектеу қойылды. Бұдан былай жасы 50-ден асқан азаматтар білім мекемелерін күзету жұмысына қабылданбайды.
Ал енді бейнебақылау мәселесіне келсек, облыстық білім басқармасының есебінше, ескірген бейнеқұрылғыларды жаңартуға 166 млн теңге қажет екен. Бұған дейін осы мақсатқа бөлінген 99,5 млн теңге 99 мектепті жаңа құрылғымен қамтамасыз етуге жетеді. Қалған нысандарға бейнебақылау орната қоятындай қаржы болмағандықтан, басқарма облыс бюджетінен 66,3 млн теңге бөлуді сұрап отыр. Бұл қаржы бөлінсе, өңірдегі балабақшалар мен мектеп, колледждердің бейнекамералары толықтай жаңартылатын болады.
Қостанай облысы