Халық • 20 Ақпан, 2023

Тілектес жұрттың жәрдемі

297 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түрік бауырларымыздың басына түскен ауыр қайғыны төрткүл дүние бөлісіп жатыр. Әлем қайырым жасауға жұмылды. Оның арасында тегі мен тілегі бір біздің ел де бар. Қарағанды аймағынан түрік бауырларға 4 тонна қайырымдылық көмек жол тартты.

Тілектес жұрттың жәрдемі

Қайырым жасаудан Қарағандыда қалыс қалғандар кемде-кем. Кәсіп­кер­лер қаржылай және қажетті тауар түрінде қол ұшын созса, көпбалалы аналар мен студенттер қауымы ак­ция­ға мұрындық болды.

«Кәсіпкерлер ақша және қажетті тауарлар түрінде гуманитарлық көмек көрсетті. Бұл – ірі компания­лар, орта және шағын бизнес өкілдері. Олардың арасында Түркиямен биз­нес-серіктестік орнатқан кәсіп­кер­лер де бар», дейді Қарағанды об­лы­­сының кәсіпкерлік палатасының бас­пасөз қызметі.

«Шаңырақ» көпбалалы отбасылар орталығы қайырымдылық аясын­да жиналған қаржыға Осакаров ауда­нындағы тігін цехынан жүзден аса көрпе сатып алды. Ал Ақтоғай ауданындағы көпбалалы ана Дәмет Дуанбекова зардап шеккен бауыр­ларға арнап, көрпешелер тігіпті. Қайырымдылық аясында көп­теген көрпе-жастық, балаларға ар­нал­ған заттар, жөргек және өзге де қажет­ті­лі­ктер жинақталған екен.

Қайырым жасаудан жоғары оқу орны студенттері де тысқары қалған жоқ. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті студенттері осы мақсатта жәрмеңке ұйымдастырғанын атап өткен жөн. Олардың арасында мехенди шеберлері де, экожобаға қаты­су­шы­лардың өнімдері де бар. Түскен 2 млн теңге көлеміндегі қаражат түрік бауырларға жіберілген.

Ал облыстың Жастар ресурстық орталығының жанынан ашылған гуманитарлық көмек жинау пунктінде еріктілер күнде кезекшілік атқарады. Еріктілер қараша халық әкелген зат­тарды қабылдап, оны сұрыптап, буып-түйеді. Халық көбіне киім-ке­шек, төсек-орын жабдықтарын әкеп беріпті.

«Қарапайым адамдардың осынау игі істе белсенділік танытқаны қатты қуантты. Ересектермен бірге олардың балалары да, немерелері де келді. Егде жастағы ерлі-зайыпты адамдар бірнеше жаңа көрпе, балалардың жаңа аяқкиімдерін тапсырды. Халық бейжай отыра алмаймыз деп, шын жүректен көмек беріп жатыр», дейді фронт-кеңседегі жастар.

Мұндай жинақтау пункттері облыс­тың барлық қала-ауданында ұйым­дастырылды. Халықтың шынайы пейілі мен ыстық ықыласын ар­қа­лаған бұйымдар Түркия елші­лі­гі­не жіберілді.

­

Қарағанды