21 Маусым, 2014

Елбасының сыйлығы

275 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
– Шілденің 6-сы күні Жоғарғы Ке­ңес­тің жалпы отырысы болады. Пре­зидент қатысады. Каникул содан кейін... Бізге, он үшінші шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаттарына 1994 жылғы маусымның соңғы күндерінде мәлім болған бір жай осы еді. Мәлімсізі – оның күн тәртібі қан­дай: қай заң жобасы немесе нендей мәселе талқыланады? Ал, күні кеше алынған Тәуелсіздіктен соң елдің күллі өмірі саяси да экономикалық терең өзгеріске түсуіне байланыс­ты кеңестік кезеңнің көптеген заңдары қолдануға жарамсыз болып қалғандықтан олардың орнына қабылдануға тиіс жаңа жобалар да, қабырғасы қатып, бұғанасы бекіп үлгермеген жас мемлекеттіліктің алдында тұрған өте өткір әрі жедел шешуді талап ететін сан саланың сан сипаттағы мәселелері де, құдай салмасын, аса көп еді. Екі-үш ғасырлық бодандықтан босап, азаттыққа бірден бой үйреніп кетпегенімен, қуаныш құшақтағандай күйде жүрсек те жағдай адам айтқысыз ауыр болатын. Бар салада, бар аймақта күйреуге бергісіз құлдырау. Өндіріс орындарының басым көпшілігі толық тоқтаған. Тоқтамаған бірен-саранының шығар-шықпас жаны бар. Ба­ғаны ырықтандыру, солақай жеке­шелендіру секілділердің салма­ғынан ауылдың шаңырағы шай­қалып тұрғаны анау. Денсаулық сақтау, оқу-білім секілді әлеу­меттік салалардың да халі мүшкіл. Жалақы, зейнетақы жөніндегі қарыз шашетектен. Соған қара­мастан алакеуім, аласапыран шақты қара бастың қамына пайдаланып, ел дәулетіне қол сұққан, қайтарымсыз несие алу түрінде онсыз да оңып тұрмаған қазынаны тақырлауға жатпай-тұрмай тал­пынған ашкөз пысықайлар да тұс-тұстан андыздап шығып жатты... Міне, осылайша олқы-толқы күн кешіп, тірлік етіп жатқан Жоғарғы Кеңестің 6 шілдеде болуға тиіс әзірге жұмбақ жиынында қым-қуыт қыруар мәселенің қайсысы қаралар екен дегенді жорамалдағанда нақты жауап табылмаған соң өз басым өзіме қажетті бір байлам жасадым: «Алматы» мейманханасының төсегін тоздыра бергенше маза­лаңқырап жүрген дертіме аз күн болса да, жеңіл-желпі ем алайын дедім де, ол кезде жұрт «Совминдікі» дейтін ауруханаға кеп түстім. Палатаға жайғасқан соң аулаға шығып дөңгелек көлеңкелі бастырмаға беттедім. Онда бір бейтаныс жігіт отырған сияқты еді, жақындай келе көзге оттай басылды: сонау жетпісінші жылдардың басында елді елең еткізіп, сүйіктісіне айналған «Қыз Жібек» фильміндегі Төлеген!.. Яғни, актер Құман Тастанбеков. Құман әдепті жігіт екен – орнынан тұрып жылы ұшырай сәлемдесті. – Сіз Төлеген – Құмансыз ғой, өте жақсы!.. Ал, мен,.. – дей беріп едім, ол сөзімді бөліп кетті. – Сіз депутатсыз. Аты-жөні­ңізді де білем... Қайтадан қол алыстық. Жү­зіне зер салсам, Құман өткен жиырма шақты жылда біраз өзгерген секілді. Кинодағы толқын-толқын шаш сиреңкіреп, өңіне, көзінің төңірегіне болар-болмас, жіп-жіңішке әжім пайда болыпты. Денсаулық жағдайынан шығар, жүдеулеу көрінді. Тек кісіге тазалықпен, серілікпен түсетін жанардағы жарқыл ғана өзгермеген сияқты... Ойда-жоқта осылайша таныс­қан талантты актермен ертелі-кеш жиі кездесіп жүрдік. Оның сырқаты ашты-тоқты жүретін студенттің көбіне тән боп, кейін де іште қала беретін гастрит дейтін бірдеме екеуара әңгімемізге кедергі бола алған жоқ. Ол менен елдің жайы, билікте қаралып жатқан мәселелер, халықаралық жағдай туралы сұрастырады, өз пікірін ашық айтады. Ал, мен одан кино, театр жайлы, әсіресе, «Қыз Жібектің» түсірілуі, Қыз Жібек – Меруерт екеуінің отбасы туралы көбірек сұраймын. Меруерт демекші, бірде сыртқа шықсам, бастырма астындағы орындықта ерлі-зайыптылар әңгімелесіп отыр екен. Мені байқамады. Мен де көрінбеуге тырысып, сырттан бақыладым: өмірдегі Қыз Жібек пен Төле­генге солайша қарау біртүрлі қызық сияқтанды... 5 шілде күні кешке қонақ үйге кетіп бара жатып Құманды жолықтырғанымда оған ертең үлкен жиналыс болатынын, бірақ, әзірше қандай әңгіме айтылатынынан бейхабар екенімді жеткіздім. Ол қызыққандық рай танытып: «Ертең осында келгеніңізде мен сияқты сайлаушыға бәрін айтып беріңізші?» деп күлді. Мен уә­де еттім. Бірақ ертеңіне ол уәдені ор­ындай алмадым. Жамбылға асығыс атт­а­­нуға тура келді. Ал, егер сол жолы Құ­манға жолыққанымда оған айтылар жай­лар мен толғантқан ойлар аз да емес еді... *   *   * Жұмысын аз ғана ай бұ­рын бастаған Жоғарғы Кеңес­ке Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың келуі сиремейтін. Көбінесе өте бір күрделі мәселелер талқыланып, талқылау шиеленісе келе түйінге айналған тұстарда келіп, түйінді тарқатып тастайтын. Ол кісінің 6 шілдедегі келісі бұрынғыларының біріне де ұқсамады. Ұқсамайтыны күн тәртібіне Президенттің ұсы­нысымен тым тосын да батыл мәселе қойылды: мемлекет астанасын Алматыдан Ақмола қаласына көшіру туралы. Рас, бір-екі ай бұрын ел ішінде ұзынқұлақ арқылы «не дейсің, Ақмола астана болайын деп жатыр» деген жіптіктей бір жіңішке сыбыс жүрген. Бірақ, оған ешкім онша мән бере қоймай «жәй, еріккен біреудің айта салғаны да» дей салған, жіңішке сыбыс үзілген. Енді, міне, әлгі сөз асүйде немесе дәлізде емес, мемлекеттік биік мінберден Мемлекет басшысының аузымен айтылып тұр. Әуелгі әзірдегі тыныс ішке тартылған жым-жырттықтан соң «Ау, елдің жағдайы болса мынау! Ыңыршақ айналған уақыт. Бұл не сонда?!» деуден басталатын сан-сұрақ ой-сананы сұққылай жөнелсе де Нұрсұлтан Әбішұлы сөз алып, өз пайымдауларын, уәждерін, болжамдарын ерекше бір нық сеніммен, болашақ ғажайыптарды дәл бір көзбен көріп, қызығып тұрғандай құштарлықпен баяндай бастасымен көбіміздің көңіліміз сабасына түсіп қана қоймай өзіміз де елігіп бара жатқандаймыз... Елбасының айтуынша, Алматы аумағы алып Қазақстанның бір бүйіріне әрі шетелдерге тым жақын орналасқан. Оның үстіне тым жөнсіз, жобасыз далиып өсіп, жаңа заман, жас мемлекетке лайық аса сәулетті әрі күрделі ғимараттар тұрғызып, көлік кептеліп, жаяу тығылыспайтындай кең көшелер тартуға да таршылық етеді. Ал, Арқадағы Ақмола болса, елдің қақ ортасына орналасқан, тоғыз жолдың торабы. Алдын ала отыз екі параметр бойынша жасалған зерттеулер нәтижесінде астана болу талаптарына толық жауап беретіні анықталып отыр. Географиялық жағынан ғана емес, елдің геосаяси, экономикалық мүдделеріне де сай келеді. Еуразияның кіндігі. Негізінен инвестиция тарту арқылы салынатын жаңа елорда халықтың республика аумағына біркелкі қоныстануына да жағымды ықпал жасайды. «Біркелкі қоныстану...».  Асы­лы, ел басқарған қайбір сая­саткер де қолында керемет құдірет бола тұра турасынан аттап емес, айналып өтетін сөздік бөгесіндер болатын тәрізді-ау. Ішкі, сыртқы шетін жағдайлар айтпағын ашықтан ашық жайып, ақтара салмастан абайлап ишарамен, емеурінмен жеткізуге мәжбүрлей ме, қалай... Әйтпесе, әлгі жатық та жуастау сөздердің астарындағы ащы шындықтарда отаршыл саясаттың салдарынан, әсіресе, теріскей облыстарда қазақтардың үлес салмағы күрт кеміп кеткенін, тіпті, кейбір тұтас елді мекендерде жоқ­қа тән екенін, осы өрескел көрі­ніс­ті жөнге келтіруге, көпшілігі оңтүстік белдеуде шоғырланған қандастарымызды бар аймаққа жайластыруға астананың Алатауда емес, Арқада, Батыс Сібір ойпатына таман, Есілдің бойында болуы күшті ықпал жасайды, басты мақсатымыздың бірі де сол деп дәл қазір ашық айтып көрсінші? Мына залда шығатын шулыған сөз де, ел ішінде, әр қадамымызды қалт жібермей аңдып отырған, «орыстілділердің» бәрін отандасымыз дейтін алып көршіміздегі даукестер не демек? Негізінен ұлтымыздың кеңпейілдігі мен Елбасының сарабдал ақыл-парасатының арқа­сында сақталып отырған елішілік татулықтың тағдыры қандай сілкініске душар болмақ?.. Көзге елестетудің өзі қиын... Бірақ, кім қалай десе де шындықтың дәмі удай, демографиялық тұрғыдан демікпенің күйін кешкендей едік. Солтүстік аймақтарда өзім көрген бір жайлар еріксіз еске түсті. Алпысыншы жылдардың аяқ кезінде Қазақ радиосының тілшісі ретінде Целиноград облысының «Новорыбинск» кеңшарына барып, басшыларынан сөзін үнтаспаға жазып алатын бір озат қазақты атауын сұрағанымда олар бөлімшелердің біреуінде біреудің бар екенін әрең еске түсірген. Онда да аты-жөнін білмейтін болып шықты, «скотник» дей салған. Оңтүстіктен барған маған сонда алғаш рет «қазақсыз да Қазақстан болады екен-ау!» деген сұмдық құбыжық ой келген. Ол ой одан соң Павлодар, Қостанай жағында болғанымда да жағамнан алған. Арада көп заман өткеннен кейін де, 1992 жылы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Гартманнан Петропавл тұрғындарының 6-ақ пайызы (!) қазақ екенін білгем. Тоқсан бірдің желтоқсанында Горбачевтің «тың игеру жылдарында Ресейдің бес облысы Қазақстанға өтіп кеткен» деп сандырақтауына осы жағдай себеп болмады ма екен? Ал одан бір жыл бұрын Америкада жатқан Александр Солженицынды да «Комсомолская правдаға» «Как нам обустроить Россию?» деп ұлан-асыр мақала жариялап, Қазақстанның Атырау мен Семей аралығындағы оңтүстік белдеуден («южный рог») басқа барлық облыстары Ресейге қарау керек деп айдай әлемге жар салуға қай түлен түртті?.. Оның мұнысына жауап ретінде «Қазақстанда айдауда жүргенінде қазақтан көп жақсылық көрген адамның мұнысы барып тұрған оңбағандық!» деп Мәскеуде, КСРО Журналистер одағының съезінде мен де ашына жар салдым... Империялық амбицияның уын ішіп, уытына қызғандар айтарын айтты, әлі де айтар... Ал, жағдайды түзеуге, «біркелкі қоныстануға» апаратын жалғыз жол – Президент ұсынып тұрған астананы көшіру емес пе екен шынында?.. Осындай бір ой желісін қы­зу басталған талқылау үзіп жіберді. Жақтап та жатыр, қар­сылар қарасы да аз емес. Жақ­таушылар Елбасының осынау тарихи әрі аса батыл ұсынысына тек бүгінгі күннің тұрғысынан қарау көрбілтелік қана емес, үлкен қателік те, ел дамуы тармақтарының бір күре тамырына балта шабу болып табылады дей келіп, тәуелсіздікке жақында ғана қолы жеткен елдің ертеңін, тіпті, алыс болашағын тап қазірден ойлап, қазіргі және келешекте туындайтын мүдделеріне, проб­лемаларына үйлесімді әрекеттер жасау қажеттігіне тоқталды. Ұсынысты қолдауға үндеді. Ал, қарсы жақтың алдымен алға тартары – экономикалық терең дағдарыс, қаржылық жоқшылық, әлеуметтік сілкіністерге апаруы әбден ықтимал ауыртпашылықтар. Біреулер айтылар уәждерінің салмағын арттыру үшін аздап тарихқа да сапарлағандай болды. «Герберт Уэллс «Кремль қиялшылы» деп кімді атаған, білесіздер ме?.. Иә, Ленин жолдас­ты атаған. Қиялшыл екенін тарих растаған жоқ па? Ленин жолдас орнатпақ болған коммунизм қайда қалды?.. Мынау да сондай қып-қызыл қиял ғой...».  Екінші біреулер берірек жылжып, Германияның үрдісін үлгі етті. «Күш-қуаты жағынан әлемдегі алдыңғы елдердің қатарындағы Германия мен Қазақстанды салыстыруға бола ма? Болмайды, әрине. Солай бола тұрса да немістер астанасын Рейн жағасындағы Боннан Шпреедегі Берлинге он жыл мерзімде көшіруді көздеп отыр. Ал, біз болсақ?... Үйді жыға салып түйеге артатын көшпенділер заманы емес қой қазір...».  Бұған қарсы айтылған уәж: «Дұрыс, Қазақстанды Германиямен салыс­тыруға болмайды. Тарихи, гео­саяси, әлеуеті жағынан да Гер­мания Еуропадағы әбден қалып­тасқан, дәстүрлі мемлекет. Ұлттық құрамы да бірыңғай дерлік. НАТО-ға мүше. Оған кім қатер төндіре алады? Ешкім де. Ал, біз болсақ?.. Әсіресе, ол елдің экономикалық күш-қуаты таңдай қақтырарлықтай, жыл сайын өсіп отыратын ішкі жалпы өнім, жан басына шаққандағы табыс көлемі... Меніңше, астананы көшіру – парадокс десеңіз де мейліңіз, осылардың бәріне де серпіліс, сілкініс беретін сияқты...». Ақыры қызылкеңірдектердің үні де саябырсып, пікірлер амплитудасы да біршама айқындалып, Қазақстан Республикасының астанасын Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшіру туралы Президент ұсынысы дауысқа салынды. Аз ғана басымдықпен мақұлданған қаулы қабылданды. Қалай болғанда да, қалың жұртшы­лықты елең еткізген шешім әртүрлі рәуіште қабылданды. Біреулер таңданса, біреулер «бұл өкімет көрпеге қарай көсілмей ме?!» деп қынжылды. Кейбір ақшалы ілкімділер Ақмоладан ертерек үй-жай, дүкен, базар сатып алуды лезде ойластырып та қойыпты дегенді де құлақ шалды. Ал, бейресми дейтін басылымдардың кейбірі отырыс өткен күннің ертесінде-ақ «Жоғарғы Кеңес астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру жөніндегі ұсынысын қолдап Президент Назарбаевқа оның туған күніне орай сый-сияпат жасады» деп мысқылдады. Расы керек, оған дейін жастайымыздан Лениннің, Сталиннің туған күндерін жаттап өссек те, өзіміздің тұңғыш Елбасымыздың туған күнін білмейді екем. Ал, сый жағына келсек, шындығында оны кім кімге ұсынды? Назарбаевқа ма? Әлде Назарбаев Жоғарғы Кеңеске, Жоғарғы Кеңес арқылы Қазақстан халқына ма?.. Бұл сұрақтың да жауабы нақты, біркелкі болған жоқ. Ақиқатты айту алдағы күннің еншісінде қала берген онда. Араға аздаған жылдар түсіп, ол мезгіл де жетіп, жауапты қазақтың жайшылықта жуас көрінгенімен шынтуайтында ерлік, өрлік мінезіндей асқар Алатаудан көшіп, қазақтың кең пейіліндей алтын Арқаға толған Айдай болып толықси орнаған Астананың өзі берді. Бұдан аттай жиырма жыл бұрын Елбасы өзінің туған күнінде елімізге орасан зор аса қасиетті сыйлық жасапты! Әр қырының жарқылы жылдар өткен сайын жарқырай түсер кіл жақұттан жасалғандай ғажайып қала сыйлапты! Мұндай сыйлық үшін алғыс айтылды, жүз жылдап, мың жылдап айтыла берер... Алатаудан Ұлы көш қозғалған, мәреге жеткен 1997 жылдың 10 желтоқсанында елорданың келуі­не байланысты Ақмо­ланың тым жадағай, жұпыны Жастар сарайында өткізілген алғашқы жиын­да Елбасы: «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген. Көшіп келдік. Көш жүре түзеледі. Түзейміз! – деген еді. Құдайға шүкір, айтқаны келді, дегені болды. Есілдің оң жағалауына заманаға сай жаңартылған қала, Есілдің сол жағалауына бейнебір аспаннан түсе қалғандай өте жылдам, мүлдем жаңа және де негізінен қазақ жастарының өз қолымен қала орнады. Қала болғанда қандай! Түнгі мезгілдің өзінде жарқ-жұрқ етіп нұрға бөленген Ақорда, Әзірет Сұлтан мешіті, Бәйтерек, Тәуелсіздік ескерткіші, Хан шатыр, Астана Опера, бірінен бірі сәулетін салыстыра жарыстырғандай, бірақ біріне бірі ұқсамайтын салтанатты ғимараттар, тұрмысқа мейлінше жайлы тұтас кешенді тұрғын үйлер, Пушкиннің Невасындай екі омырауы таспен әшекейленген Есілдің айнадай айдыны, Штраустың Дунайындағыдай өрнекті көпірлер... Осының бәрінен биік, көк төбе үстіндегі заңғар тұғырында баяу самалмен барынша жазыла желбіреп тұрған әр қазақтың көзіне де, көңіліне де ыстық, керек десеңіз, жанынан да артық көретін алып көк Ту!.. Маған кейде Астананың 700 мыңдай тұрғыны ғана емес, Қазақстанның 17 миллион халқы түп-түгел жиналып, нақ осы Туға бас иіп, тағзым етіп тұрғандай боп көрінеді... Әйткенмен, жалғыз өз отандастарымыз ғана ма? Қазірде күннен күнге күллі адамзат қауымдастығының бүгіндегі және болашақтағы өмір-болмысын болжап ақылдасатындай әлемдік бір орталыққа айналып келе жатқан Астанаға дүниенің шартарабынан кімдердің жолы түспейді дейсіз. Олар да (іштерінде бір антұрғаны болмаса) көк Туға құрметпен қарайды. Туға құрмет – Ел­ге құрмет. Елбасы бас­таған ­Қазақ­­­­­стан ол құрметке өзінің тәуел­­сіз­дік алғалы бергі бейне­тімен, күресімен, ізденістерімен, ақ пейіл, адал ниетімен ие болды. 2050 жылға дейін жүрер жол, жетер мақсатын белгілеп алған Ел өмірінің осынау сипаттары еш­қандай да өзгермек емес. Өйт­­­­кені, олар нағыз адамгершіл, гуманистік қоғамға ғана тән сипаттар... Астанага кошу *   *   * Мынау жазбама нүкте қоюға ыңғайланғаным сол еді, көз алдыма Төлеген – Құманның бейнесі келді. Құманға ойша тіл қаттым. – Жоғарғы Кеңестің 1994 жылғы 6 шілдеде өткен жиынында болған тарихи әңгімені өзіңе ертеңіне емес, жиырма жыл өткен соң баян қылдым. Ғафу ет. Жалпы, өзің де білсең керек, Тағдыр, Тарих дейтін кереметтер кейде Күн нұрындай шуақты, кейде сұрапыл боп кетеді ғой. Ал, біздің сонау кезде Елбасының Астана жөніндегі ұсынысын талас-тартыспен болса да қолдаған сәтіміз – тарихтың сәтті сәті екен ғой. Сен де осы пікірге келісерсің деп ойлаймын, Құманжан... Арғынбай БЕКБОСЫН.Тараз.