20 Маусым, 2014

Мен кәміл сенемін!

604 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Болашактыктармен Жақында Интернеттен Мұхамеджан Тазабековтің өлеңіне жасалған клипті көрдім. Елбасы жөнінде, оны жақтаушылар мен даттаушыларға арналған екен. Сол клип маған терең әсер етті, ой салды және осы мақаланы жазуға жетеледі. Елімізде Елбасын асыра мақтаушылар да кездеседі, ол кісінің істегенін жоққа шығарып жамандаушылар да баршылық. Менің ойымша, осы адамдардың екі жағы да Елбасына, елге жаны ашымайды, елдің келешегін ойламайды. Осы екі топ та тек қана өз мүддесін ойлап, өзіне көпшіліктің назарын аударғысы келеді. Біріншілері жағыну арқылы Елбасының жанына жақындауды ойлайды. Екіншілері: «Бұл қандай батыр да батыл адам еді», деген атаққа ие болғысы келіп, өзін халықтың мұңын  жоқтаушысы ретінде көрсеткісі келеді. Олардың арасында кеше ғана Елбасының жанында болып, сеніміне бөленіп, командасында жұмыс істегендер де бар. Кешегі жағыну мен бүгінгі жамандаудың арасы ұзақ болмағаны ойландырады. Қалайша? Елбасы басшылық жұмыс берсе – жақсы да, ондай жұмыс бермесе – жаман болғаны ма? Сонда олар қашан шындықты айтқан: бұрын ба, бүгін бе? СветаМен де әділеттіктің қара қылын қақ жарамын деуден аулақпын. Бірінші­­­ден, пендемін. Екіншіден, Елбасы коман­дасы­ның адамымын. Үшіншіден, Елбасы­­­ның­ елорданы Алматыдан Ақмолаға көшір­гені үшін, бүгінгі біздің сүйікті қаламыз­ды кере­мет биік деңгейге көтеріп, жерлес­тері­мізге жақсы жағдай туғызғаны үшін біз, ақмолалықтар, өзімізді ол кісіге қарыз­дар санаймыз. Сонымен қатар, мені «жара­пазаншылардың» қатарына да ешкім  қоса алмайды, менің жан дүниеме ол жат нәрсе. Екіншіден, Парламентте үн-түнсіз жеке мәселелерімді шешіп жүрген депутат емеспін. Шамам келгенше сайлау­шы­ларымның пікірін, мұң-мұқтажын ашық­ айтып, шешу жолдарын іздес­тіріп жүр­ген адаммын. Үкімет мүшелерін де жиі сынап, кей-кейде тым өткір сөзде­рім­мен на­ра­­зы­лық туғызып жүрген жағда­йым да бар. Бірақ, бір сәт еліміздегі жағдайға, Елбасымыздың жұмысына сырт көзбен қарауға ұмтылайықшы. Тәуелсіз мемлекет болғанымызға жиырма үш жыл. Еңсеміз көтеріліп, рухымыз шарықтайтын кезең. Дүние жүзінде бес жүзден астам ұлт бар екен, солардың екі жүзі ғана дербес мемлекеттілікке қол жеткізіп отыр. Аз ғана қазаққа сол елдердің қатарына қосылу шексіз бақыт емес пе, бабаларымыздың орындалған арманы емес пе? Оның ішінде Тәуелсіздіктің туын тігу, елді аяғына нық тұрғызу міндеті біздің ұрпақтың маңдайына жазылып отыр. Осы үлкен борышты бәрінен де терең сезініп, жауапкершілікті өз мойнына артып, осы жылдардың ауыртпалығын нардай көтеріп, қиын-қыстау кезеңдерде дұрыс жол тауып, Қазақстанды бүгінгі күнге жеткізу оңай болды дейсіздер ме? Бәрі есімде: 90-шы жылдары Ақмолада екі топ болды, бір жағы – Қазақстанның Тәуелсіздігіне көз алартқандар, екінші жағы – уақытында жалақысын, зейнетақысын ала алмай жүрген ашулы тұрғындар. Осындай жағдай Қазақстанның әр жерінде орын алғаны бәрімізге белгілі. Ал Жоғарғы Кеңестегі Тәуелсіздік декларациясын, Ата Заңды қабылдау кездеріндегі текетірестің өзі көшелердегі шерулерден кем болмағаны анық. Тәуелсіздік әр ұлттың сана-сезімінің оянуына ықпал етсе, партиялық идеоло­гияның жоғалуы адамдарды дінге, неше түрлі діни ағымдарға, түрлі бейресми ұйымдарға итермеледі. Адамдар бөліне бастады, неше түрлі қозғалыстарға қосыла бастады. Біразы Ресей, Германия, тағы басқа жақтарға көше бастады. Осы жағдайда ең басты мақсат адамдардың елге, мемлекетке, келешекке деген жоғалып бара жатқан сенімдерін қайтару еді. Ол үшін Елбасы екі үлкен мәселені алдыңғы қатарға қойды: Біріншісі – халықты біріктіру, қоғамда ауызбіршілікті, тұрақтылықты, келісімді орнату. Екіншісі – экономиканы қолға алып, халықтың жағдайын көтеру. Бірінші мәселені шешпей, ешқандай ілгері жылжу мүмкін емес болды. Кеңес Одағында жалғыз Қазақстанда ғана жергілікті ұлт халықтың жартысынан кемін құрайтын. Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі таңда дүние жүзіне әйгілі ұлтаралық, дінаралық келісім, татулық саясаты осылай басталған. «Осы біздің Президентіміз айта береді екен татулық, татулық деп, ығыр болдық әбден», дегендер де болды. «Бұл Кеңес Одағынан жеткен жетістік емес пе», дейтіндер де бар. Бірақ бұл адамдар ол өкімет құлаған кезде басқа республикаларда басталған қанды шиеленістерді ұмытқан сияқты. Бір мемлекеттің ішінен екінші мемлекет тіккендер де бар ғой. Оған қоса, кеше ғана көршілерімізде болған ұлтаралық келіспеушіліктерге де куә болған жоқпыз ба? Өз халқын сепаратистер, террористер деп әскер жаудырып жатқандарды да  көріп отырмыз ғой. Ал біздің Елбасымыздың осындай кезде халықты біріктіретін, әрбір этнос Қазақстанды өз үйіндей сезінетіндей жағдай туғызып жатқаны даналық емес пе. Қазақстан халқы Ассамблеясы, әрбір облыстағы Достық үйлері, Парламенттегі Ассамблея депутаттары – бұлардың бәрі халықты біріктірмегенде, келешекке деген сенімді ұлғайтпағанда не істейді? Осыны түсінбейтіндер: «Не керек сонша көп сөз достықтың төңірегінде», дейді. Бірақ, Елбасы шаршамай, талмай осы саясатты сүйекке батырып, қанға, санаға сіңіріп жалғастырып келеді. Бір үлкен ақылды адам осындай әңгімені естігенде, былай депті: «Келісім, татулық, достық – денсаулық сияқты. Денсаулығын барда сен оны сезінбейсің, бәрі жақсы көрінеді. Ал ауыра бастағанда ғана білесің оның қадірін. Саныңды соғасың, неге бұрын бұған мән бермедім деп өкінесің. Ауруың асқынбаса бір нәрсе істеуге болады, ал асқынып кетсе, онда кеш қалдың». Рас сөз. Елбасының көрегенді салиқалы саясатының арқасында, осы татулықтың арқасында бүгінде біз үлкен жетістіктерге жетіп отырмыз. Осы жылдары халықтың санын, оның ішінде қазақ ағайынның санын көбейту үшін Қазақстанда көптеген бағдарламалар, шаралар жүзеге асты. ТМД елдерінің арасында бірінші болып Қазақстан шетте жүрген қандастарымыздың елге оралу жағдайын жасады. Бәлкім, бұл жұмыста кемшіліктер болған да шығар, бірақ осы жылдары миллионға жуық бауырларымыз атамекеніне қайта оралып, ортамызды толтырғаны ақиқат. Бала тууға ынталандыратын көптеген жеңілдіктер жасалды. Ол бала туғанда берілетін жәрдемақы, баланы бір жасқа дейін тәрбиелеу үшін берілетін жәрдемақы, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларының балаларына 18 жасқа дейінгі жәрдемақы, көпбалалы аналарға жәрдемақы, оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» алғандары бар. Адамның өмір жасын ұзарту жағда­йын медицина қолға алып жатыр. Жаңа  клиникалар, жаңа технологиялар енгізі­ліп, қан қысымымен ауыратындарға респуб­ликалық қана емес, облыстық, аудандық деңгейде жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуге қол жеткіздік. Жүрекке ота жасау өзіміздегі қалыпты жайға айналды. Енді онкологияның бетін алу үшін жыл сайынғы тексерістер еңгізіліп жатыр. Күні кеше ғана теледидар қазақстандық ғалымдар туберкулез дертіне дауа тапты деп баршамызды қуанышқа бөлеп тастады. Ғажап, шын мәніндегі әлемдік жаңалық, болып жатса. Осындай жүйелі жұмыс нәтижесінде Қазақстанда адамның орташа өмір жасы 70-ке дейін өсіп отыр. Халқымыздың саны 17 миллионға жетіп, оның ішінде қазағымыздың үлесі 11 миллионнан асып түсті. Енді біз өз мемлекетімізде көпшілікті құрайтын болдық. Бұл да Тәуелсіздіктің, Елбасының сарабдал саясатының арқасы. Тәуелсіздік алған жылдары Елбасының алға қойған тағы бір үлкен мақсаты – экономиканы дамыту. «Алдымен – эко­номика, содан кейін саясат», деп бағыты­мызды нақты белгілеп берді. Бұл бағыттың дұрыс екенін уақыт дәлелдеді. Алғашқы жылдарды еске түсірейікші. Жоспарлы экономика қирады. Тәуелсіздік алдық, бірақ мемлекеттің ақшасы жоқ, жалақы, зейнетақы уақытында төленбейді, электр жарығы кестемен беріледі, осының бәрі қосыла келіп, қазақстандықтардың тұрмысы төмендей бастады. Не істеу керек? Әрине, ең бірінші халықтың қарнын тойғызу керек. Экономикаға бел шеше кіріспей, еш өзгеріс болмайтын болды. Менің есімде, өмір жолымды бастап, тәрбие, тәжірибе алған «Целино­град­сельмаш» зауыты тоқтап қалып, көптеген адамдар жұмыссыз далада қалды. Сол уақытта саясатпен айналысып, көшеде жүрсек, келешегіміз не болар еді? «Біз неге мұнайымызды, зауыт­тары­мызды шетел азаматтарына беріп қойдық, ол біздің құдай берген байлығымыз емес пе!», дегендер бар. Бірақ өз үйіңде жұмыссыз аш отырсаң не істейсің? Әрине, қолда бар заттарыңды сатып тамақ аласың, оны мүмкіндігінше ұзаққа созасың. Мемлекет те солай. Қаржы, инвестиция тартты, өндірісті өркендетудің әрекетін жасады. Мемлекеттің мақсаты бірнешеу: салық алып тұру, жұмыс орындарын ашу, өнім шығару, технология тарту, бюджетті толтыру. Олардың бәрі инвестициясыз мүмкін емес. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанға 300 млрд. доллар инвестиция тартылған екен. Мұнайға, шикізаттарға тәуелді болмау үшін Елбасы индустрияландыру бағдарламасын бастады. Индустрияландыру бағдарламасының бірінші бес жылдығында бағасы 2,4 триллион теңгені құрайтын 700 судай жаңа нысан пайдалануға берілген екен, 200 мың жұмыс орны ашылған. Осы жылдары сол зауыттарда 2,7 триллион теңгеге тауар өнімдері шығарылыпты. Оның ішінде бұрын-соңды болмаған тауарлар: темір жол вагондары, жеңіл автокөліктер, ұшақтар жасала бастады. Сөйтіп, инвестициялар нақты жұмыс істеп, халықтың тұрмысын көтеруге үлкен ықпал етіп жатқаны анық. Бір адамға шаққанда ішкі жалпы өнім бүгінде 13 мың долларға жетті. Жиырма үш жылда Қазақстанда 93 млн. шаршы метр тұрғын үй салыныпты. 1992 жылы қазақстандықтардың  меншігінде 885 мың автокөлік болса, 2013 жылы оның саны төрт есе өсіп, 3 млн. 600 мыңға жеткен. Бір отбасында қос автокөлік болуына таңданудан қалдық. Тағы бір цифрлар: 2000-2013 жылдар аралығында 61 млн. қазақстандық шетелдік іс және туристік сапарларға шыққан екен. Президенттің «Болашақ» стипендиясы бойынша дүние жүзінің ең мықты оқу орындарында 10 мыңнан астам студент дәріс алған. Мұның бәрі қазақстандықтардың тұрмыс деңгейінің көтерілгенін, оларда жаңа мүмкіндіктердің пайда болғанын дәлелдейді. Бәріне салыстырмалы түрде қарау керек. ТМД елдерінің ішінде бұрын кезінде алда келе жатқан мемлекеттердің өзі бүгін бізден қалып қойып жатқанын байқап отырмыз. Кейбір көршілерімізде шикізаты да бар, халқы бізден бұрын нарыққа бейімделген, бірақ сонда да басқа елдердің табалдырығын тоздырып жүрген қаншама ағайындарды көріп жүрміз. Шүкіршілік, біздің Елбасы бір де бір қазақстандықты шетелде жұмыс іздетіп қаңғыртып қойған жоқ. Шетелге сапарға шыққанда: «Бұл дүкендерге біз бара алмаймыз, тек қазақстандықтардың қалтасы көтереді», дегенді жиі естиміз. Біздің елдің халықаралық абыройы өсіп келе жатқаны кейбіреулерге ұнамай­­­тын сияқты. Қатынына өкпелеген еркек сияқты жыбырлайды: «Не керек ЕҚЫҰ саммиті, Азия ойындары, ЭКСПО көрмесі, неменеге оны өткіземіз, қаржы жұмсаймыз?», деп. Салынған ғи­марат­­­тар­дың бәрі кейін өзімізде қалаты­нын, келешекте халықтың игілігіне пайда­ла­натынын білмей ме? Осылардың арқасында қаншама мемлекеттер жақы­нырақ тани бастайды, қаншама адамның Қазақстанға деген сенімі арта түседі. Сенім – ұлы сер­пін. Сеніммен бірге инвестиция да келеді, жаңа технологиялар, жаңа өнеркәсіп келеді. Дүние жүзіндегі дамыған елдер бізді құшақ жайып күтіп отырған жоқ. Тек қана көрегенді саясаттың, жақсы жоспардың, ерен еңбектің арқасында ғана біз бәсекеге қабілетті бола аламыз. Елбасымыздың стратегиялық жоспар белгілей алатынын және орындай алатынын дәлелдеудің қажеті жоқ. Оны уақыт көрсетті. «Қазақстан-2030» Стратегиясында дамыған 50 елдің қатарына қосылу міндетін алға қойдық па? Қойдық. Сол міндетті орындадық па? Орындадық. Мерзімінен бұрын орындадық. Енді біз басты мақсатымыз ретінде Мәңгілік Ел болуды көздеп отырмыз. Бәрімізді сапқа тұрғызып қоятын коммунистік идеологияға әбден үйреніп қалып, соны аңсағандар: «Неге бізде идеология жоқ, елде ортақ мақсат жоқ, халықты біріктіретін идея керек», деп, біраз дабыл қақты. Айналайындар-ау! Мәңгілік Ел болудан артық қандай мақсат, қандай идея керек! Мәңгілік ел деген ғасырлар бойы осы киелі далада ақ білектің күшімен, ақ найза­ның ұшымен күрескен бабаларымыз­­дың арманы емес пе, ұрпақтарына берген асыл аманаты ғой; Мәңгілік Ел деген қазақ­­тың әлемде қазақ болып қалуы, оның тілі, діні, ділі, болмысы, мәдениеті, әдет-ғұрпы, рухы өшпей, ұрпақтан-ұрпаққа жалға­сып, дүние­­­де өзінің қайталанбас ізін қал­дыру ғой! Ол үшін әрбір қазақстандық та, тұтас алғанда мемлекет те бәсекеге қабілетті болуы керек. Елбасымыз айтпақшы:  «Басқа елдердің артында шаңын жұтпай, алдыңғы қатарына жылжыған абзал». Оза дамыған отыз елдің қатарына кіру, әрине, оңай жұмыс емес, бірақ оған да жетеміз. Ол үшін бізде барлық мүмкіндік бар: жер астындағы байлық та, оқыған, еңбекқор халық та, салиқалы саясат та, көреген, кемеңгер, абыройлы Елбасы да. Тек қана бүгінгі күнімізге тәубе етуді ұмытпайық, бір-бірімізді, әсіресе, Елба­сын аяқтан шалмай, тұрақтылық, тату­лық­ты сақтап, білек сыбанып, барша күш-жігерімізді іске жұмсайық. Сонда біз бағын­дырмайтын биіктік болмайды. Мен бұған кәміл сенемін! Светлана ЖАЛМАҒАМБЕТОВА, Парламент Сенатының депутаты.