19 Маусым, 2014

Футбол. Әлем чемпионаты: Испания – Чили 0:2

321 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

19-06-14-spain-chile-3

АСТАНА. 19 маусым. Бүгін түн ортасы ауа В тобындағы Испания және Чили құрамалары арасындағы ойын ойналып бітті. Матч 2:0 есебімен чилиліктердің пайдасына шешілді. Бұл туралы egeven.kz хабарлады. Испания – Чили 0:2 (0:2). 18 маусым. Рио-де-Жанейро. «Маракана» стадионы. 74 101 көрермен.  Төреші – Марк Гейгер (Чили). Испания: Икер Касильяс, Сесар Аспиликуэта, Серхио Рамос, Хави Мартинес, Хорди Альба, Хаби Алонсо (Коке, 46), Серхио Бускетс, Давид Сильва, Андрес Иньеста, Педро (Санти Касорла, 76), Диего Коста (Фернандо Торрес, 64). Чили: Клаудио Браво, Маурисио Исла, Гонсало Хара, Гари Медель, Эухенио Мена, Чарльз Арангис (Фелипе Гутьеррес, 64), Франсиско Сильва, Артуро Видаль (Карлос Кармона, 88), Марсело Диас, Эдуардо Варгас (Хорхе Вальдивия, 85), Алексис Санчес. Голдар: Эдуардо Варгас (20), Чарльз Арангис (43). Ескертулер: Хаби Алонсо (41) – Артуро Видаль (26), Эухенио Мена (61). Осы жеңілісімен бірге, әлем чемпионы Испания құрамасы өзінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Мұнымен қоса, Еуропаның чемпионы деген де атағы бар команда мундиальды абыройсыз аяқтады. Бірінші ойынында Голландия футболшыларынан 1:5 есебімен ойсырай ұтылған «қызыл фурия» бұл ойында сол жолы алған ауыр соққыдан әлі есін жинай алмай жүрген адамның кейпін көрсетті. Ол құдды бір осының алдындағы ойынға бар күш-қуатын сарқа жұмсап қойғандай әсер етті. Бұған қарағанда, чилиліктер кескекті күреске біршама дайын болып шықты. Олар испандардың бұрынғыдай допты еркін меңгерулеріне жол бермеді, бұл үшін прессингті қатты пайдаланды, аумақтардың бәрін жауып тастап, қарсыласын өз мәнерімен ойнауға мәжбүр етті. Алаңдағы оқиғаның бұлай өрбуіне испанның мықты деген футболшыларының өзі кедергі келтіре алмады. Жалпы, Чили құрамасының ойыншылары ежелден өздері керемет бір жарқырап көрінбегендерімен, қайсыбір қарсыласына батыл тойтарыс беруге келгенде алған бетінен қайтпайтын болып келуші еді, бұл жолы олар сол қайсарлықтарын шырқау шыңына жеткізді. Сөйтіп, бірінші таймның өзінде кездесудің тағдырын толық дерлік шешіп қойды. Бұл команда бірінші ойында Австралия құрамасын да емін-еркін ұтып шыққан. Сондықтан осы матчтың алдында жеңістің Чилиді келесі кезеңге өткізіп, Испанияны мерзімінен бұрын жарыс жолынан шығарып тастайтыны анық белгілі болды. Айта кетуіміз керек, бұл қарсыластардың бұған дейінгі кездесулерінде Чили командасы бұрын бір рет жеңіп көрмепті. Мұның алдындағы, 2010 жылғы әлем чемпионатында Испания 2:1 етіп ұтқан екен. Содан кейін олар екі рет жолдастық кездесу өткізіпті. Олардың бірінде испандар тағы да ұтса (3:2), екіншісі тең (2:2) нәтиже әкеліпті. Мундиальдағы сөз етіліп отырған матчты чилиліктер өте белсенді бастады. Алдымен Артуро Видаль доп алып, оны қарсы қақпа жақтағы Эдуардо Варгасқа жеткізді. Ал шабуылшының соққысынан кейін доп торға барып топ етудің сәл ғана алдында қалды. Осыдан кейін берілген бұрыштамадан тасталған допты Гонсало Хара қақпаға бағыттауға ұмтылды. Бірақ соққысы дәл болмады. Мұның соңын ала испандар қарсыластарының екпіндерін басып, ойын тізгінін қайтарып алуға таласып бақты. Сол мақсатта бірер рет алға шапқылады. Алайда, Клаудио Браво қорғаған қақпа маңына жақындап бара алмады. Бұл тұста олар тым жайбарақат қимылдады, ойындарында ойлылық пен тапқырлық жетіспеді. Ширек сағаттың шамасында әлем чемпиондары қақпаға жақын тұстан айып добын ұру мүмкіндігін алды. Сол кездегі Хаби Алонсоның соққысын чилиліктер тез қайтарды. Еуропалықтар бұдан кейін қауырт жорыққа ұқсайтын шапқын ұйымдастырды. Соның әлетінде Диего Коста оң қанаттан құйғытты. Бірақ оның көлбеулете жіберген добына әріптестерінен ешкім ие бола алмады. Испандар шабуылды тағы жалғастырмақ болғанда, офсайдқа түсіп қалды. Осыдан кейін чемпиондардың пәті қайтып қалғандай болды. Мұнымен де тынбай, олар оңды-солды қателіктер жібере бастады. Солардың бірінде испандар алаңның ортасында күтпеген жерден доптан айрылды. Оны іле қашқан Чили футболшылары бір-біріне тез қақпақылдап жеткізе отырып, қарсы айып алаңынан бір-ақ шықты. Комбинацияны бастаған Видаль еді, жалғастырған Чарльз Арангис пен Варгас болды. Бұлардың соңғысы әріптесі берген допты қақпашы Икер Касильястың жанынан қақпаға тастай салды – 1:0! Ал таймның соңында Алонсо өз айып алаңы маңында тәртіп бұзды. Оған белгіленген айып добын Алексис Санчес «қабырғалықтан» асыра ұрды. Туралай барған допты Касильяс кері қайтарып үлгерді. Бірақ доп Арангистің аяғына барып тұра қалды. Жағдайды тез пайымдаған Чарльз сосын кідірместен қақпаға қарай қайтадан бағыттады. Гол! Осымен есеп 2:0-ге жетті. Сөйтіп, 20 және 43-минуттарда гол жіберіп алған Испания құрамасы шешуі қиын жұмбақтың қойнауына қойды да кетті. Олар бұл түйінді екінші таймда да тарқата алмады. Чемпионның өкілеттіліктен айырылу оқиғасы осылай өрнектелді. Дамир Қожамқұл. Дереккөз: Чемпионат.Ру. Фото: Sportbox.ru.

19-06-14-spain-chile-4 19-06-14-spain-chile-5 19-06-14-spain-chile-6 19-06-14-spain-chili-1 19-06-14-spain-chili-2