19 Маусым, 2014

Әлеуметтік жауапкершілік нәтижелері нығая береді

362 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Жұртшылыққа белгілі, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы уран, сирек металдар, атом электр стансалары үшін ядролық отын, арнайы жабдықтар, технологиялар және әртүрлі мақсаттағы материалдардың импорты-экспорты бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық операторы болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. «Қазатомөнеркәсіп»ҰАК» АҚ уран кен орындарын барлау, өндіру, тасымалдау және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарды біріктіреді. Жалпы, Ұлттық атом компания­сы бас­шылығының Оңтүстік Қазақстан облы­сы­ның Созақ, Отырар, Бәйдібек және Қызыл­­орда облысының Жаңақорған, Шиелі аудан­дарындағы өндірістік нысандарына іссапармен барып, еңбек ұжымдарымен, жергілікті тұр­ғындар өкілдерімен кездесуі кейінгі жылдары игі дәстүрге айналған. 16 маусым күні «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқармасының төрағасы Владимир Школьник бастаған арнайы топ Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданын аралады. «Катко» бірлескен кәсіпорны» жауап­­­кершілігі шектеулі серіктестігіндегі «Жұлд­ыз­­ды қалашық» деп аталатын уран өндіру­ші­лердің вахталық мекенжайында келелі кеңес өткізілді. Оған «Катко» БК» ЖШС, «Таукент кен-химия кәсіпорны» ЖШС, «Волковгеология» АҚ, «Уранэнерго» ЖШС, «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС басшылары, сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Созақ ауданы әкімдіктері, жұртшылық пен БАҚ өкілдері қатысты. Владимир Школьник жыл сайынғы дәстүрлі сапар мен дәстүрлі кездесулердің жалғаса беретінін мағлұмдады. «Қазатомөнеркәсіп» басшысының айтуынша, мұндай іскерлік жағдайдағы және емін-еркін, ашық сұхбат ретіндегі жүздесулердің берер нәтижесі баршылық. Ұлттық атом компаниясы өткен жылды және биылғы жылдың бес айын ойдағыдай көрсеткіштермен тәмамдаған. Рас, уранның әлемдік бағасы арзандап кетті. Әлі де төмендеуі бек мүмкін. Табыс деңгейі 3-4 есе азайды. Дүниежүзілік рынокта уран жөніндегі басқа да күрделі жағдайлар жоқ емес. Осындай ахуалдарға байланыс­ты ұлттық компания және оның үлкенді-кішілі кәсіпорындары, барша буындары жұмыстарын жан-жақты ширата түсуге тиіс. Төраға қиындықтарға қарамастан, көптеген көрсеткіштер деңгейінің төмендеуіне жол берілмегенін атап көрсетті. Мемлекет басшысының қолдауымен айлық жалақы көтерілді. Инвестиция көлемі арттырылды. Әлеуметтік салаларды нығайтуға бұрынғыдан да көбірек көңіл бөлінуде. «Біз – әлеуметтік бағдардағы компаниямыз», деді Владимир Школьник, елімізге салықты көбірек төлеуге, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға баса назар аударамыз. Шынында да, әлеуметтік сала, яғни уран өндірілетін аймақтарды дамыту «Қазатом­өнеркәсіптің» басым бағыты екені аян. 2004 жылдан бері мамандандырылған «Қазатом­өнеркәсіп-Демеу» ЖШС жұмыс істейді. Оның мақсаты – әлеуметтік инфрақұрылымды жан-жақты дамыту, түрлі салалар үшін мамандар даярлау, шағын және орта бизнесті дамыту, денсаулық сақтау мен білім беру жүйелерін, мәдениет пен спорт салаларын жетілдіре түсуге қолдау көрсету, елді мекендерді көркейту мен көгалдандыру. «Қазатомөнеркәсіптің» шетелдік әріптес­терімен, яғни Франция, Жапония, Ресей сияқты өзге де елдер компанияларының қатысуымен құрған Жарғылық қоры «Демеу­дің» негізгі қаржы көзін құрайды. Атал­мыш қорға жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшартта көрсетілген мін­детті әлеуметтік төлемдерден және басқа да ерікті жарналардан қаржы жинақ­­­талады. «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» құрылғалы Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының 11 елді мекенінде 9,9 млрд. теңгеден асатын жобаларды жүзеге асырды. 500 шақырым автомобиль жолы, 40 шақырым теміржол төселді. Көптеген дәрігерлік-санитарлық бөлімдері, фельдшерлік-акушерлік бекеттер, балабақшалар салынды. Алты мектеп компьютермен және лингафондармен жабдықталып, автомобиль және еңбек сыныптары ашылды. Көптеген шағын және орта бизнес кәсіпорындары пайда болып, аудан адамдары үшін жаңа жұмыс орындары арта түсті. Мұндай мысалдар аз емес. Созақта қазір мал жайылымдары зерттеліп, бұрынғы құдықтардың басым көпшілігі жарамсыз болып қалғаны, басқа да жағдайлар анықталуда. «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы жайылымдар сапасын жақсарту, құдық суларын көтеру, жел, күн энергиясын пайдалану арқылы мал шаруашылығын өркендетудің нақтылы шараларын іске асыруды бастады. Облыс бюджетіне түсетін қаржы да арта түсуде, деді В.Школьник мырза, компаниямыз облыс әкімдігімен меморандум түзіп, оған екіжақты қол қойылған. Ураннан түскен пайда жергілікті жұртшылық игілігіне барған сайын көбірек жұмсалатын болады. Тиісті кадрлардың, түрлі салалардағы мамандардың басым көпшілігі – Созақ ауданының тұрғындары. Жұмысқа қабылдау мәселесі алқалы түрде шешіледі. Аудан әкімдігі, мәслихат, ардагерлер кеңесі, жастар ұйымдары өкілдерінен құрылған комиссия бар. Сенім телефондары жұмыс істейді. Өтініштер, арыз-шағымдар уақтылы қаралады. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өндіріс жөніндегі атқарушы директоры Асқар Қасабеков, «Таукент кен-химия кәсіпорны» ЖШС бас директоры Жұматай Маркенбаев, «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС бас директоры Ербол Төлебаев, Таукент тау-кен комбинатының директоры Ордабек Жайын­баев, тағы басқалар өткен жылдың және биылғы бес айдың қорытындылары туралы мәлімдеді. Мәселен, Таукент кен-химия кәсіпорны 2014 жылдың бес айында жоспардағы 391,6 тоннаның орнына 412,5 тонна уран өндіріпті. Қанжуған, Мойынқұм, Қайнар, Орталық Мойынқұм кеніштерінде уран үлесі жоспарланған деңгейде деу­ге болады. Барлық кәсіпорындарда дер­лік инновациялық технологиялар мен өнер­тапқыштық ұсыныстарды ендіру жағдайы жақсара түсуде. Өндіріске жұмсалатын шығындардың барлық түрлерін кемітуге қол жеткізіліп келеді. Әрине, әртүрлі салаларда шешімін табуды қажет ететін өзекті мәселелер де жоқ емес. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Садыр тұрғын үй мәселесін көтерді. Үй кезегінде тұрғандар көп. Өткен жылғы сұрапыл дауылдан бүлінген тұрғын үйлер күрделі жөндеуді, тіпті, кейбіреулері жаңадан салуды қажет етеді. Кейбір кәсіпорындар Алма­тының есебінде болғандықтан, салықт­арын сонда төлейді. Қазір Созақ ауданында шешіл­меген түйіндер бар. Оларды ойласып, тезірек түзеуге тиіспіз, деді әкімнің орынбасары. Компания төрағасы, облыс басшылығы өкілінің айтқанын өте дұрыс деп есептейтінін, кейбір үй-жайлардың күрделі жағдайы аудит арқылы қайта тексеріліп, нақтылы қорытынды шығарылатынын, біраз үйлердің, өзге де құрылыстардың жаңадан салынатынын мәлімдеді. Облыс және аудан әкімдіктерімен меморандумға сәйкес жұмыстардың жандана түсетініне сендірді. Созақ ауданы әкімінің орынбасары Әлмағанбет Бекзат интернетпен, IP телефон жүйесімен қамтамасыз ететін желілер әзірше Таукент пен Степной кенттеріне тартылғанын, өзге елді мекендер тұрғындары асыға күтулі екенін еске салды. Аудан жұртшылығы атынан Ұлы Отан соғысының ардагері Мырзахмет Жылысбаев өзінің өмір бойы мұғалім болғанын айта отырып, бұрынғы мектеп пен бүгінгі мектепті салыстыруға мүлде келмейтініне мысалдар келтірді. Қазіргі білім беру ұяларындағы технологиялық жабдықтарға, мектептердің заманауи келбетіне аса риза екенін әңгімелеп, Владимир Школьниктің қолын қайта-қайта қысқан ардагер ақсақал созақтықтар атынан Елбасыға алғыс сезімін жеткізуді өтінді. Кен-химия кәсіпорны кәсіподақ комитетінің төрағасы, оператор Едіге Әбдіхамитов та қатардағы қарапайым еңбек иелері атынан сөз алып, өзінің ой-пікірлерін ортаға салды. «Қазатомөнеркәсіп» сынды компанияның жемісті жұмыстары жергілікті тұрғындар үшін үлкен үйлесімдер әкеле беретініне, алдағы уақытта да еңбек көрсеткіштері артатынына, ел бірлігі мен ырыс алды – ынтымақтың нығая түсетініне сенім білдірді. Осы күні «Қазатомөнеркәсіп» басшысы Владимир Школьник «Степное БК» ЖШС негізінде жерасты сілтісіздендіру ерітінділерін қайта өңдейтін бірінші мобильді кешен жұмысын іске қосты. Мобильді кешен отандық Жоғары технологиялар институтының бір топ ғалымдары жасаған бірегей әзірлеме болып табылады. Бұл қондырғы қайта өңдеу кешендерінен жырақта жатқан шағын уран кеніштеріндегі геологиялық кенді өнеркәсіптік өңдеуден өткізу мақсатына арналған. Жобаның өндірістік қуаты сағатына 100 текше метр. Бұл жұмыстың маусымдық кезеңіне шаққанда 20-25 тоннаға жуық. Жоғары технологиялар институтының бас директоры Серік Қожахметовтің айтуына қарағанда, аталмыш кешендер толыққанды цехтар құрылысын салу тиімсіз саналатын кен орындары үшін өте-мөте пайдалы көрінеді. Жобаның негізгі ерекшеліктері ретінде қондырғылардың шағындығын, кешендердің көп аумақ алмайтынын, энергия аз жұмсалатынын, барлық үдерістердегі жүргізуге қажетті реагенттер жи­ын­тығы аз мөлшерде екенін, сызбалық техноло­гиясы өте қарапайым болғандықтан өнім­нің өзіндік құны да азая­тынын атауға болады. Әңгімеленіп отырған жабдықтың дайын өнімі – уранмен қанықтырылған шайыр. Құрастыру мен тасымалдауды жеңілдете түсу мақсатында технологиялық қондырғы жинамалы түрде жасалған. Қосалқы жабдықтар мен тұрмыстық бөлмелер тасымалдық контейнерлерде орналасқан. «Қазатомөнеркәсіп» қадамдары қарышты. Соңғы үш жылдың ішінде бес бірдей инвес­тициялық жоба іске асырылды. Олардың жалпы құны 896,3млн. долларды құрайды. БАҚ өкілдерімен өткізілген брифинг кезінде В.Школьник Еуразиялық одақ әкелетін әйдік нәтижелерге де тоқталды. Ұлттық атом компания­сының ең ірі инвестициялық жобасы «Уран байы­ту орталығы» ЖАҚ Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорнының «Урал электротех­нологиялық комбинаты» ААҚ-ның 25 пайыз + 1 акцияларын сатып алуы болды. Бұл қадам стратегиялық маңыздылығымен айрықшаланады. Бірте-бірте, яғни 2020 жылға қарай «Қазатом­өнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы әлемдік атом энергиясы көшбасшыларының бірегейіне айналатын болады. Ядролық отын циклінің күллі кезеңдерін жүйелейтін ұлтаралық әртараптандырылған компания, әрине, әрқашан да тұтынушыға бағытталған мақсат-міндетін басты арқау ететіні белгілі. Әлбетте, әлеуметтік жауапкершілік нәтижелері барған сайын нығая бермек. Мархабат БАЙҒҰТ, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.