19 Маусым, 2014

Өтпелі шақта өкініштер көбейді

255 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Футбол-2014-1Маусымның 18-інен 19-ына қараған түні Бразилияда өтіп жатқан әлем чемпионатында ойынның кезегі ең соңғы Н тобына келіп жетуімен бірге, алдыңғы топта екінші турдың ойындары да басталып кетті. Осының ыңғайында Бельгия – Алжир, Ресей – Оңтүстік Корея командалары бірінші рет алаңға шықса, Бразилия мен Мексика өзара екінші ойындарын өткізді. Осы үш кездесудің қорытындылары бойынша біріншіліктегі тең нәтижелер саны 3-ке жетіп, жаһандық жарыстағы ең жиі қайталанып отырған 2:1 көрсеткішінің қатары 6-ға толды. Бұл жарыс күнінің шымыл­дығын Бельгия мен Алжир құрамалары ашты. Мұндағы екі тайм екі түрлі қалыпта өрбуі­мен есте қалды. Оның бірінші бөлігінде бұлардың алдыңғыларының біраз «жанып кеткені» белгілі болды. Соның салдарынан «қызыл перілер» өзінің осы квартеттің фавориті деген мәртебесіне сай қимыл көрсете алмады. Олар алғашқы 45 минуттықта Аксель Витсельдің алыстан ұрған бір соққысымен және Насер Шадли туғызған бір мүмкіндікпен шектелді. Оның есесіне, «екінші нөмірмен» ойнаған Алжир футболшылары әлсін-әлсін қарсы шабуылдарға шығып тұрды. Сондай жорықтардың бірінде Софиан Фегули қарсы қақпаға пенальти белгіленуіне қол жеткізді. Оны 25-минутта өзі дәл ұрып түсірді. Алайда, осы голдан кейін «шөлдің түлкілері» қарсы шабуылдарын біржола үзгендей кейіп танытты. Ал екінші таймда Марк Вильмотстың жігіттері ойын тактикасы мен схемасын шұғыл өзгертіп, алаңға мүлдем жаңа жасақ келгендей әсер қалдырды. Осы тұста Дрис Мертенс, Дивок Ориги және Маруан Феллайни бастаған футболшылар Бельгия құрамасы үшін бірінші таймда қол жете қоймаған ойындардың үлгісін көрсете бастады. Олардың сәт сайын қысымы арта түскен тегеурініне алжирліктердің қорғаныс шебі шыдас бермеуге айналды. Ақырында Кевин де Брюйненің пасынан кейін Феллайни 70-минутта баспен соққы жасап, таразы басын теңестіріп кетті. Ал арада тура 10 минут өткенде Эден Азардан доп алған Мертенс екінші голдың авторы атанып шыға келді. Есеп – 2:1. Жағдайдың бұлай өзгеруіне дайынсыз Алжир құрамасы ойынның бетін қайтып өздеріне аудара алмады. Осыдан кейін Бразилия мен Мексика құрамалары екінші турдың ойындарын бастады. Бұл ойын чемпионаттағы тең ойын қатарын екіге көбейтумен бірге, алғаш рет 0:0 деген есепті де тіркеді. Матч барысында Сколари шәкірттері аумақ жағынан да, бас­тама жағынан да, допты көп ұстау жағынан да едәуір басым болды. Олардың есеп ашатындай мүмкіндіктері де аз болған жоқ. Бірақ соның бәрінің соңғы шебінде мексикалықтардың қақпашысы Гильермо Очао қас қақпай тұрды. Тұтасынан айтқанда, «селесао» жалпы басым болғанымен, дәл маусымашар матчтағыдай тегеурін мен жігер таныта алмады. Осындай ауыр ойынды кеше таң алдында Корея командасымен алаңға шыққан Ресей құрамасы да бастан кешіп, тең ойын санын 3-ке толтырды. Бұл шайқас чемпионатта осал қарсыластың жоқ екенін байқатты. Дегенмен, Фабио Капеллоның сарбаздары өз мүмкіндіктерінен төмен ойын көрсетті. Олар кездесудің біраз бөлігінде белсенді қимыл көрсеткен корейлердің бірінші болып гол соғуларына да жол беріп қойды. Оны 68-минутта Ли Гын Хо қақпашы Игорь Акинфеевтің өрескел қателігінен кейін түсірді. Содан кейін жаттықтырушы алаңға Александр Кержаковты шығарды. Команданы жеңілістен құтқарып қалған да осы шабуылшы болды. Ол 74-минутта есепті теңестірді. Кеше түнде Австралия – Гол­лан­дия, Испания – Чили, ал бүгін таң алдында Камерун – Хорватия командалары өзара екінші тур­дың ойындарын ойнады. Бетке қол қойылғанға дейін Голландияның Австралияны 3:2 етіп ұтқаны белгілі болды. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».