Аймақтар • 08 Ақпан, 2023

Алғыс арқалаған «Ақжан»

189 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жылдар бойы сәби арман­даған жандарға «Аңсаған сәби» бағдарламасы ба­қыт сыйлағаны рас. Бұл – перзент сүюден күдер үзгенде көп көңілге жұба­ныш пен қуаныш бұйырт­қан бағдарлама. Биыл Қа­ра­ғанды облысында мем­лекеттік әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қоры аясында ЭКҰ-ға 403 квота бөлінді.

Алғыс арқалаған «Ақжан»

Негізі бағдарлама арқылы ерлі-зайыптылар елдің кез келген емханасына жүгіне ала­ды. Ал Қарағандыда бұл про­це­ду­раны «Ақжан» клиникасы іске асырады. Клиника үшін­ші жыл «Аңсаған сәби» бағ­дарламасына қатысып келеді. Осы клиникаға былтыр экстракорпоралды ұрық­тандыру процедурасына 101 квота бөлінсе, биыл ол екі есе артқан, яғни 214 квота.

– Бағдарлама уақтылы аяқ­талды. Аяғы ауыр 40 әйел есеп­ке алынды. Оның ішінде жеті отбасы 8 сәби сүйді. Бұл бағдар­ламаның түпкі нәти­же­сін осы жылдың соңында көреміз, – дейді «Ақжан» кли­ни­касының ЭКҰ бөлімінің мең­герушісі Евгения Лапина.

Сәби сүюді ұзақ жыл аңсаған, қанша емделсе де дауа таппаған отбасылар осы бағдарлама арқылы перзент көргені рас. Клиника емделушілерінің қата­рындағы бір жұп жеті жыл бойы бала көтере алмапты. Дәрігердің айтуынша, қанша емделсе де нәтиже бермеген. Бес жыл ем-дом қонбаған. Қазір енді егіз баланы күтіп отыр екен.

«Ақжан» клиникасына тек Қарағанды ғана емес, еліміздің басқа да аймақтарынан келіп ем алуға рұқсат. Негізі, клиника бедеуліктің барлық түрін ем­дейді.

Ал ЭКҰ-ға биыл медициналық сақтандыру қоры 373,8 млн теңге қарастырған екен. Экстра­корпоралды ұрықтандыру проце­дурасының құны орта есеппен 1,06 теңгеден 1,227 млн теңгеге дейінгі аралықта екен.

 

Қарағанды облысы