17 Маусым, 2014

Мегаөзгерістер заманындағы Қазақстан

409 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін

ЕЛ БАҒЫНА ТУҒАН, ЕЛДІК ЖОЛЫН ҚУҒАН

imagesБүгінгі таңда тарихи уақыттың адам айтқысыз жылдамдықпен жылжып келе жатқаны – дау туғызбайтын шындық. Ол, әсіресе, ақпарат-коммуникация технол­огияларының өте тез әрі үздіксіз жаңаруынан айқын сезілуде. Бұл құбы­лыс революциялық сипатқа ие биотехнология, информатика және нанотехнология синтезінен туындап жатқан соны ғылыми нәтижелерден де байқалып отыр. Сөз еткелі отырған үрдіс, сонымен қатар, алғашқы индустриялық революциялардың қозғаушы күші бол­ған   көмір мен  будың біртіндеп ығы­­сып, алдымен мұнай мен газға, одан соң атом қуатына, енді міне, көкжиектен құлағы қылтия бастаған үшінші индустриялық революцияның энергия иіріміне айнала бастаған балама қуат көздеріне орын бере бастағанынан да анық көрініп тұр. Сосын қайта қалпына келетін әрі тек қоршаған ортадан ғана өндірілетін таза энергия қорларының мүлде жаңа технологиялық деңгейде өндіріліп, жаңаша сақталып, алыс-жақын аймақтарға о баста данышпан Никола Тесла ойлап тапқан аса тиімді онлайн тәсілімен тасымалдану мүмкіндігі де қазіргі адамзат санасына қона бастады. Өз кезегінде аталмыш құбылыстардың геосаясатқа да, мемлекетаралық қарым-қатынастар мен нарықтарға да, сол сияқты азаматтық қоғамдардың жаңаша қалыптасып, жаңаша дамуына да тікелей әсер ете бастағаны күмән тудырмайды. Өйткені, мегаөзгерістер толқыны қазірдің өзінде-ақ айқын сыр беріп, планета тынысының болашақ болмысын болжайтын футурист-философтарды да, физиктерді де, экологтар мен биологтарды да, макроэкономистер мен микроэкономистерді де, мемлекет тізгінін ұстаған саясаткерлерді де  жаппай ойландыра бастағаны шындықтан алыс емес. Өзге елдер секілді дамудың тұрақты жолын таңдаған біздің жас мемлекетіміз де жоғарыда аталған мегаөзгерістер ағынынан тыс қалып отырған жоқ. ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақ ойшылы Ыбырай Алтынсарин армандаған қиял-ғажайып дүниелер бүгінгі еліміздің күнделікті болмысына қалай тез еніп кеткенін де байқамай қалдық. Тастан сарай да салдырып, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар да алғызып, сәйгүлік тұлпарларды автокөлік пен ұшақтар, хат пен хабарды SMS, телефон стансалары мен пошта қызметін ұялы телефондар, сия мен қаламды компьютерлер, кітапханаларды интернет-порталдар, баспаханаларды принтерлер, кинотеатрларды телевизор мен видеотекалар алмас­тырып отырғанына да етіміз әлдеқашан үйреніп кетті. Оны былай қойғанда, бүгін­де тұтынушылардың қолында жүр­ген алақандай ғана айфондар мен планшеттер бүкіл ақпарат-коммуникация технологияларының көмегімен іске асы­ры­латын қызмет түрлерін түгел атқа­ра­­тын әмбебап құралға айналғаны да үйреншікті жай  болып қалды. Мұның сыртында Google, Yahoo, Baidu, Bing және Yandex секілді ақпарат іздеу жүйелерінің көмегімен кез келген ізденуші бүкіл адамзат өркениетінің рухани құндылықтарының ғаламтор желілерінде жинақталған ұшан-теңіз қоймаларына сүңгіп кетіп,  ғылым мен білімнің, өнер мен ілімнің әр саласына қатысты ұғымдар мен терминдердің кез келгенін қас-қағым сәтте суырып алып, керегіне жаратып жатыр. Демек, бүгінгі болмыстағы “жоқ” деген ұғым біржолата келмеске кетіп, бүкіләлемдік ақпарат мұхитынан сусындау күллі адамзаттың шексіз игілігіне айналып отыр. Мәселен, Google іздеу жүйесінің бір өзі ғана ай сайын 41 миллиард 345 миллионнан астам тұтынушының сұраныстарын тіркеп, оларды лезде өңдеп, осы саладағы әлем нарығының 62,4 %-ы қанағаттандырады екен. Қазіргі таңда қалыптасып отырған әлемдік геосаясат картасынан біздің еліміз де шет қалып отырған жоқ. Тәуелсіздік тізгініне ие болған қысқа мерзім ішінде Қазақстан әуел бас­та қолбайлау болған экономикалық қиын­дықтарды артқа тастап, дамудың тұрақты жолына түсіп қана қоймай, бұл күнде бүкіл планетаға танылып, әлем­дегі экономикасы тез дамып келе жатқан санаулы мемлекеттердің санатына қосылды. Алайда, тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында біздің елімізге қызыға да қызғана  қарап, сұқтанғандар аз болған жоқ. Олай деуге толық негіз бар. Мысалы, ұлан-байтақ жерімізді көрші елдің бауыр етіне балаған көршілес елдің “данышпан жазушысын” да өз құлағымызбен естігеніміз бар. Сосын ХХІ  ғасырдың саяси-экономикалық картасы мен геосаяси болмысына қатысты өткен ғасырдың соңғы онжылдығы мен үстіміздегі ғасырдың бастапқы кезеңінде  қалыптаса бастаған батыс әлемі саясаткерлерінің футуристік сараптамалар топтамасынан біздің елдің келешегіне  тікелей қатысы бар алыпқашпа мәліметтердің жария етілуі де пікіріміздің негізсіз емес екенін дәлелдей түседі. Мәселен, сәуегей философ Самюэль Хантингтонның “Өркениеттер қақ­ты­ғысы” (“The Clash of Civilizations”)  атты мақаласы алғаш рет 1993 жылы жарық көрсе де,  оның жеке кітапқа жүк болған толық нұсқасы Батыстың кітап сөрелеріне 1996 жылы түсе бастаған-ды. Аталмыш еңбегінде С.Хантингтон өркениетаралық шиеленістер мен қақты­ғыстардың міндетті түрде орын алатынын өз көзімен көріп, қолы­мен ұстаған балгердей уағыздап, әлгі қақтығыстардың себептерін әлем болмысындағы идео­ло­гиялық алшақтықтар мен экономикалық айырмашылықтардан іздеуден гөрі діндердің, оның ішінде, әсіресе, ислам дінінің  “өзегіне өрілген сын-қатерлерден” табуға тырысқаны қайран қалдырады. Сосын әлгі пікірді  автор гипотеза ретінде емес, керісінше,  Батыс әлемінің жаһандық мүдделерін негіздеуге  лайықты, біржолата дәлел­ден­ген әмбебап теория ретінде ұсынады. Сәуегей ғалым, сонымен қатар, болашақ геосаяси биліктің көпполюсті болатынын тілге тиек ете отырып, экономикалық басымдықтар мен әскери күш-қуаттың болашақта Батыс әлемінен  Шығыс әлеміне қарай ойысатынын көлденең тартады және ең бастысы, бүгінгі мұсылман әлеміне тән демографиялық дүмпуді  әлемге қауіп төндіретін негізгі сын-қатер деп түйіндейді. Сондықтан да болар, бұл күнде демократиялық құндылықтарды желеу етіп, дінаралық шиеленістерді қасақана қоздырып, жасанды өртпен мұсылман әлемін бөлшектеуге тырысып жүрген қаныпезер топтар әлгі “теорияны” таптырмас іргетас немесе бүркеншік дәйек ретінде ашық малданып отырғаны жасырын емес. Бұл тұрғыдан келгенде, С.Хан­тингтон жалғыз емес. Мысалы, әлем­дегі ең алпауыт елдің сыртқы сая­сат көшбасшыларының бірі емес, бірегейі әрі кезінде антикоммунизм стратегиясының негізін қалаған Збигнев Бзежинский 1997, 2004, 2007 жылдары аралығында жарыққа шыққан “Ұлы шахмат тақтасы”, “Екінші мүмкіндік”, “Таңдау”  (Zbigniew Brzezinski. “The Grand Chessboard”, “The Choice”, “Second Chance”) атты алпауыт елдің жаһандық мүддесі тұрғысынан жазылған еңбектерінде жоғарыда аталған теорияны одан бетер өрбітіп, әлемдік геосаясаттың ендігі алаңының  таяу болашақта Еуразия құрылығы болатынына титтей де күмән келтірмейді. Сәуегей саясаткердің “Ұлы шахмат тақтасы” деген еңбегінің атауына мән берген оқырман әлгі метафоралық теңеуде де терең астар жатқанын бірден ұғады. Себебі, кітап авторы планета бетіндегі ең алып кеңістік болып саналатын  Еуразияны  алпауыт АҚШ-тың геосаяси жүлдесі деп, тайға таңба басқандай, кесіп айтады. Демек, жүлдеге баланған Еуразияға таяу болашақта кім иелік ететініне З.Бзежинский титтей де күмән келтірмейтін сияқты және бұл пікірін ешбір бүкпесіз айтудан да тайсалмайды. Сосын “Ұлы шахмат тақтасындағы”  шаршы алаңдардың бірінің “Еуразииялық Балқандар” немесе “Этностық қайшылықтардың қазаны” деген қос айдармен айшықталуында да жымысқы  астар жатқанын түсіну қиын емес. Өйткені, “бояушы-бояушы десе, сақалын бояйды” демекші, әлгі “қазанға” сәуегей автор өзінің кітабы жарық көрген кезде егемендігін алғанына алты-ақ жыл толған біздің жас мемлекетімізді де тоғытып жіберген.  Ол ол ма, азуын айға білеген “көріпкел” ту сыртымыздан тон пішіп,  өткен ғасырдың соңында Балқандағы Югославияны бөлшектеген этносаралық өрттің келесі ошағының біздің ел болатынына да бал ашып қойған. Ал шындап келгенде, Югославиядағы трагедияның басты себебі, әлгі елден мүлде жырақта жатқан сыртқы геосаяси күштердің мүдделерінен туындаған арандатушылықтың қанқұйлы салдары екенін бұл күнде бүкіл адамзат анық біледі. Осындайда бабаларымыздан жеткен “жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында” дейтін терең түйінді нақыл еріксіз ойға оралады. Өйткені, әлгі нақылдың өзегінде тағдыр тәлкегінің салдарынан мың өліп, мың тірілген халқымыздың  болашақ ұрпақтарын сақтыққа үндейтін аманат-өсиеті жатқаны күмән тудырмайды. Міне, дәл осы тарихи тағылым тұр­­ғысынан келетін болсақ, Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың ел ішіндегі этносаралық татулық пен дінаралық толеранттыққа бағытталған сындарлы ішкі саясаты мен көпвекторлы сыртқы саясатының алыс-жақын шетелдердің сәуегей “бақсы-балгерлерінің” аузымен қасақана төндіріп отырған сын-қатерлері мен жат пиғылдарының жолын кесіп, оларға тегеурінді тосқауыл болатын мегажобаларының толассыз әрі үлкен табандылықпен іске асырылып келе жатқанына  ерекше мән берген жөн. Бірден атап айту керек, 1991 жылы халқымыздың маңдайына бақ болып қонған егемендік пен бүгінгі таңдағы еліміз бен ұлан-байтақ жеріміздің тұтастығын сақтап қалудың бірден-бір кепілі әрі, сол кездердегі экономикалық қиындықтарға қарамастан, Елбасы қолға алған  мегажобалардың алғашқысы да, айбындысы да Астана болғаны  дау туғызбайтын шындық. Еліміздің жүрегі мен күретамырына айналған Сарыарқа төсіндегі Астана бүгінгі таңда әр азаматымыздың ат байлайтын алтын қазығы ғана емес, сонымен қатар, бүкіләлемдік мәні бар, ірі-ірі халықаралық форумдар өтетін алып үнқатысу алаңына айналып отыр. Көпэтносты мемлекетіміздің тұтастығы мен бірлігінің мызғымас кепіліне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы да Елбасының жасампаз мегажобаларының бірегейі. Өйткені, конституциялық статусы бар әрі этносаралық татулық пен толеранттықтың символына айналған бұл жоба – бүгінгі таңда өз еліміздің ғана құндылығы емес, сонымен қатар, әлемнің көпэтносты  өзге мемлекеттері де үлгі тұтатын  өміршең институт. Сондықтан да келесі жылдың Қазақстан халқы  Ассамблеясы мен Конституция жылы болып жариялануын сол іргетас құндылықтарға берілген әділ баға деу әбден лайық. Еліміз бен Елбасының бүкіләлемдік мәні бар ірі жобаларының және бірі – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі. 2003 жылдан бастап, әр үш жыл сайын үзбей өткізіліп келе жатқан бұл шара әлемдегі бейбітшілік пен конфессияаралық татулықты ұлықтайтын тұрақты  үнқатысу алаңына  айналып, әлемдік және аймақтық қауіпсіздікке сүбелі үлес қосып отырған ірі халықаралық институт статусына ие болды. Жылдар өткен сайын бұл форумның бұғанасы беки түсіп, қабырғасы қатайып, абыройы артып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының тарапынан кезінде толық қолдау тауып, бүгінде іргелі халықаралық ұйым болуға сәл-ақ қалып тұрған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі де о баста Елбасының төл ұсынысынан туындап, бүгінде тек Қазақстанның мүддесінен ғана емес, әлемдік үдеден де шығатын халықаралық форумдардың біріне айналды. Сырт көз сыншы демекші, аузы дуалы шетел саясаткерлері бұл кеңесті Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Азиядағы баламасы деп жүр. Айтса, айтқандай-ақ көпжақты осы халықаралық бірлік­ке мүше 26 мемлекеттің халқы мен географиялық көлемі тұрғысынан келетін болсақ, әлемдік және аймақтық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қауһарлы да беделді ұйымдардың ең ірісі осы форум болмақ. Бүгінгі таңда бұған ешбір күмән жоқ. Жуырда ғана Астанада үлкен абыроймен түйінделген Елбасының 20 жыл бойы тер төккен, әлемдік мәнге ие интеграциялық жобаларының бірі емес, бірегейі – Еуразиялық экономикалық одақ дүниеге келді. Бұл одақтың бастап­қы идеясын да Елбасы 1994 жылы Мәс­кеудің М.В.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетінде жария еткен болатын. Енді міне, араға 20 жыл салып,  Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің үкіметтері мен сарапшылары  ғана емес, президенттерінің де соншама жыл бойы толассыз жүргізген үшжақты кездесулері мен сараптамалық келіссөздерінің нәтижесі тиянақталды. Үш елдің егемендігі мен территориялық тұтастығына қылау түсірмейтін, таза экономикалық мүдделерді ғана көздейтін, тарихи келісімшартқа негізделген Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. Ең бастысы, бұл Одақтың ережелері  мен шарттары Бүкіләлемдік сауда ұйымының қағидаларына да сай келеді. Демек, ол қағидалар үш елдің  де бұрыннан калыптасып қалған екіжақты немесе көпвекторлы экономикалық байланыстарына ешбір қайшы келмейді және мұның нақты дәлелдерін алыстан іздеудің де қажеті жоқ. Мәселен, Елбасының бастамасымен табанды іске асырылып келе жатқан ауқымды жобалардың бірі әрі бүгінгі таңда дәстүрлі халықаралық үнқатысу алаңына айналып, еуразиялық Давос атанып үлгерген Астана экономикалық форумының аясында Қазақстан жыл сайын бірнеше шетелмен инвестициялық келісімдерге қол жеткізіп келеді. Немесе жақында ғана Бурабайда өткен Шетел инвесторлары кеңесі аясында Елбасы бірнеше трансұлттық корпорациялар мен әлемдік қаржы институттарының жетекшілерімен кездесіп, қомақты инвестициялық уағдаластықтарға қол жеткізді. Демек, Қазақстанның екіжақты немесе көпжақты экономикалық байланыстары  бұдан былай да жалғаса беретініне еш тосқауыл жоқ. Бұл айтылғанның нақты дәлелдерінің және бір көрінісі – кезінде Елбасының бастамасымен өмірге келген Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі. Үстіміздегі жылы Түркияның Бодрум қаласында өткен  Кеңестің ІV саммитіне Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Түрікменстан мемлекеттерінің президенттері белсене атсалысып, экономикаға пайдасы мол туризм тақырыбын күн тәртібінің өзекті мәселесі ретінде талқылады. Осы Кеңестің құрамдас бөлігі болып табылатын ТүрікПА, ТҮРКСОЙ, Түрік академиясы және Ақсақалдар кеңесі де белсенді жұмыс атқарып отыр. Келесі жылы Астанада өтетін V саммиттің күн тәртібі де анықталды.  Елбасы ұсынған нысаналы тақырып түркітілдес мемлекеттердің ортақ ақпарат кеңістігін қалыптастыруға бағышталмақ. Ең бастысы, Елбасы бұл Кеңестің де толыққанды халықаралық ұйымға айналатынына шүбә келтірмейді. Қазақстан Республикасы Прези­дентінің “Қазақстан-2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты  2012 жылы халыққа жариялаған Жолдауы да еліміздің ХХІ ғасырдың бірінші жар­тысының соңына дейінгі тұрақты дамуына бағытталған алып жобалардың бірегейі. Енді міне, сол стратегиялық, саяси-экономикалық және әлеуметтік мәні бар ұзақ мерзімді қамтитын жол картасының аясында қыруар шаралар толассыз іске асырылып жатыр. Олардың ішіндегі ең сүбелісі де өзектісі – елімізді жаппай индустрияландыруға бағытталған мемлекеттік инновациялық бағдарламаның екінші бесжылдығы мен сол бесжылдықтың өзегіне өрілген Астанада өтетін  әлемнің болашақ энергия көздеріне бағышталған “EXPO – 2017 Future Energy” көрмесі. Қорыта айтқанда, жоғарыда тілге тиек болған еліміз бен Елбасы жобаларының қай-қайсысы да әлемдік мегаөзгерістер заманындағы Қазақстанның ХХІ ғасырдағы сын-қатерлерге төтеп беріп, әлемнің оза дамыған 30 мемлекетінің қатарына енуін қамтамасыз ететін, сындарлы ішкі-сыртқы саясат пен экономикалық прагматизмге негізделген нысаналы бағдарламалар екені күмән келтірмейді және олар кезең-кезеңімен сәтті іске асырылып та жатыр. Әрине, аталған мегажобалар мен нысаналы бағдарламалардың кейбірі еліміздің ішкі ресурстарымен қатар шетел инвестицияларын да қажет ететіні түсінікті. Сондықтан, осы қажеттілікті ескере отырып, Елбасы үстіміздегі жылдың маусым айында Бурабайда өткен Шетел инвесторларының кеңесінде еліміздің инвестициялық ахуалын күрт жақсартатын әрі инвесторларды өте ынталандыратын жаңа заңға қол қойды. Бұл заңға салықтармен қатар жұмыс күші мен лицензияларға қатысты  бұрын-соңды болмаған ұзақ мерзімді жеңілдіктер беретін арнайы баптар енгізілді және Қазақстанмен экономикалық байланыс­тары мықты жолға қойылған 10 инвестор мемлекеттің азаматтарына елімізге визасыз емін-еркін енуге мүмкіндік беретін жаңа бап та қоса енгізілді. Прези­денттің бұл қадамы Кеңестің жұмы­сына қатысқан шетелдік ірі бизнес өкілдерінің тарапынан қызу қолдау тапты. Ендеше, Елбасы мегажобалары мен еліміз әлеуетіне сәттілік тілейік, отандастар! Әділ АХМЕТОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. АСТАНА.

Елді ойлаған ер

 image-12-11-13-04-41-18Бүгін өткен шақ туралы айтқанда, біраз нәрсені еске түсіруге тура келеді. Өз алдына шаңырақ көтерген Қазақстан үшін әскери саланы тіктеу негізгі бағыттардың бірі болды, әрі үлкен жұмысты, жауапкершілікті талап етті. Аса маңызды бұл шаруаның басында Мемлекет басшысы тұрды. Елбасының Қарулы Күштерді әуеде, суда және құрлықта әрекет ете алатын үш жақты құрылым жасау тапсырмасы бізге үлкен міндет жүктеді. Мемлекет басшысы нұсқауымен Қарулы Күштерге, оның ішінде Әскери-теңіз күштерін нығайтуға бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын арттырылды. Елбасы Ақтауда шағын Қорғаныс министрлігін құрғысы келді, осы мақсатта мұнда Әскери-теңіз күштері, теңіз жаяу әскерлері және Батыс әскери аймағы, авиациялық база, Әскери-теңіз институты ашылды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­пен алғаш рет 1996 жылы Ақтауда жүздестім. Жасалып жатқан жұмыстар барысымен танысқан Президент маған: «Қане, 1-ші рангалы капитан мырза! Енді бір кездері өзіңіз қызмет еткен Тынық мұхиты, Сахалин аралдары емес, мына өз теңізімізді Каспийді қолыңа ал», деді. Мен әркез осы сөздің үдесінен шығуға ұмтылдым. Жаңа құрылымның жаңа базасы маған аманат етілгендей сезіндім де сол аманатқа адал болуға тырыстым. Елбасы бұл саладағы еңбегімді ескеріп, 1998 жылы маған контр-адмирал атағын берді. Өстіп, еліміздің теңіздегі тұңғыш жоғары әскери шенді адамы атандым. Каспий теңізінен мұнай кен орындарының табылуы және оны өндіруге қадам жасала бастауы бізге кеме құрастыру бағдарламасын жасау қажеттігін ұқтырды. Елбасы осының бәріне зор қолдау көрсетіп отырды. Нұрсұлтан Әбішұлы теңіз­ші болмаса да, осы саланы табиғи интуициясымен жете білетін мықты стратег екенін аңғартты. Қазақ­стан Президентінің атом қаруы­нан бас тартуы әлем елдерінің ықыласын туғызды. Елбасымыз бұған атом қаруын қазақстандықтар қолдана алмайтындықтан немесе одан әрі дамыта алмайтындықтан емес, бейбітшілікті сүйгендіктен осы қадам­ға барды. АҚШ, Қытай, Ресей секіл­ді алпауыт елдермен дос­тық қарым-қатынасты дамытып, өз тәуел­сіздігімізді баянды ету жо­лын­дағы жансебіл істерімен са­раб­­дал саясаткер ретінде танылған Мем­­лекет басшысының Қазақ­стан­да Әскери-теңіз күштерін дамыту, су акватория­сымен өтетін іргені бекі­ту бағытындағы жұмыстары да көңілге қонымды. Мен Ақтау базасының командирі, республика Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы болып жүрген кезімде оған талай рет куә болдым. Елбасы теңізшілерге: «Сіздерді қалай тамақтандырады? Киімдеріңіз жылы ма, ыңғайлы ма? Қане, не киіп жүрсіздер?» деп сұрайтын. Оқу бөлмелерін, сыныптарды аралап көріп, казармаға бас сұқса, тіпті жуынатын бөлмедегі су ағатын шүмектердің дұрыс істеп-істемейтіндігіне дейін мән беретін. Бұл қамқорлық емес пе? Қаржы жетпей қиналған сәттерде: «Шыдаңдар, бәрі болады», дегені әлі есімізде. Қазір қараңыз, өзім білетін 20 жылда бізде материалдық жағдай айтарлықтай жақсарды. Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстанға, Қарулы Күштерге, Әскери-теңіз күштеріне, осы саланың қалыптасып-дамуына тікелей қолдауы өте көп болды, саланы үнемі жіті назарында ұстады. Елбасының адамгершілігі, ізденімпаздығы туралы да көзбен көріп, куә болған жайттарды айта кетуім керек деп ойлаймын. Бірде біз Елбасымен арнайы іссапармен Киевке бардық. Түнгі сағат 2-3-ке дейін Нұрсұлтан Әбішұлының бөлмесінің жарығы сөнбеді. Сөйтсек, Украина Радасындағы кез­десу үшін кітапханадан сол ел­дің кітаптарын алдырып, қа­жетті сөздерді, мақал-мәтел­дерді, деректерді ертеңгі жүздесуде пайдалану үшін түртіп алып отырыпты. Қаншама көмекшісі, нешеме кеңесшісі болса да, жұмысының ауырлығына қарамай, ұйықтамастан түні бойы іздену, кітапқа үңілу деген керемет табандылық қой! Қазақстанның әлемнің дамыған санаулы елдерінің қатарынан орын алып, Мәңгілік Ел болуға ұмтылған талабынан ізденімпаз, табанды, өзгелерге сыйлы Елбасымызды, оның елімді өрге сүйресем деген асқақ мұратын көреміз. Мұндай мұрат барда сенім де бар. Біз елімізді жақсы болашақтар шақырып тұрғанына кәмілміз. Ратмир КОМРАТОВ, контр-адмирал, Ақтау «Кеме жөндеу» зауыты ЖШС бас директоры. Маңғыстау облысы. ф16

Жарқын жетістіктер мен алдағы айқын міндеттер

Ахан ДуйсенбайулыКішкентай сәби дүниеге келгенде ана сүтінен қуат, ана тілінен нәр алып өседі. Осыдан болмақ шығар, қазақ – қанынан, ата тамырынан ел дегенде егіліп, жер дегенде жанын қиюға дайын халық. Ел үшін де, ер үшін де тәуелсіздіктен асқан бақыт жоқ. Неше ғасырдың сынына шыңдалып, қиындығына қай­сарлығымен қарсы тұра алған еліміз тәуелсіздігіне қол жет­кізіп, азаттықты аңсаған арлы халқымыздың болашағына даңғыл жол ашылды. Дүниежүзі таныған, мәнді де сәнді тәуелсіз елге айналды. Қазақ елі бұл күнде әлем мойын­даған биік жетістіктерге жетті, талай шыңдардан шыңдалып өтіп, елдің көшін бастаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың теңдесі жоқ талпыныстары мен жаңа жүйелі ел басқаруының ерекшелігімен әлемде тұрақтылық пен тыныштықтың символына қол жеткізген, айбарлы елдермен тізе қағысқан айдынды мемлекетке айналды. Бүгінде саяси ұстанымдарымыз берік, әлемдегі аса дамыған озық 30 елмен үзеңгілес, көк байрағы желбіреген Қазақ елінің атақ-абыройы асқақтап тұр. Тарихты халық жасайды демекші, ел тағдырын өз қолы­на алған, күш-қайраты берік, ақыл-ойы мен парасаты терең, жаңашылдығы мен алысты болжайтын көреген басшыны құдай бізге бұйыртыпты. Ол – халқының бағына туған Елбасымыз Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев. «Күшіміз – жауапкершілікте. Бірлігіміз – әр алуандылықта. Еркіндігіміз – келісімде. Абыройымыз – игілікте. Қауіпсіздігіміз – ашықтықта. Тәуелсіздігіміз – серіктестікте. Болашағымыз – бүгінде», деп жеті эволюциялық тірекке сүйенген Тұңғыш Президент. Елін әлемге танытқан Елбасы бүкіл түркі елінің жарық жұлдызы деп тегін айтылмайтын шығар, елді біріктірген, дұшпанды бітістірген, дау-дамайды бір ауыз аталы сөзбен ауыздықтап, адамгершілік, парасаттылықтың үлгісі болған данагөй би-сұлтандарымыздың өткен замандағы өнегелі дәстүрін жете білген әрі жалғастырушы Елбасы өзінің ұшқыр ойлары мен өткір шешімдері арқылы қазақ ұлтының маңына жүздеген ұлттар мен ұлыстарды топтастырып, татулық төрін көрсетуде бірліктің теңізін құрған көсем десек, артық айтқандық болмас Халықтың үні, ұлттың тілі мен ділі, Мәңгілік Елдің бастауы – азаттық, теңдік, бостандық, береке, бірлік, бақыт, тәубешілік, ризашылық сынды аяулы сезімдер жетелеген Елбасының бүгінгі негізгі ұстанымы осындай. «Тәуел­сіздік  – Тәңірдің біздің ұр­пақ­қа берген үлкен бақыты, хал­қы­мыздың мәңгілік құнды­лығы» деп атап көрсетті Елбасы. Шын мәнінде еліміздің басты байлығы, баға жетпес жетістігі – Тәуелсіздік. 2010 жылы желтоқсан айының ортасында Елбасы Қазақстандағы барлық аймақтардың инвесторларымен Астанада басқосып, ашық, тартымды әңгіме қозғап, нақты тапсырмалар берді. Негізгі мақсат – барлық инвесторларға өздерінің өндіріс аймақтарында 2011 жылдан бастап тек шикізат емес, таза өнім өндіруге бет бұру керек екенін шегелеп тұрып ескертті. Бүгінде тек қана мұнайдың шикізатынан оннан астам өнім өндіруге болатыны, ал түрлі металдардан да көптеген өнім түрлерін шығаруға болатыны белгілі. Сондай-ақ, Қазақстанның тың және тыңайған аймақтарынан жиналатын қатты сортты бидайды тікелей сатпай ұнға айналдырса, тек соның өзінен қаншама азық-түлік түрлерін, нан-тоқаш өнімдерін дайындап, сыртқы және ішкі нарыққа шығаруға болар еді, сонда олар еліміздің бас­ты табыс көздерінің біріне айналар еді. Сонымен қоса, уран, алтын өндірісінде жаңа технологияларды қолдансақ, байлығымыз еселене түсер еді. Соны ұқсату жағы кемшін соғып жатыр. На­рық­­тық әлемде Қазақстанның барлық аймақтарының өнімдеріне сұраныс өте жоғары, бұл ел эко­но­микасының тиімді көздері, әлеуметтік өмірдің өрлеуі болмақ. Байыбына бара білсек, бұл, көңіл шыны – өмір сыны. Ал жаңа Стратегия – Тәуел­сіз­дігі нығая бастаған жаңа елдің нығыметі, ұлттық идеясы, батыл бағыты, алға ұмтылысы. Көрігі қызған ыстық идея – білім мен ғылымда. Себебі, жарқын идея жайдақ жерден тумайды, жүйелі қалыптасқан инновациялық, интеллектуалды ортада өмірге келмек. Бұл сала­дағы еңбектің қандай түрі болса да еленуі әрі бағалануы керек. Қай кезеңдерде де білім мен ғылыми шығармашылық идеялар қандай азаппен, жанкештілікпен туатыны көпке мәлім. Сондықтан да, білімді ұстаздарды, ғылыми белгілі ғалымдарды тыңдау, ойы­на ой қосу шүкіршілік болмақ. Білімде де, ғылымда да жарасымды бап, әлеуметтік жағдай, бәйекті күй керек. Жаңа, жалынды сөзден гөрі жігерлі іс ең ұтымды бағыт. Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында жаңа эконо­микалық саясаттың басым мін­деттерін ең жаңа техно­логия­лық стандарттарға сәйкес бел­гілеп, өндірістік активтерді жаң­ғыр­ту қажеттігін және бәсе­кеге қабілетті салаларға отандық өнді­ріс күшін салу керектігін атап көр­сетті. Бүгінде инновациялық-техникалық реттеу отандық өнімді тиімді нарыққа жылжытудың ең оңқай тәсілі, бұл үшін не қажет: адам өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі; елдің экономикалық дамуының тұрақтылығы; инно­вациялық өндірісті реттеуде ол­қы­лықты, осалдықты жібермеу; заң нормаларын түсінікті, тиімді жазу; жауапкершілік таныту; ба­қы­­лауды күшейту және т.б. Тәуел­сіздік заманында тауар­лар­дың сапалы болуы – мемлекет үшін орны ерекше зор маңызды мәселе. Елбасы «Нұр Отанның» ХХІ ғасырдағы миссиясын жүзеге асырудағы басты мақсат демо­кратиялық, өркендеген, бәсекеге қабілетті және әлеуметті жүйелі мемлекет құру болып табылады деген. Доктринада атап көр­се­тіл­гендей, білім мен ғылым, бір­лік пен келісім, төл мәдениет пен руханилық, қуатты жаңа эко­номика, әділетті әлеуметтік сая­­сат, зияткерлік ұлт пен жү­йе­лі мемлекет Қазақстанды өр­кен­­дету идеясының маңызды құ­­рам­­дасы. Мемлекет басшысы елдігімізді нығайтуда еңбек өнім­­ділігін еселей арттырып, ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында бұл саланы ауқымды жаңғырту қажет екенін баса көр­сетті, әлемдік азық-түлік на­ры­ғының көшбасшысы болу мін­детін қойды. Бұл үшін ауыл­шаруашылық өнімдерден қайта өңдеу, сапалы тауар шығару мен сату жүйелерін жетілдіру, шағын және орта бизнесті жаңаша дамыту, жер өңдеу мәдениетін жаңар­ту, жаңа жаһандық ғылыми-тех­но­логиялық жетістіктерді пайда­ла­нып, мал шаруашылығында ұлт­тық дәстүрлерді жаңғырту керек. «Адамның санасы не нәрсеге сенсе, адам соған қол жеткізе ала­ды» деген әлемдік қағида бар. Осы сезім қазақстандықтардың бойынан қалай көрініс табатынын Елбасы мемлекеттің жаңа саяси бағытында көрсеткендей, жоғары әлемдік стандарттарға бағытталған еліміздің білім беру жүйесін дәйекті және жүйелі дамыту көзделеді. Сондай-ақ, халықтың рухани-мәдени деңгейін жақсартуға бағытталған шараларға басты назар аударуымыз керек деді Президент. Бұл жағдайда бәсекеге қабілеттілік білімнен басталатынын естен шығармаған жөн болмақ. Ғылым мен білімнің дамуы – адамзат өркениетінің өлшемі. Әлемдік бәсекенің бас­ты шарты – күшті рух пен білім. Қашанда білімі күшті ел озады, білімі әлсіз ел тозады. Бұл – заңдылық. Елбасы Н.Назарбаевтың төл туындысы – Астана қаласы да күн санап өсіп-өркендеп келеді. Нұрсұлтан Әбішұлының астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы бастама көтергеніне де 20 жыл толып отыр. Сол тұста бұл сұңғыла идея жүзеге аса қояды дегенге көпшіліктің көңіл қоспағаны да анық. Енді, міне, мұнда 2017 жылы ЭКСПО көрмесі өткізілетін болып шешілген. Бұл қала көр­кіне көрік қосатын ғаламат же­ңі­сіміз. Алдағы үш жылда ел аузын ашып, көзін жұматын үл­­гі­лі «Қалашық» салынбақ. Қа­­зір­гі ақпараттарға сүйенсек, әлем­нің 100-ден артық мемлекеті Астана-ЭКСПО-2017 көрмесіне қаты­суға тілек білдіруде көрінеді. Осы­лай­ша, Қазақстанның елордасы пла­нетадағы жұлдызы жанған жаңа қалаға айналады десек, мұны Ел­ба­сының жарқын жеңістерінің бірі ғана емес, бірегейі деп нық се­нім­мен айтуға толық құқымыз бар. Қорыта айтқанда, Тәуелсіз­дігіміздің тұғырын нықтай түсуде Елбасының қайраткерлік қасиеті айқын көрінді. Оның өз бастамалары мен идеяларын аяғына дейін жеткізетін қайрат-жігері Астананы қоса алғанда Ақорда мен Пирамида тұрақтылықтың нышанына айналып отырса, «Астана-Бәйтерек» монументі – ұлттық идеяның заманауи сипаттамасы, өмірде іске асқан ойлар шындығының белгісі. Бұл – ұлттық сананың жаңаша өрлеуі! Ахан ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ, экономика ғылымдарының  докторы, профессор. Қарағанды.