16 Маусым, 2014

Футбол. Әлем чемпионаты: Франция – Гондурас 3:0

312 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

16-06-14-france-2

АСТАНА. 16 маусым. Чемпионаттың Е тобындағы Франция және Гондурас құрамалары кееш түнде Порту-Алегри қаласындағы стадионның шаңын қақты. Оның қорытындысында француздар 3:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Матчтың басы біршама жүйке жұқартатындай болып басталды. Гондурас футболшылары қатқыл прессингке жүгініп, тығыз қорғанысты ұстанса, Франция құрамасы оқтын-оқтын шолғыншылық шабуылға ден қойды. Бірақ гондурастық тарапынан жиі орын ала бастаған дөрекілік олардың қақпаға дұрыс соққы жасай алмаулары мен жаға ұстасушылықтарға апара бастады. Ақырында тап үзілістің алдында екінші мәрте «сары қағаз» алған Уилсон Паласиос алаңнан қуылып, гондурастықтар бір ойыншысынан айрылды. Соның артынша француздар қарсы қақпаға пенальтиден гол салды. Оны 45-минутта Карим Бензема орындады. Осы гол еуропалықтарды біршама сабаларына түсіріп, ойлы да орнықты ойын көрсетуге жол ашты. Үзілістен кейін олардың қысымы арта түсті. Соның бір сәтінде, 48-минутта гондурастық қақпашы Ноэль Вальядарес өз қақпасына гол түсіріп алды. Бұл доп бағанға тиіп барып, қақпашы қолынан жерге түсті. Сол сәтте ала бауыр доп қақпа сызығының арғы бетіне өтіп кетті. Ал оны голкипер сол бойда денесімен жаба қойды. Бразилиялық төреші Сандро Риччи аздаған қобалжудан кейін голды санады. Сөйтіп, әділдікке жүгінді. Француздар соңғы голды 72-минутта алыстан қақпаға қарай доп атқаннан кейін түсірді. Оны Бензема іліп әкетіп, бір бұрыштан қақпаға көлбей тастады. Дамир Қожамқұл. Дереккөз: Чемпионат.Ру. Фото: Sportbox.ru.