14 Маусым, 2014

Футбол. Әлем чемпионаты: Чили – Австралия 3:1

301 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

15-06-14-chili-1

АСТАНА. 14 маусым. Чемпионаттың Куяба қаласында Чили құрамасы Австралия командасын 3:1 етіп тізе бүктірді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Әзірге әлем доп додасының барлық матчтары қызықты да есте қалатындай болып өтіп жатыр. Чили мен Австралия арасындағы кездесу де бұдан шет қалған жоқ. Бұған қоса, осының алдындағы матчтардың бәрінде орын алған төрешілердің жүгенсіздігі мұнда байқала қоймады. Сондықтан Кот-д`Ивуар елінен келген Нумандьез Дуэ бастаған арбитрлардың осы өнегелі істері кейінгілерге жұғысты болатын шығар деген үміттеміз. Ал В тобындағы екі команда кездескен бұл ойында сенсация орын алмады. Әйткенмен, «ла роха» арал-континент жасағын ешбір қиындықсыз ұтып шықты деп тағы айта алмасақ керек. Кездесудің басында Хорхе Сампаолидің шәкірттері қарсыластарын таптап өте шығатындай болып көрінген. Олар осы басымдылықтарын екі минуттың ішінде екі голға айналдырып, бірден алға кеткен. Голдарды 12-минутта Алексис Санчес және 14-минутта Хорхе Вальдивия салды. Рас, австралиялықтар бірінші таймда-ақ мұның бір добының қарымтасын қайтарып үлгерген (Тим Кэхилл, 35-минут). Бірақ олардың қарқыны сонымен бітті. Ал екінші таймда осы есеп ойын соңына дейін өзгермеген күйі тұрды. Мұның әлетінде Австралия футболшылары шабуылды үдетті. Егер олардың Тим Кэхилл мен Марк Брешиано секілді форвардтарының соңғы соққылары дұрыс шыққанда, ойынның қалай аяқталарын кім білсін! Дегенмен, чилиліктер осы есепті ұстап қалды. Бұған қоса, қосымша екінші минутта олар тағы бір гол соғып (Жан Босежур) жеңістің жүгін жеңілдете түсті. Дамир Қожамқұл. Дереккөз: Чемпионат.Ру. Фото: Чемпионат.Ру.