14 Маусым, 2014

Футбол. Әлем чемпионаты: Бразилия – Хорватия 3:1

348 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

001-brazil-horvatia-3

АСТАНА. 14 маусым. Кеше таң алдында Бразилия – Хорватия құрамалары арасында аяқталған ойынмен бірге әлемнің мерекелік XX чемпионаты өзінің басталып кетті. Бразилияның Сан-Паулу қаласында өткен маусымашар матчты жаһанның миллиардқа жуық тұрғыны көгілдір экран арқылы тамашалады. Осылайша 31 күнге ұласып, 64 ойыннан құралатын аяқдоп аламанының жарыс жолына түскені де тарихи шындыққа айналды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Ал кешегі түн мен бүгінгі таң алдында дүниелік доп додасының келесі кездесулері келеге келді. Бұл уақыт аралығында Бразилияның үш қаласында Мексика – Камерун, Испания – Голландия және Чили – Австралия жұптары жасыл алаңға шықты. Топтық турнирдегі іріктеу кезеңі үшін бұлардың қай-қайсысы да аса маңызды болып табылады.

001-brazil-horvatia-1

Енді сөз басында байрақты бәсекенің тұсаукесер тұрлауы болған Бразилия мен Хорватия құрамалары арасындағы кездесуге аз-кем тоқталмай өте алмаймыз. Шыны керек, ол мамандар үшін де, жанкүйерлер үшін де ешқандай таңданыс пен сенсация әкеле қоймады. Себебі, футболдан титтей хабары бар жұрттың кем дегенде 90 пайызы бұл күні «селесаоның» басым түсетініне ешбір күмән келтіре алған жоқ. Ал матчтың басы бразилиялық футболшылар ғана емес, сонымен қатар фанаттар үшін де естен тандырарлық оқиғадан өрбіді. Кездесуді үлкен үміттерге еркін арқа сүйей алатындай шабытты да шымыр шабуылдармен аяқтандырған алаң иелерінің кенет күтпеген жерден өз қақпаларына гол соғып алулары біраз жұртты абыржытып тастады.

001-brazil-horvatia-2

Бірақ мұндай-мұндайға еңселері түсіп, жүйкелері жүнжіп кетіп жатса, олар бразилиялықтар бола ма, сәлден кейін-ақ тез жинақталып үлгерген «селесао» серкелері қайтадан бұрынғы ырғақты арналарына түсіп, қарсы қақпадан «бақыт кілтін» іздестірулерін жалғастырды. Мұны олар жиырма минуттың ішінде қарымта голға айналдыра білді. Хорваттардың тіректі аймақта тығыз ойнай алмаулары Неймардың кең кеңістік алып, алға қарай дембіл-дембіл ұмтылып тұруына жол ашты. Бразилиялықтар екінші таймды тіпті қауырт өткізді. Олар бірінші минуттан бастап-ақ қарсы команданы таптап кете жаздады. Ал хорваттар қолдарынан келгендерінше жойқын жорықтарды қайтарып бағып, бір кездері алаң үстіндегі ойынды теңестіруге қол жеткізді. Алайда, таймның орта шенінде жапон төрешісі Юити Нисимура өзінің мұнда текке жүрмегенін анық байқатып қойды. Бұлай дейтініміз, оның 71-минутта белгілеген пенальтиінің әділдігіне күмән көп. Осынының әсері болды ма, бұдан кейін хорваттардың ойыны біраз сетінеп сала бергендей көрінді. Сол кездері алаң иелері есепті өсіре түсуге мүмкіндік те алған. Алайда, одан нәтиже шығара алмағасын олар соңғы он минутта есепті сақтап қалуға ұмтылып, қарқынды айтарлықтай бәсеңсітіп жіберді. Міне, сол кезде «шаршылы» шандоздар ойын тізгінін қолға ұстап, бразилиялықтарды едәуір тықсырып тастады. Осы тұстағы бейқамдық пен тірек аймақтың осалдығы хорваттардың үшінші голды өткізіп қоюларына себеп болды. Бір мезет зымырап қарсы шабуылға шыққан Оскар айып алаңының ішіне жетпей тұрып-ақ қақпаны нысанаға алды. Оның жүгіріп келе жатып тепкен сол добы бағанның бір бұрышына тиіп барып, тордың аясына топ ете түсті – 3:1.  Осылайша Бразилия құрамасы турнирдегі бірінші жеңісті тойлады. Дамир Қожамқұл.