14 Маусым, 2014

* 15 маусым – Медицина қызметкері күні

1834 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Араша Соңғы он жылда еліміздегі туберкулезден көз жұматындар көрсеткіші 72,8 пайызға кеміді Мына өмірде кәсіптің оңайы жоқ. Әйтсе де  әр мамандықтың өз артықшылығы мен  айыр­ма­шылығы болатыны да рас. Бұрнағы күні бір топ БАҚ өкілдері бір күн болса да медицина қызметкерлерінің қиын да қызық жұмыстарына куә болдық. Медицина қызметкері күні  қарсаңында Қазақ онколо­гия және радиология ғылы­ми-зерттеу институты мен Тубер­кулез проблемалары ұлттық орталығында журналистер үшін ұйымдастырылған  «Ашық есік» күніне осы жолдар­дың авторы да қатысты. Осылайша біздер бір күн бойы онкологтар мен фтизиатрлардың қызметін атқарып, дәрігерлердің жұмысын бақылау мүмкіндігіне ие болдық. Әріптестеріміз, тіпті, күрделі ота жасауға да қатысты. БАҚ қызметкерлеріне әлеуметтік маңызы жоғары екі ауруды алдын ала анықтау және оны емдеудің инновациялық технологиялары мен әдістері көрсетілді. IMG_2594 IMG_2616 Әрине, отандық дәрігерлер қа­терлі ісік пен туберкулезді ал­ғаш­­қы сатысында анықтап, оны тиімді әрі тез емдеу мүмкіндіктері артқанын алға тартып жүр. Расында, статистикаға сүйенсек, соңғы он жылда туберкулез ауруларынан көз жұмғандар саны 72,8 пайызға кеміген. Ал Денсаулық сақтау министрлігі қатерлі ісік ауруларын бастапқыда анықтап, оның алдын алу бағытындағы алты бірдей скринингтік бағдарламаның жақсы нәтиже бере бастағанын өмірдің нақты мысалдарымен дәйектеуде. Дәрігерлердің мұндай жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуіне 2012-2016 жылдарға арналған мем­лекеттік онкологиялық көмекті арт­тыру мен туберкулезбен күрес Ұлттық бағдарламаларының көп себі тиген.  БАҚ өкілдеріне арнал­ған «Ашық есік» күні аясында дәрігерлерге көкейдегі түрлі сауалдарымызды қойып, көзбе-көз сұхбаттастық. Көкейкесті сұрақтардың бар­лығына Бас дәрігерлер мен арнаулы мамандар толық мәліметтер беріп, көз алдымызда жүріп жатқан отаның, озық медициналық технологиялардың артықшылықтарына байланысты  адам ағзасына тигізер кері әсерінің аз екенін түсіндіріп берді. Бүгінгі таңда Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мен Туберкулез проб­лемалары ұлттық орталығының барлық бөлімдері әртүрлі дәре­жедегі күрделі оталарды шетел­дік әріптестерінен кем жасамайды және бұл үшін мемлекет қыруар қаржы бөліп, мамандарды алыс-жақын шетелдерде машықтандырып отыр. Медицина әлеміндегі ерекше сапарда біз  «Кох талшы­ғын» көзбен көріп, одан соң онкология институтының «Сәулелі терапия» бөліміндегі жұмыс процесін байқап, институттағы қатерлі ісік­ке шал­дыққан науқастармен сұхбаттастық. Сол сияқты, қазіргі жаңа инно­вациялық-зертханалық техно­логиялардың медицина саласына енгізілуі қатерлі ісік пен туберкулезді тез әрі тиімді емдеуге, науқастар санын біршама азайтуға жол ашқанын да анық сезіндік. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының материалдық-техникалық жүйе­сі жоғары технологиялық құрыл­ғылармен жабдықталған. Институт тек қатерлі ісік аймағына әсер етіп, адам ағзасындағы өзге сау ұлпаларды сәулелендірмейтін соңғы үлгідегі аппараттармен жабдықталған. Қолда бар осы табыстармен таныстырып жүрген Қазақ онкология және радиология ҒЗИ директоры, медицина ғылымдарының докторы Қуаныш Нұрғазиев: – Бүгінгі таңда онкологиялық аурулар арасында сүт безі аурулары алдыңғы орынға шықты. Елімізде жыл сайын 3500-ден аса науқас тіркеледі. Алайда, мемлекет іске қосқан үлкен бағдарлама бойынша науқастардың 78 пайызы­ның дертін алдыңғы сатысында анықтап, емдеуге мүмкіндік бар, – дейді. Облыстық, қалалық, ау­дан­дық туберкулезге қар­сы дис­пансерлерінің бакте­рио­логиялық зертханаларында ту­бер­кулезді ерте сатысында анықтау үшін же­тілдірілген инновациялық-зерт­ханалық технологиялар енгі­зілген. Олар: BACTEС MGIT-960,  Hain-test и Gene-Expert. Сонымен қатар, Gen-Expert аппаратының тағы да 20-сын сатып алу жоспарда тұр. Өз кезегінде Туберкулез проб­лемалары ұлттық орталы­ғы директоры, медицина ғылымдарының докторы Тілеухан Әбілдаев тубер­кулезге қарсы қызметті қаржы­ландыру көлемі жыл сайын артып келе жатқанын, осы мақсатқа тек 2013 жылы мемлекеттік бюджеттен 35472,2 миллион теңге бөлінгенін атады. Соңғы үш жылда қаржыландыру 3 есеге артып, туберкулезге шалдыққандарды жаңа технология мүмкіндіктерін пайдалана отырып емдеу дұрыс жолға қойылған. Осы арада, Қазақстан – бүгінгі таңда туберкулез бен қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін санаулы елдердің бірі екендігін бөле-жарып айтуға тиістіміз. Қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұзарту мен өмір сапасын арттыру мақсатында 2012-2016 жылдарға арналған онкологиялық көмек көрсетуді дамытудың бес­жылдық мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оған бюджеттен 211 миллиард теңге бөлінген. Еліміздің бас онкологы мен Туберкулез проблемалары ұлттық орталығы басшысының айтуынша, бұл көрсеткіштер әлі де жет­кіліксіз, соған орай ауруға қарсы күрес үздіксіз жалғаса береді. Қысқасы, елдегі онкологтар мен фтизиатр-дәрігерлер емдеу тәсілдерін бұрынғыдан да дамы­тып,  әлеуметтік дерттер қата­рындағы қатерлі ісік және туберкулезбен күресте ең тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін қабілет-қарымдарын салып отыр. Қазіргі таңда біздің дәрігерлер үшін ең өзекті мәселе  – осы кеселдерді дер кезінде анықтап, асқындырмай, ауыздықтау болып тұр. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.

Жылдың ең үздік мамандары

Жуырда елордада медицина қыз­­­меткерлері күніне орай Ден­сау­лық сақтау министрлігі соңғы жыл­да­­ры дәстүрлі түрде өткізіп келе жат­­­қан салалық республикалық бай­­­қаудың қорытындылары бел­гілі бол­ды. Оның ішінде «Үздік дә­рі­­­гер-2014» және «Үздік ауыл дә­рі­­­гері-2014» аталымдары б­ойын­ша байқау Астана меди­ци­­налық уни­­­­­верситетінде өткізілсе, «Үздік ме­­­йір­­­гер-2014», «Үздік тәуелсіз са­рап­­­­шы-2014» аталымдары бойынша байқау елордадағы Медицина кол­­­­леджі мен Республикалық ден­сау­­­­лық сақтауды дамыту орта­лық­та­­рында өтті. Дәрігерлер анықталған байқауға бі­ліктілігі жоғары санаттағы, ме­ди­­­цина ғылымдарының канди­да­ты, жұмыс тәжірибесі 10 жылды қам­­титын дәрігерлер қатысты. Ақ же­­леңді абзал жандардың ең­бек­те­рін бағалау мақсатында ұйым­дас­­­тырылған бұл шарада барлығы 21 адам, оның ішінде 14 үміткер «Үз­д­ік дәрігер», 7 үміткер «Үздік ауыл дәрігері» аталымы бойынша бақ сынасты. Байқауға қатысушы үміт­кер­лер өз қызметтері жайлы бейне­ро­ликтер жасап, есеп берді. Ко­миссия мүшелері әртүрлі сұ­рақ­тар қою арқылы олардың білік­тілік деңгейлерін, атқарған ең­бек­терін, сонымен қатар, жаңа техно­логияларды қаншалықты деңгейде меңгергендерін есепке алды. Сонымен, «Үздік ауыл дәрі­гері-2014» аталымында Атырау об­лысы, Қызылқоға ауданынан кел­ген, сондағы орталық аудандық ауру­ханасының невропатолог-дәрі­гері Гүлзира Қази жеңімпаз ата­нды. Қазылар алқасы сон­дай-ақ, Солтүстік Қазақстан об­лысы, Тайынша аудандық ауру­ханасының дәрігер-хирургі Жас­қайрат Бинашевтің, Батыс Қа­зақ­стан облысы, Жәнібек ау­да­нының ауылдық дәрігерлік амбу­ла­ториясының дәрігері Светлана Гоманның еңбектерін жоғары бағалады. «Үздік дәрігер-2014» ата­лы­мында Ақмола облыстық ауру­ханасының неврологиялық бөлімінің меңгерушісі Макшарип Мартазанов жеңімпаз болды. Сондай-ақ, Алматы қаласы №5 қала­лық клиникалық ауру­хана­сының бет-жақ бөлімшесінің меңгерушісі Амангелді Сейіт­құлов пен Ақтөбе облыс­тық балалар кли­никалық ауру­ханасының балалар хирургі Сағидолла Досма­ғанбетов жүл­делі орындарды еншіледі. Республикалық байқаудың басқа да аталымдары бойынша Жамбыл облысының өкілі Шәкизат Қарымбаева 2014 жылдың «Үздік провизоры», Көкшетау қаласы қалалық емханасының қызметкері Жанар Төлеубаева «Үздік мейір­бике-2014» атағын иеленсе, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының Акушерлік және гинекология бөлімінің жетекшісі Талшын Үкібасова «2014 жылдың үздік тәуелсіз сарапшысы» атанды. Рәбия КЕРІМБАЙ. АСТАНА.