13 Маусым, 2014

Шығыс Қазақстан облысында санитарлық тікұшақ екі адамның өмірін сақтап қалды

295 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
vertoletӨСКЕМЕН. 13 маусым. Шығыс Қазақстан облысында үздіксіз дәрігерлік көмек көрсету жүйесі дамып келеді. Мәселен, науқастарды тасымалдауға арналған тікұшақтың пайдалануға берілуі өңірдегі медициналық қызметтің жандана түскенін көрсетеді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. 11 маусымда Семей қаласында өткен медицина қызметкерлерінің күнінде пайдалануға берілген санитарлық авиация қызметі алғашқы күннен-ақ қызу жұмысқа кірісіп кетті. Шығысқазақстандық ақ халаттыларға арналған MD 600 тікұшағы «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша республикалық санитарлық авиация орталығынан бөлінген болатын. Семей қаласы санитарлық авиациясының меңгерушісі Нажия Пронинаның айтуынша, аталған тікұшақ арнайы медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жеке тікұшақтың берілуі Семей қаласынан шалғай орналасқан аудандардағы тұрғындарға жедел көмек көрсетуді жақсартуға септігін тигізетін болады. Тікұшақ берілген күннің кешінде 2 науқас жедел орталық ауруханаға жеткізіліпті. Оның бірі толғағы уақытынан бұрын жеткен аяғы ауыр келіншек болса, екіншісі геморрагиялық инсульт алған жас жігіт екен. Абай ауданының 28 жастағы тұрғынының өмірін сақтап қалуға осылайша жаңадан қолданысқа берілген тікұшақ септігін тигізді. «Егер науқасты дер уақытында ауруханаға жеткізбегенде, инсульт өліммен аяқталушы еді», – дейді тікұшақ бортындағы дәрігерлер. Айта кетейік, аталған тікұшақтың бір ұшуының өзі мемлекет қазынасына 1 миллион теңгеге түседі. Әрине, адам өмірі таразы басына тартылғанда, аталған шығын өзін-өзі толық өтейтінін жоққа шығара алмаймыз. Думан Анаш. Дереккөз: Egemen.kz. Фото: «ҚазАқпарат».