13 Маусым, 2014

Жұлдыздар жарығы

497 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
АЖ 7 Астана күні қарсаңында елордада отандық кәсіби ән жобасы – «Астана жұлдызы» байқауы осымен екінші мәрте өткелі отыр. Қала әкім­дігінің бастамасымен дүниеге келген ұлттық музыка бәйгесін ұйым­дастыруда «Аdam Media Group» компания­сы­ның атқарар рөлі орасан зор. Жақында Бейбітшілік және келісім сарайында өткен баспасөз мәслиха­тында мәдениет пен өнер өкілдері ұлттық музыка сайысы туралы өз ойла­рымен бөліскен еді. Айта кету керек, «Астана жұл­дызы» жобасы алғаш рет Аста­на күнінің 15 жылдығына орай ұйымдастырылған болатын. Кәсіби музыканттар арасын­да кең қолдауға ие болған бәсекелі бәйгенің ұлттық ән өнерін дамы­тудағы рөлін елеп-екшеген ұйым­дастырушылар сайысты жыл сайын өткізуге шешім қабылдап отыр. Жобаның ең басты ерекшелігі – жүлдегерлерді таңдау кезіндегі кәсіби шеберліктің мықты болуы. Бәсекелі бәйгеде бақтарын сынайтын 350 үміткердің шеберлігіне 100 білікті сарапшы-маман лайықты бағасын береді деп күтілуде. Олардың арасында елімізге еңбегі сіңген әртістер, продюсерлер, композиторлар, ақындар, ән мен сән өндірісінің мамандары, сондай-ақ БАҚ өкілдері бар. Қазіргі таңда дауыс берудің осы жүйесі халықаралық көлемде пайдаланылып келе жатқандықтан, «Астана жұлдызы» ән байқауы әлемдегі ең танымал музыкалық бәйге ере­жесіне сай жүргізіледі деп есептелуде. Ән әлеміндегі беделді әрі шоу-бизнестегі ең жарқын жобаға айналған бәсеке негізінен екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде кәсіби мамандар 11 аталым бойынша үш үміткерді іріктейді. Ал 3 шілде күні жеңімпаздар ресми түрде марапатталады. Бұл күні жанкүйерлердің қолдауына лайықты отандық ең үздік танымал жандар мен өнер адамдары қызыл кілем үстімен жүріп өтеді. Өткен жылғы «Астана жұл­дызы» бәйгесінің үш аталымы бойынша лауреат атанған «МузАрт» тобының әншісі Мейрамбек Бесбаев бізбен әңгімесінде: «Өнер адамдары үшін бұл байқаудың алатын орны ерекше. Бұл бізді шабыттандыру үшін көрсетілген үлкен қолдау. Былтыр төрт жұлдызды бәйгені қанжығамызға байласақ, биыл да бәсекеде бағымызды сынайтын боламыз», – дей келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал Астана қаласы әкімдігі мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов, үздіктерді марапаттайтын әлемдік деңгейдегі «Грэмми», «World Music Awards», «БРИТ ЭУОРДС» секілді белгілі кәсіби байқаулар мен сыйлықтар ізімен Қазақстанда дүниеге келген «Астана жұлдызы» байқауының бұйыртса, сондай ірі додалар жолымен үлкен табыстарға жете беретінін тілге тиек етті. БАҚ өкілдері екінші «Астана жұлдызы» бәйгесінің ашылуын өз көздерімен тамашалап, заңғар аспаннан сыйға тартылған жұлдыздың құжаттарымен егжей-тегжейлі танысу мүмкіндігіне ие болды. Солтүстік жарты шардағы Арыстан шоқжұлдызы тобынан «Астана жұлдызын» айқын көру мүмкін еді. Тағы бір ғажабы, «Ғарыш-Жер» халықаралық кітапшасында тіркелген 14-ші көлемдегі жұлдызды телескоппен көруге болады. Еске сала кетейік, өткен жылғы «Астана жұлдызында» Қазақстанның танымал әртістері Роза Рымбаева, Маржан Арапбаева, сондай-ақ «МузАрт», «Ұлытау», «Musicola», «KeshYou» топтары мен жастардан Әли Оқапов, ағайынды Задарновскийлер өнер көрсеткен болатын. Ал биылғы жарыста Астана көгінде кімнің айы оңынан туып, жұлдызы жар­қы­рағалы тұр? Жұлдыздар тек аспанда ғана емес, жерде де туады... Мақпал ТӨРЕБЕК. Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.