13 Маусым, 2014

Әуесқойларға берілген мүмкіндік

256 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Елордадағы «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында «Қазақстан» ұлттық арнасының ұйымдастыруымен «Ғажайып сәт-2014» жобасы басталды. Астана жұртшылығына етене боп үлгерген бұл дүбірлі дода биыл 5-ші рет өткізілуде. Аталмыш шараның ұйымдастырушысы Қазақстан ұлттық арнасы болса, қолдаушысы «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының маркетинг бөлімі. Жыл сайын мамыр айында осы қызу сайысты өткізу қазір дәстүрге айналған. «Ғажайып сәт-2014» әуесқойлар сайысының көздеген мақсаты біреу ғана. Тасада жүрген өнер иелерінің бағын ашып, олардың өнерлерін қалың жұртшылыққа насихаттау. Ең бастысы, шара шарты да өте қарапайым, яғни, берілген 1 минут уақыт көлемінде үміткерлердің ән салуға, би билеуге онымен қоса түрлі аспаптарда ойнауға мүмкіндігі бар. Талантымен бөліскен жанның қабілетіне одан әрі баға беретін – халық. Нақтырақ айтсақ, арнайы түсірілген видео YOUTUBE порталы арқылы көрерменге жол тартады. Ең көп дауыс жинаған қатысушы жеңімпаз атанады. Жыл сайын мамыр мен шілде арасында өткізіліп тұратын бұл сайыстың жеңімпаздарына берілетін сыйлықтар да жыл сайын өзгеріп отырады. Мәселен, былтырғы жылы 1-орынға Түркияға жолдама, 2-орынға IPAD, 3-орынға iphone5 берілген болатын. Бұл жолғы сыйлықтар өзгешелеу. Бас жүлде иегерлеріне Грекияға жолдама, 2-орын иемденушілеріне «RIXOS Бурабай» қонақ үйіне демалып кайтуға мүмкіндік бе­рілсе, ал 3-орынға 100 мың тең­ге көлеміндегі сертификат табыс­талғалы отыр. Рәбия КЕРІМБАЙ.