13 Маусым, 2014

Қазақстан инвестицияның жаңа толқынын күтеді

331 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жақын уақытта Қазақстан эконо­мика­сының инвестициялық бөлі­гіне жаңа серпін пайда болады. Өйткені, шетелдік компаниялардың Қазақ­стандағы жобаларға деген ықыласы айрықша. Астанада өткен Азия даму банкі Басқарушылар кеңесінің (АДБ) 47-мәжілісі, күткендегідей, Қазақ­станды шетелдік инвестиция үшін тартымды мемлекет ретінде көрсетудің зор мүмкіндігіне айналды. Мәжіліс аясында ұйымдастырылған халықаралық инвестициялық конференция экономиканың түрлі секторында жұмыс жасайтын әртүрлі компаниялардың Қазақстандағы жобаларға деген ерекше қызығушы­лығын туғызды. Ол заңды да. Себебі, елімізде инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалуда. Айта кету керек, бүгінгі күні мемлекет экономикасы әлемдік дағдарысқа қарамастан, тұрақты өсіп келеді. Айталық, соңғы 12 жылда Қазақстанда нақты ІЖӨ орта есеппен 8 пайызға өсті, жалпы инвестиция 2005 жылдан бастап 180 миллиард доллардан асты. Азия елдерінің Қазақстан экономикасына бағыттаған тікелей инвестиция ағымы соңғы 8 жылда 23 миллиард доллардан астам қаржыны құрады (Жапония – 4,2 млрд., Корея – 3 млрд., БАӘ – 1,8 млрд., Түркия – 1,5 млрд.). Ал, Азия елдеріне қатысты сауда қарым-қатынасына келетін болсақ, 2013 жылы тауар айналымы 37,7 миллиард долларды ( 2012 – 36,5 млрд. доллар) құрады. Жалпы, құны 12,3 млрд. доллар 40 жоба жүзеге асырылды, тағы да құны 28,4 млрд. болатын 45 жоба қолға алынуда және 25,8 млрд.долларға тең 39 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осы ретте Қазақстан инвестиция­лық ахуалды түбегейлі жақсарту мақсатында жаңа талпыныс жасауға ниетті. Қазіргі уақытта инвесторлар үшін кедергілерді жоюға, жаңа инвестициялық тетіктер құруға, қол­дауға бағытталған ынталандыру жолдары енгізілуде. Олар «жасыл дәліз» ұстанымы бойынша визалық режімді жеңілдету (ең дамыған елдер азаматтары үшін 90 күнге дейін), инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тарту үрдісін жеңілдету, салықтық жеңілдіктер мен артықшылықтар енгізу. Сондай-ақ, қосымша ынталандыру ретінде нысан пайдаға берілгеннен кейін мемлекет тарапынан (инвестициялық субсидия) капиталды шығынның 30 пайызына дейін өтемақы төлеу, 10 жылға ҰКС төлемінен босату, мемлекеттік мекемелер, ұлттық компаниялар мен ұлттық холдингтер тарапынан инвесторлар қызметі мен тауарына кепілдендірілген ұзақ мерзімді тапсырыс беру көзделуде. Қазақстанның инвестиция үшін ең тартымды мемлекет екеніне халық­аралық сарапшылар да сенімді. Азия даму банкі президенті Такехико Накао бүгінгі күні біздің еліміздің ғаламдық нарықта ғаламдық деңгейде салмақты орынға ие екенін айтты. «Сіздер географиялық орналасуларыңызға қарай Азия мен Еуропа арасындағы көпір бола аласыздар. Сондықтан бізде, осы мақсатты жүзеге асыруға мүмкіндік беретін инфрақұрылым, логистикалық басымдықтарға жол ашатын арнайы бағдарлама бар», деді ол. Бизнес-қауымдастық өкілдері өздерінің Қазақстанға деген қызығу­шылығын жасырып қалма­ды. Toyota Tsusho Corporation Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Такуя Ичихаши «бизнестік әріптестерін» Toyota салған жолмен Қазақстанға инвестиция салуға шақырды. Ол «Біздің болашақ мүмкін­діктеріміз зор. Қазақстан Еура­зия кіндігінде орналасқан. Қазақстанның айналасында мықты өсу әлеуетіне ие қаншама мемлекеттер орналасқан. Сондықтан, біз Қазақстанға инвес­тициялау арқылы тұрақты дамуды қамтамасыз ететінімізге толық сенеміз», деді. Ал, Toyota Tsusho Corporation компа­ниясының өзі еліміздің агро­өнеркәсіптік кешенін инвестициялау арқылы Қазақстанда ұзақ уақыт жұмыс жасауға дайын. Басқа да шетелдік компаниялар өз ниеттерін ашық білдірді. Оған ин­вес­тициялық жобалар көрмесінде келіссөздер толқынының бір сағатқа да толастамауы дәлел бола алады. Шетелдік инвесторлардың қызығу­шылығы кен-металлургия кешенінен мұнай-газ саласына және аграрлық секторға дейінгі кеңістікті қамтыды. Инвесторлар қазақстандық нарыққа шығып, бірлескен кәсіп­орындарды дамытуға, өз мүмкін­діктерін кеңейтуге дайын. Оның үстіне мемлекет тарапынан қолайлы жағдай жасалып отыр. «Егемен-ақпарат». 
Соңғы жаңалықтар