13 Маусым, 2014

Құралдар өзімізде жасалады

468 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Облыс орталығындағы «Павлодар Технопарк» және «Дафа» ЖШС-лері отандық өнім, қазақстандық үлес деген шақыруларға үн қосып, коммуналдық  шаруашылық саласына және ауылшаруашылық жұмыстарына керекті техникалар жасап шығаруда. P1050712Мысалы,  «Павлодар Технопарк» ЖШС  болса, ауыл шаруашылығына қажетті, науқандық жұмыстарға арналған түрлі техникалар жасайды. Және де ескі техникаларға жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Ал, біз арнайы көруге келген қала шетіндегі  «Дафа» серіктестігі ауыл шаруашылығы мен коммуналдық салаларға қажетті құрал-саймандар шығарады. Бірнеше цехтардан тұратын кәсіпорында  МТЗ маркалы  тракторларға арнап  құрастырылатын тіркемелі тырнауыштар, шөп маялағыштар, трактор шөміштерінің, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында пайдаланылатын көше тазалағыш құралдардың түр-түрі жасалады. Бәрі де арнайы киімде, қорғаныш қалпақтарын киген. Бір шетте дәнекерлеушілер, енді бір цехта станоктар  дамылсыз жұмыс істеуде. Цех ішінен біз жаңа ғана жасалып шыққан қар күрейтін құрылғыны көрдік. Жергілікті жерден шыққан дайын құрал біздің көз алдымызда жасыл түске боялып жарқырап шыға келді. Трактордың алдына осы құрылғыны орнатып алып, қыста қар басқан ауылдың көшелерін тазалап шыға аласыз. Кәсіпорын директоры Қайырбек Селикановтың айтуынша, бұл құралдарды, техника түрлерін жасау үшін бөлшек темірлерін Қарағандыдан, Ресейден әкелгенімен қазақстандық үлес салмағы басым. P1050707– «Дафа» жасайтын ауыл шаруашы­лығына арналған техникалық құралдар өзіндік сызба жұмыстарымен, үлкен жобалармен жасалады. Арнайы рұхсатымыз да бар. Біздің жұмысшыларымыз тек сапалы өнім деген ұранмен еңбек етеді. Кәсіпорынның тәртібі, талабы сондай. Еңбекақылары жақсы, уақтылы алады. Өзіңіз де көрдіңіз ғой жігіттерді, бәрі де өз ісінің шеберлері, – дейді Қайырбек Құсанұлы. Ал, біздің бір байқағанымыз, кәсіп­орын ұжымының басшыларына деген ерекше сыйластықтары, ілтипаттары болды. Қарапайым, сабырлы, жұмсақ мінезді Қайырбек Құсанұлы үнемі жұмысшылармен цех ішінде, бірге араласып, ақылдасып жүретін көрінеді. Зейнет жасына жетсе де, өзі құрған, өзі ойлап тапқан құрал-жабдықтарын, орыс-қазақ араласқан тату-тәтті еңбек ұжымын тастап кеткісі жоқ.  Серіктестікте  37 адам еңбек етуде. Жылына 150 миллион теңгенің өнімдерін  шығарады. Соңғы жылдары  еліміздегі және жергі­лікті жердегі ауылшаруашылық құрылымдары «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы  «Дафаның» құрал-саймандарын лизинг жүйесі арқылы сатып алуда. Әрине, ауыл шаруашылығына қажетті мұндай құрал-жабдықтарға сұраныстың болатынын айтпай-ақ түсінікті. Алдағы жылы «Дафа» Ресей нарығына шығуды жоспарлап отыр. – Қазір кәсіпкерге қолдау көрсетуді ойластырудамыз. Кәсіпорынның өндіріс­тік  талаптарына сай келетін нысан қажет, –дейді облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әшімбетов. Екінші бір ұсыныс, «Дафа» жеке­мен­шіктің қолындағы өндірістік алаңды сатып алу үшін «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде бірлескен кәсіпорын құру  арқылы ғимаратты сатып ала алады. Кейін кәсіпкер ӘКК-ден үлесін біртіндеп сатып алу арқылы кәсіпорынды өз меншігіне қайтарады. Бұл күндері Беларусьтің тракторлары арнайы күрегіш бульдозерлер, шөп маялағыштар, крандар, жүк көтергіштер, сабан, шөп көтеретін құрылғылар шығарылады. Әрине, ауылдықтар, шаруа қожалықтарының бәрінің мұндай әмбебап тракторды сатып алуға мүмкіндіктері жете қоймайды. Сондықтан, өнертапқыш кәсіпкер Селиканов  «Беларусь» тракторына орнататын  ауылшаруашылық құрылғыларын ойлап тапқан. Сөйтіп, Селикановтың ойлап тапқан «Дафасы»  «Самұрық-Қазына» АҚ-та еліміздегі жалғыз құрастырмалы отандық та­уар шығарушы ретінде тіркеуде тұр. Қазір «Дафамен» «ҚазАгроҚаржы»АҚ, «АгроТехЦентр-Гарант», «Ақжол-Агро Бизнес», «СемАЗ», «АгроМашХолдинг»,  «Диқан» сияқты көптеген серіктестіктер жұмыс жасауда. Биыл жүзге жуық құрастырмалы құрылғылар жасалады. Кәсіпорынның алдағы жоспарында  өндірісті кеңейтіп, Кеден одағы аясында ресейлік «Спецоборудование-2» ЖШС кәсіпорнымен бірлесіп ауыл шаруашылығына арналған техникалар шығаруды жалғастыру болып отыр. – Біздің «Дафа» елімізде өтетін көптеген көрмелерге қатысады. Көрмеге апарған құрал-жабдық, құрылғыларымыз түгелдей сатылып кетеді. Отандық өнімнің көзге жарқырап көрініп тұрған сапасы, қажеттілігі, жетістігі, жеңісі деген осы. Арқалап қайтадан алып келген күніміз болған емес, – дейді  «Көшбасшы өндірісші» атағы бар Қайырбек Селиканов. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан».        ПАВЛОДАР.