13 Маусым, 2014

Екіжақты жылы жүзді жүздесу

323 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Шетел инвесторлары кеңе­сінің  отырысы аясын­да Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев Италия Республикасының Премьер-министрі Маттео Ренцимен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Италия ынтымақтастығының сау­да-экономикалық және ин­вестициялық салаларды қамтыған басымдығы бар бағыттары талқыланды.  12-06-09 12-06-10 Нұрсұлтан Назарбаев М.Рен­циді Италияның Пре­мьер-министрі лауазымына та­ғайын­далуымен құттықтады және екі­жақты қатынастардың қар­қынды дамып келе жатқанын атап өтті. – Қазақстан сіздің елмен жақсы қарым-қатынасқа мүдделі. Италия – біздің ірі сауда және инвестициялық серіктесіміз, біз өзара ықпалдастығымызға жаңа серпін бере аламыз. Мен сізді біздің елге ресми сапармен де келуге шақырамын, – деді Қазақстан Президенті. Италия Премьер-министрі  өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаевқа осы кездесу үшін алғысын білдіріп, Қазақстанға ресми сапармен келу туралы шақыртуды зор ризашылықпен қабыл алатынын айтты. Сонымен қатар, келіссөздер барысында мұнай-газ, көлік, энергетика және ауыл шаруашылығы секілді салалардағы қарым-қатынастарды дамыту перспективалары қарастырылды. Сондай-ақ, 2014 жылдың екінші жартысында Италия төрағалық ететін Еуропалық одақпен Қазақстанның өзара іс-қимыл тақырыбы да қозғалды. Бұдан бөлек, Н.Назарбаев пен М.Ренци халықаралық күн тәртібіндегі мейлінше өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті мен Италия Премьер-министрінің қатысуымен келесі құжаттарға қол қойылды: – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ пен «ЭНИ С.п.А.» компаниясы  арасында Исатай геологиялық барлау жобасын және кеме жасау/кеме жөндеу зауытының құрылысы жобасын жүзеге асыру туралы  келісім; – Қазақстан Республикасы­ның Индустрия және жаңа техноло­гия­лар министрлігімен «Ивеко С.п.А.» және «Аллюр Групп» ЖШС ара­сындағы Өзара түсіністік туралы меморандум. Қол қою рәсімінен кейін Нұр­сұлтан Назарбаев пен Маттео Рен­ци бірлескен мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы Қа­зақстанның Италиямен қарым-қатынастары көптеген бағыттар бойынша қарқынды дамып келе жатқанын айтты. – Италия – Қазақстанның Еуропадағы стратегиялық және экономикалық серіктесі. Қол жеткен келісімдер екі елдің арасындағы серіктестікті жоғары  деңгейге көтеретін болады. Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-саттық  14 миллиард доллардан асады. Қазақстандық жалпы сыртқы тауар айналымының 13 пайызы осы елдің үлесіне тиеді. Италиялық инвестициялардың біздің экономикадағы жалпы көлемі 6,5 миллиард долларды құрайды. Сонымен қатар, Италия қазақстандық мұнайдың ірі тұтынушысы да болып табылады. Қазақстан өткізетін ЭКСПО көрмесіне де Италия  белсене қатысады деп ойлаймыз. Халықаралық деңгейдегі бірқатар мәселелерде екі елдің  ұстанымдары ұқсас. Осындай ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғаса береді деп сенемін. Себебі, Италия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық еліміздің тәуелсіздік алған жылдарынан бері дамып келеді,  – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Ита­лияның Еуропалық Одаққа алдағы төрағалығына Қазақстан үлкен үміт артатынын, өйткені, біздің ел онымен кең көлемдегі серіктестік туралы келісімге қол қоюға дайындалып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті бұрыннан «Эни Групп» компаниясы Қашаған кен орнында жұмыс істеп келе жат­қанын, болашақта да бұл ком­панияның жұмысы жемісті бола беретініне сенімді екенін, бұ­ған қоса, Италия қазақстандық мұ­найды ең көп  тұтынушы елдердің санатына жататынын айтты. – Сіздің Қазақстанға жаса­ған сапарыңыз Италияның біз­дің елімізге деген достық және әріптестік ниетінің бір көрінісі болып отыр. Сондықтан, біз болашақта да екіжақты әріп­тестігімізді дамыта береміз деп ойлаймын, – деді сөзінің соңында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев. Өз кезегінде М.Ренци Қа­зақ­стан тарапына өздеріне көр­сеткен  қонақжайлығы үшін алғысын білдіре келе, Қазақ­станның италиялық компания­ларды қолдап келе жатқаны үшін ризашылығын жеткізді және елімізді алдағы уақытта ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізетіндігімен құттықтады. Италия Премьер-министрі  қазақ­стандық экономика үшін «Эни» компаниясының инвес­тициялары маңызды мәнге ие екендігіне тоқталды және ита­лиялық «Фиат», «Итал­чи­мен­ти» және «Финмекканика» ком­па­ниялары Қазақстанмен ынтымақ­тастықты дамытатынына үміт­тенетінін жеткізді. «Менің Италия Премьер-ми­нистрі қыз­метін атқарғаныма  жүз күн болды. Сондықтан,  мен екіжақты бай­ланыстардың дамуы­на өз тара­пымнан үлес қосқым келеді. Қазақстан мен Италия арасын­дағы ынтымақтастық уа­қыт өте келе қазіргі кездегіден де нығая түсетініне сенімдімін. Мен Сізбен Астанада әлі де кез­десеміз деп ойлаймын. Бұл кездесу Италиядан бизнесмендер келген кезде бұдан да үлкен пішінде жүзеге асатыны анық», деді Италия  Премьер-министрі. Біз бүгін мұнай саласы бойынша өте маңызды құжаттарға қол қойдық. Қазақстан – басқа да табиғи ресурстарға өте бай ел. Болашақта басқа салалар бойынша да әріптестік орнатып қос мемлекет арасындағы ықпалдастықты жандандыра беретін боламыз, – деді жылы жүзді жүздесудің соң­ын­да Қазақстан басшысы Н.Назарбаев. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.