13 Маусым, 2014

Өңіраралық ынтымақтастық әлеуеті

265 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
0001-234Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Ілмұханбетова брифинг өткізді. Онда негізінен еура­зиялық интеграция аясындағы өңір­ара­лық ынтымақтастықтың нәтижелері сөз болды. Алдымен ол өңірдің сыртқы сауда айналымынан қысқаша ха­бар­дар етті. Оның айтуынша, өткен жылы облыстың сырт­қы саудадағы тауар айналымы 10 миллиард долларды құра­ған. Бұл 2012 жылғымен салыс­тырғанда 15 пайыздан астамға көп. Мұның 9 миллиард доллары экспортқа шығарылған тауар­лардың үлесіне тиеді. «Кеден одағының жұмыс істей бастауы өңірдің экономикалық көрсеткішіне жаңаша серпін беретіні байқалып отыр, – деді Шолпан Ілмұханбетова. – Өткен жылдың өзінде ғана Маңғыстау облысының Ресей мен Беларусь елдері арасындағы тауар айналымы 113 пайызды құрап, 217 миллион долларға жетті. Оның ішінде Ресеймен 14 пайызға, Беларусьпен 6 пайызға артты». Шолпан Ілмұханбетова об­лыстың Ресей мен Беларусь кә­сіп­орындары арасындағы бай­ланыстарға да тоқталды. Әкім орын­басарының атап өтуінше, облыс­тың кәсіпорындары ресей­лік және беларусьтік компаниялармен бірлескен жағдайда түрлі тауарлар өндіруді, жүк тасымалдауды жолға қойған. Бүгінде облыста және аталған елдер аумақтарында 300-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп келеді. «Бірлескен кәсіпорындардың ойдағыдай жұмыс істеуі жергілікті бюджетке түсетін қаржы көлемін арттыра түсуде, – деді облыс әкімінің орын­басары. – Мысалы, өткен жы­лы бірлескен кәсіпорындардан бюд­жетке түскен қаражат 13 пайызға артты». Маңғыстау облысында азық-түлік түрлерінің бағасы рес­пуб­лика бойынша ең жоғары еке­нін статистикалық мәліметтер көрсетеді. Алдағы жылдары бұл мәселе шешімін табатын секілді. «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыру көз­деліп отыр, – деді Шолпан Іл­мұ­ханбетова осы жөнінде. – Облысқа азық-түліктің 85 пайызға жуығы өзге аймақтардан әкелінеді. Мы­салы, сүт пен көкөніс түрлерінің бар­лығы дерлік Ресей мен Бела­русьтен жеткізіледі деуге болады. Осыны сәл де болса азайту мақсатында бұдан екі жылдай бұрын Беларуське барып, олар­дың агроқалашықтары тәжіри­бе­лерімен танысқан едік. Енді белорустермен бірлесіп, агроқалашық салуды жоспарлап отырмыз». Шолпан Ілмұханбетова, сон­дай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ жұмыс істей бастаған соң, облысқа еңбек ресурстарының ағылатыны жөнінде де өз ойын білдірді. «Қазіргі кезде біздің облыста Ресей мен Беларусьтің бір мыңға жуық азаматы жұмыс күші ретінде тіркелген, – деді ол. – Өңірде бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Сол жобалар іске қосылған соң, тағы бір мыңға тарта маман келеді деп жоспарлануда. Олар біліктілігі жоғары мамандар болуы тиіс. Өйткені, өте сирек және заманауи технологияларды игеруге білікті, тәжірибелі мамандар қажет. Бұл мамандар мұнай-газ секторы мен машина жасау саласына тартылады». Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».