13 Маусым, 2014

Оралу

526 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Балдәурен балғын шағы мен мектеп қабырғасында өткізген жасөспірім кезеңін елжіреп, емірене еске алмайтын жан сирек. Қалай дегенде де бұл адамның ең алаңсыз, қамсыз кезі. Өзі та­бал­дырығын аттаған алтын ұя – мектебіне еркелейтін шағы. Жа­рықтық Қадыр ағамыздың «Мектеп» деп аталатын бір тамаша өлеңінің соңғы түйіні былайша өрілмеуші ме еді. Амал не, арман етіп серкелікті, Аңқау кез мезгілінен ерте өліпті. Өмір де мектеп дейді, өмір бірақ, Мектептей көтермейді еркелікті. Рас қой. Қайран, Қадағаң, қалай дәл тауып, әдемі ой түйе білген десеңізші. Сөз жоқ, өмір мектептегідей еркелікті көтере алмайды. Мектепке деген сағыныштың басты сыры мен сиқыры да осында. Әлдеқашан мектеп бітіріп кеткен түлектердің ұшқан ұясына бір соғып, оралғысы келіп тұратыны да сондықтан десек ше? Бұл арада ең басты айтайын­ дегеніміз – биылғы соңғы қоңы­рау күні Орал өңірінде мектеп бітіргендеріне 20, 30, 40 және 50 жыл болған түлектердің қалың тобы ой мен қырдан бас қосып, ұшқан ұяларына қайта оралды. Бұл – парасаттылық пен бекзаттықтың көрінісі. Мектепке әрі бір кездерде өздерін оқытқан ұстаздарға деген шәкірттік құрмет пен ілти­паттың белгісі. Сондай-ақ, мұн­дай емен-жарқын кездесулер – бұрынғы мектеп бітірушілер мен бүгінгі түлектердің арасындағы сабақтастық қарым-қатынастарды жалғастыра алатын тәлімі мен тағылымы мол шара. Ал, таза адами тұрғыдан қарастырғанда мектепке оралу – әр адамның ойын да, бойын да кәдімгідей сергіте ала­тын, «балалық шаққа саяхат» жа­саудың таптырмайтын тетігі. Бала кезге деген сағыныш сартабын басудың өрісті де өнегелі жолы. Бұл жөнінде Мұхит атындағы Қаратөбе орта мектебін 1964 жылы бітірген түлектер атынан кездесуден кейінгі әсерлерін «Егеменнің» облыстағы меншікті тілшісімен бөлісуді қажет деп тапқан зейнеткер ағамыз Төлеген Сафуллин сыр тиегін былайша ағытты: – Біз биылғы 25 мамыр кү­ні­ арада 50 жыл өткен соң республикамыздың әр түкпірінен ұшқан ұямызға құйылған кезде туған жер төсінде жиделер гүлдеп, жұпар иісі көкіректі жарып тұрғанына куә болдық. Көптен естілмеген бозторғай әні мен орман көкегінің үніне құлақ түрдік. Жанымыздан зу-зу етіп ұшқан айыр-құйрық қарлығаштарға сүйсіне қарадық. Аудан орталығының іргесінен ағатын Қалдығайты өзені де сол баяғы күйінде. Біз сол күні бұрынғы мектеп директоры Елтай Кахов және ол кісінің зайыбы, Батыс Алашорда көсемдерінің бірі Бижан Жанқадамовтың қызы Сара Бижановамен бірге 1918 жылы Батыс Алашорда съезі өткен орынға барып, тәу еттік, – деді ол. Бұдан кейінгі кезеңде Төлеген ағамыз жоғары білім алу бұдан 50 жыл бұрын Қаратөбе орта мектебін бітірген барлық түлектердің асыл арманы болғанын айтып берді. Олар осы мақсаттарына қол жеткізді деуге де болатын секілді. Өйткені, 11-сыныпты бітірген 23 ұл-қыздың 18-і сол жылы жоғары және арнаулы оқу орындарына түсіпті. Олардың арасында бүгінгі күні есімдері елге танылған ұстаздар мен дәрігерлер, мәдениет, өнер қайраткерлері мен ғалымдар, ел басқарған азаматтар да баршылық. «Ал он жыл емес, он бір жыл оқыған себебіміз, қосымша «Малшы-механизатор» мамандығын алып, оны аттестатқа түсіру үшін бір жылды артық оқыдық. Тәйірі, ауыл баласы малдың жайы мен тіркемеші болуды білмейтін бе еді. Текке кеткен жыл болды мұнымыз. Бұл КСРО-дағы хрущевтік кезеңнің соңғы жылы еді», дейді Т.Сафуллин. Сірә, партадан басталатын ең алғашқы махаббат, «терезенің жақтауына қыздардың атын ойып жазатын» мөлдір сезім, ұстаздар мен ата-аналар туған жер топырағы, сағыныш пен қимастықтан тұрса керек. Ендеше, «Егеменге» 1964 жылы түлеп ұшқан армандастары мен құрдастарының ақжарма аманаттарын айта келген Төлеген ағамыз әлгінде айтылған екі сөзге, яғни сағыныш пен қимастық сезім­деріне екпін түсіруімізді өтініп еді. Әлбетте, біз ол кісінің айтқанына қиянат келтірмей, осы жолдарды жазғанды жөн деп білдік. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.