13 Маусым, 2014

Жұлдызы жанған шаңырақ

1046 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Еліміздің жаңа астанасында музыкалық білім беретін жоғары оқу орнын ашу идеясы Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа тиесілі екені баршаға белгілі. Бүгінде құрылғанына аз ғана жылдар өткен Қазақ ұлттық өнер университеті өнер мен білімнің заманауи әрі танымал ордасына айналып отыр. oner 14 Елордадағы Қазақ ұлттық өнер университеті жас Астананың мәдени өмірінің көрігін қыздырып, әртістер мен музыка мамандарын, орындаушы ұжымдарды даярлау мақсатында, одан гөрі салмақтырақ айтсақ, болашақта мызғымайтын рухани әлеуеттің қалыптасуын көздеп құрылған оқу орны еді. Алғашында Үкіметтің қаулысымен 1998 жылы ашылған оқу орны «Қазақ ұлттық музыка академиясы» деп аталды. Оған Қазақстан Республикасының халық әртісі, профессор Айман Мұсақожаева ректор болып тағайындалды. Міне, осы жылдардың ішінде оқу ордасының көркейіп, дамуы, заманауи білім ошақтарымен терезесінің теңесуіне ректор бастаған ұжымның ақыл-ой қуаты жұмсалып, қажырлы істер атқарылды. А.Мұсақожаева оқу ордасының Ақмоладағы бұрынғы Чайковский атындағы №1 музыка мектебi мен музыка колледжiнiң арқауында құрылғанын, оны қа­зірге деңгейге жеткізу оңайға соқ­пағанын айтады. «Білікті маман­дардың тапшы­­­­лығын былай қойған­да, олардың әлеуметтік мәселе­лерін шешу, орналастыру же­ңіл тиген жоқ. Мұның сыртында білім ордасына керекті құрал-жабдықтар мен музыкалық аспаптардың жетіспеушілігі, оқу аудиторияларының аздығы, қа­ражат тапшылығы біраз қиын­дықтар туғызды. Тәжірибе алмасу үшін шетелдік музыканттарды шақыру міндеті де алдымызда тұр­ған болатын. Осындай күрделі кезең­дерде Елбасының сенімі мен қамқорлығы жанымызға демеу болды», – дейді. 1998 жылы Астананың халықаралық тұсаукесерімен бірге бұрынғы Қазақ ұлттық музыка ака­демиясының, ал қазір Қазақ ұлттық өнер университеті деп аталатын үлкен оқу орнының тұсауы кесілді. Міне, сол кезден бастап білім ордасы елордамен бірге көркейіп, жаңа белестерді бағындырумен келеді. Алғашында Музыка академиясында кәсіби мамандарды дайындау бірыңғай үздіксіз әрі кешенді білім беру жүйесіне біріктірілген болатын. Балаларды музыка әлеміндегі алғашқы қадамынан бастап, кәсіби шеберлікті меңгергенге дейінгі аралықтағы білім мен тәрбиесін үздіксіз беру туралы ректор А.Мұ­сақожаеваның идеясы Елбасы тарапынан қолдау тапты. Яғни, академияның жанынан ашылған мектепте музыкалық біліммен сусындаған жеткіншектерге ары қарай да үзіліссіз білім алуға барынша мүмкіндік жасалды. Бұл жүйе музыкалық білім берудің заманауи моделін жүзеге асыруға әрі әлемдік стандартқа сәйкес оқытуға жол ашты. Жаңа оқу орны алғашқы күннен бастап профессорлық-оқытушылық құрамын білім мен мәдениет саласындағы жаңа идеяларды қабылдап, оны іске асыруға қабілетті мамандардан жасақтауды мақсат етті. Академияда жұмыс істеуге – Мәскеу, Ленинград, Ново­сібір, Ташкент, Алматы кон­сер­ваторияларының түлектері шақы­рыл­ды. Ол кезде Музыкалық ака­де­мияның құрылымы 5 факультет, 22 кафедраны қамтитын. 2002 жылы «Актерлік шеберлік» және «Режиссура», 2003 жылы «Эстрада» мамандықтарына алғашқы студенттер қабылданды. Ал, 2007 жылы орган және арфа сыныптары ашылды. Бір ерекшелеп айтатын нәрсе – оқу орны ашылған алғашқы жылдардан бастап-ақ студенттер мен оқытушылар өз елімізде де, шетел­дерде де өнер көрсетіп келеді. Лон­донда, Берлинде, Венада, Зальц­­бургте, Сан-Бартоломеода, Вати­­канда, тағы басқа да ірі қала­лар­да ұйым­дастырылған концерттер арқылы «академиялықтар» лайықты бағасын алған. 2008 жыл­ғы сәуірде ҚР халық әртісі Айман Мұсақожаева студенттердің Еура­зия симфониялық оркестрімен (жетекшісі – КСРО халық әртісі Саулюс Сондецкис) Қазақ ұлттық му­зыка академиясының 10 жылды­ғына орай «Вена – Прага – Буда­пешт» халықаралық турнесін жасап, зор табыспен оралғаны күні кешегідей есімізде. oner 3 ERA_2255Ал, Үкімет қаулысына сәйкес «Қазақ ұлттық музыка академиясы» жаңа мәртебе иеленіп, «Қазақ ұлттық өнер университеті» болып аталғанына да, одан сәл кейінірек елорданың сол жағалауына салын­ған әсем де сәнді ғимарат «Шабыт» сарайына көшіп келгеніне де бес жылға жақындапты. Университет басшылығы бұл жолы Музыка академиясындағы озық дәстүрлерді жалғастыра отырып, инновациялық типтегі заманауи оқу орнын қа­лыптастыруды, мектеп-колледж-­бакалавриат-магистратура бойынша үздіксіз білім беру моде­лін жүзеге асыруды басты мақсат ретінде ұстанды. Білім беру құ­рылымы халықаралық стандарттық жүктелімге сәйкестендірілді. Жоғары оқу орнының қайта құры­луына байланысты 2010-2011 оқу жылы жаңа шығармашылық мамандықтар: мәдениеттану, өнер­тану, хореография, кескіндеме, мү­сін, режиссура, операторлық өнер, сценография ашылып, талапкер­лер қабылдана бастады. Қазақ ұлт­тық өнер университеті білім беру, ғылыми-зерттеу, шығар­ма­шы­лық-орындаушылық, мәдени-ағарту­шылық салаларды біріктіре отырып, мектеп-колледждің 5 бағдар­ламасы, бакалавриаттың 20 бағдар­ламасы, магистратураның 15 бағдар­ламасы бойынша мамандар даярлауда. oner 1 Қазіргі кезде Қазақ ұлттық өнер университетінде алты факультет жұмыс істейді. Атап айтқанда, кең ауқымды құры­лым­дық бөліктің бірі – музыка факультеті. Арнайы фортепиано, міндетті форте­пиано кафедралары, ішекті аспаптар және үрлемелі, соқпалы аспаптар кафедралары, сондай-ақ, музыкалық білім, эстрадалық өнер, вокалдық өнер, тағы басқа да кафедралардың бірігуі негізінде құрылған факультетті өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор Пернебек Шеге­баев басқарады. Театр, кино және теледидар факультетінде аталған салаларға қатысты мамандармен бірге кинотану, кинотеледраматургия, театр­тану, өнертану мамандықтары бойынша да кәсіби біліктілігі жоғары мамандар даярланады. Факультеттің деканы қызметін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері Сәулебек Асылхан атқарады. Білім ордасындағы іргелі алты факуль­теттің бірі – дәстүрлі музы­калық өнер факультеті. Факультет құрамындағы дәстүрлі ән айту, домбыра, сондай-ақ, қобыз және орыс халық аспаптары кафедрасында мамандар даярланады. Факультет басшысы – «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Марат Нүкеев. 2010 жыл­дың 1 қыр­күйегінде ашылған Хорео­гра­фия факультеті уни­вер­ситеттің ең жас құрылымдық бөлігі. Педагог-хореограф, хорео­графия режиссурасы бағытында мамандар даярланады. ҚР еңбек сіңірген әртісі Ринат Мусин факультеттің басшысы. Сондай-ақ, ең жас факультеттің қатарында көркемөнер факультеті де бар. Мамандар кескіндеме және мүсін, сценография және сән­дік өнер кафедраларында даяр­ланады. Деканы – педагогика ғылымдарының докторы, профес­сор Ермек Асылханов. Универ­ситеттегі Қазақстан тарихы және гуманитарлық пәндер кафедрасы да мамандар даярлауға өз үлесін қосып келе жатқан құрылымдық бөлімшенің бірі. Кафедра меңгерушісі – тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Айнұр Қасабекова. Міне, еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды жастар өз жүрек қалауымен таңдаған мамандықтары бойынша білім алуда. Оқу орнының осы жылдар аралығындағы тамаша жетістіктері ретінде шетелдік бірқатар жоғары оқу орындарымен өнер саласында қарым-қатынас меморандумдарына қол қойғанын атауға болады. Соның нәтижесінде симпозиумдар және ғылыми конференциялар, екіжақты келісіммен шетел музыкант-профессорларының шеберлік сыныптары өткізіліп, шығармашылық және ғылыми байланыстарды жүзеге асыруға мүмкіншілік туып отыр. Осы уақытқа дейін Ми­лан консерваториясының профес­соры, Микеланджело Аббадо атындағы халықаралық байқау­дың ұйымдастырушысы Мар­челло Аббадо, Милан консерва­то­риясының профессоры П.Суб­ризи, Гентедегі (Израиль) музыка академиясының профессоры М.Кугель, франциялық С.Метц, К.Богино, М.Витас сынды музыканттар шеберлік сыныптарын өткізді. Сондай-ақ, университеттің студенттері мен магистранттары университет басшылығы арнайы шақырған белгілі ғалымдардың дәрістерін тыңдау құрметіне де ие. Студенттерге дәріс берген белгілі өнертану ғылымдарының докторлары, профессорлар: Р.Дулат-Алеев (Қазан консерваториясы), профессор-индолог Т.Карташова (Саратов консерваториясы), Е.Долинская (Мәскеу консерваториясы), Е.Дулова (Беларусь консерватория­сы) сынды үлкен ғалымдар. Ал халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар қатарында 2001 жылы ұйымдастырылған «Қоғамның рухани дамуы: музыка және ғылым», 2008 жылы өткен «Музыкалық ғылым және білім: дәстүрлер сабақтастығы», сондай-ақ, 2011 жылы өткен «Өнердегі тәуелсіздік идеясы» атты алыс-жақын елдерден көптеген мамандар жиылған ауқымды шараларды айтуға болады. Оқу ордасы халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу бағдар­ламалары мен ғылыми жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру бойынша ғылыми орталыққа айналып отыр. Онда білім мен ғылымды ұш­тастыру мақсатында Қорқыт атындағы ғылыми-зерттеу институты құрылған. Институтты көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбеков басқарады. Институттың негізгі мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі өнерін кешенді түрде зерттеу, насихаттау. Тұтас ұлттық мәдениетті зерттеуді көздегендіктен, қазақ өнеріне қатысты мәліметтерді іздестіру және зерттеу тек рес­пуб­лика көлемінде ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттер шеңберінде де іске асырылып келеді. Соның нәтижесінде бү­гінде мұрағатта 4000-ға жуық шы­ғарма жинақталған. Медиа­текаға тапсырылған музыка­лық шығармалар оқу бағдарла­ма­ла­рында қолданылуда. Қазіргі кезде кітапханаларда жоқ, кезінде аз таралыммен шыққан ән-күйлердің жинақтары қайтадан баспаға дайындалып, олардың электронды нұсқалары жасақталған. Мысалы, «Баян Өлгий қазақтарының сы­бызғы және домбыраға арнал­ған күйлері», «Баян Өлгий қазақ­тарының халық әндері» атты жи­нақтардың мәтіні мен нотала­ры, Қытайда жарияланған «Бейсембі күйші», «Күй толқыны» атты күй жинақтарының мәтіні мен нота­ла­рының электронды нұсқасы жасалып, сандық ноталары транс­­­нота­цияланды. Институт қызмет­кер­лері­ оқулықтар мен күй жинақ­та­рын­ дайындап, оларды ел игілігіне ұсыну­да. Атап айтқанда, «Күйші Жан­ғали» жинағы 20 баспа табақ болып баспадан шықты. Мұнда Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, күйші Жанғали Жүз­баевтың репертуарындағы 100 күй нотаға түсірілген, сонымен бірге 2 музыкалық СД альбомын­да жинақталған. Сондай-ақ, хал­қымыздың белгілі дәстүрлі орын­даушылары Қабыкей Ах­мер­­ұлы, Ғабдылхақ Барлықов, Әбі­кен Хасенов, Жұмабай Есекеев, Шә­кір­ Әбеновтің орындауындағы шы­ғармалардан СД альбом дайындалып, нотаға түсірілген күйлерден хрестоматия құрастырылып, деректердің электрондық нұсқасы дайындалды. Тағы бір атап өтер­лік нәрсе, осы институттың ұйыт­қы болуымен өнердегі дәстүр сабақтастығын жандандыру мақсатында шеберлік дәрістері тұрақты ұйымдастырылады. Бұл шараларға осы уақытқа дейін ҚР халық әртісі, профессор Қайрат Байбосынов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-термеші Әлмырза Ноғайбаев, жыршы Шолпан Бейімбетова, жырау Алмас Алматов, күйші Жанғали Жүзбай, т.б ұлттық өнердің белгілі тұлғалары қатысқан. Әрине, бұл жас ұрпақ үшін тағылымды ша­ралардың қатарынан орын алады. Жалпы айтқанда, университет Музыка академиясы болып құрылған күннен бастап өнер саласындағы 500-ден астам халықаралық кон­курстардың лауреаттары мен 400-ден аса республикалық бай­қаулардың жеңімпаздарын дайындады. Ал оқытушылар халықаралық және республикалық байқауларға қазылар алқасы мүшесі ретінде қатысып тұрады. Оқу ордасының көптеген түлектері мен жас педагогтары мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегерлері. Сонымен қатар, университеттің ең үздік шәкірттері Білім және ғылым министрлігінің мобильділік бағдарламасы бойынша шетелдік жоғары оқу орындарында оқуын жалғастыруда. Ал, оқытушылар Ресейдің П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консервато­риясында, Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясында, сондай-ақ, Ұлыбритания, Жапония сынды елдерде біліктілік арттыру курстарынан өтуде. Қазақ ұлттық өнер универ­си­тетінде мәдениет пен өнер саласындағы жетекші мамандар, белгілі ғалымдар, ғылым докторлары мен кандидаттары, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері, мәдениет қайраткерлері қызмет атқарады. Солардың ішінде еліміздің мәдени өмірінде елеулі құбылыс болған тұлғалар – көрнекті композитор Еркеғали Рахмадиев, әйгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетов өмірінің соңына дейін осы ұжымда қызмет атқарды. Ал бүгінде көрнекті жазушы Әкім Тарази, композитор Кеңес Дүйсекеев, театр сыншысы Әшірбек Сығай, кинотанушы Бауыржан Нөгербек, әнші Қайрат Байбосынов, балетмейс­тер Ринат Мусин, көмекейден ән салудың бірегей орындаушысы Еділ Құсайынов, актер, режиссер және продюсер Бауыржан Ибрагимов, басқа да қоғамға белгілі танымал тұлғалар осы ұжымда табысты еңбек етуде. Университеттің абыройын­­ асқақтатып жүрген шығар­ма­шы­­лық ұжымдарды да айтып өткі­­міз келеді. Олар – Еуразия сту­дент­тік симфониялық оркес­трі, «Каприччи», «Айгөлек» скрип­­кашылар ансамбльдері, «Сер­пер», «Шат» домбырашылар ансамбльдері, «Япурай» вио­лон­челшілер ансамблі, «Тілеп» және «Назерке» қобызшылар ансамбльдері, «Елігай» балалар хоры, «Самғау» камералық хоры мен қазақ ұлттық аспаптар оркестрі. Қазақстан жоғары оқу орындарын саралау нәтижесі бойынша ҚазҰӨУ музыкалық білім беру, аспапта орындаушылық және актерлік шеберлік мамандықтары бойынша тұрақты түрде алдың­ғы қатардан орын алып жүр. Бұл жетістікке Астананың орындау­шылық ұжымдарының да белгілі бір деңгейде әсері болуы тиіс. Өйткені, елордадағы Астана мемлекеттік филармониясының симфониялық және эстрадалық оркестрлері, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театры мен М.Горький атындағы орыс драма театры, елорда музыка мектептері және басқа да мекемелер студенттер үшін өндірістік база ретінде пайдаланылады. Қазақ ұлттық өнер универ­си­теті – «Шабыт Inspiration», «Астана-Мерей» халықаралық бай­қауларының, колледж сту­дент­­­тері арасындағы респуб­лика­­лық байқаудың, «Астана – ән қана­тында» хор музыкасы фести­валінің, «Болашақ жұлды­зы» республикалық балалар конкурсы­ның, Ш.Жиенқұлова атында­ғы балет фестивалінің әрі ұйым­дас­тырушысы, әрі құрылтайшысы. Оқу ордасы түрлі халықаралық ұйымдарға мүше. Олардың арасында Еуропалық консерватория­лар, Академиялар және жоғары музыкалық мектептер ассоциа­циясы (ЕКА), Magna Charta Universitatum Университеттердің Ұлы Хартиясы, ТМД елдері консерваториялары кеңесі, ЮНЕСКО клубтары Қазақстандық федерациясы бар. Бұл мәдениет және өнер саласында әлемдік деңгейде кадрлар дайындау стандартын жоғарылатуға мүмкіншілік береді. Жоғары оқу орнының стратегиялық жоспары білім берудің кәсіби деңгейіне, өнер мен мәдениет саласында бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауға, ең озық отандық дәстүрлермен бірге әлемдік ғылыми тәжірибе негізінде қазақстандық өнертану ғылымының әлеуетін дамытуға, ел мәдениетінің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін шығармашыл жастардың жаңа толқынын тәрбиелеуге, ұлттық білім беру барысында мәдениет, өнер, ғылымның әлемдік кеңістікке кірігуін және елдің мәдени келбетін жетілдіруге бағдарланып отыр. Бұл ретте негізгі мақсат – іргелі теориялық білімі мен ғылыми-инновациялық құрылымы бар халықаралық деңгейдегі оқу орнын қалыптастыру. Міне, Қазақ ұлттық өнер университеті туралы барынша сығымдап, ең негізгі жайттарды айтқанда, жалпы дерек осы. Астанамен бірге көркейіп келе жатқан білім ордасының алар асуы әлі алда екені тағы да белгілі. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.