11 Маусым, 2014

Астананың асқақтығы – ел мерейі

448 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

ERA_1399

Инвестиция – даму қайнары

Тәуелсіз еліміздің айбары мен айдынына айналған Астана төрткүл дүние түгел таныған бейбітшілік пен ізгілік ордасына айналды. Бүгінде елордамыз қай салада болмасын серпінді дамып келеді. Астанада жүзеге асырылып жатқан түбегейлі даму жетістіктері әлемдік қауымдастықтың назарынан тыс қалмады. ХХІ ғасырдың озық мегаполисі ретінде қаламыздың қол жеткізген жетістіктері әлемдік сарапшылардың лайықты бағасына ие болуда. 1999 жылы шілдеде қала ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығына ие болды. 2012 жылы «Moody`s Investors Service» атты дүниежүзінің жетекші рейтингтік агенттігі елордамызға Ваа3 кредиттік рейтингін ұсынып, 2010 жылдың тамызында «Позитивтік» болжамы деңгейіне дейін көтерді. 2011 жылы Астана «ТМД мен ЕурАзЭҚ-тың ең үздік қаласы» атты ІІІ Халықаралық қалалық байқау конкурсының жеңімпазы атанды. Міне, мұның бәрі Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен қаламыздың осы 16 жыл ішінде қарқынды дамуының жемісі. Астананың алдында тұрған бүгінгі басты міндет – қаланы осынау даму үрдісінен жаңылдырмай, ілгері бастырып, әлемнің үздік шаһарларының қатарына қосу. Ол үшін, бірінші кезекте, бизнес ортаның сеніміне кіріп, олардың инвестициялық әлеуетін инновациялық жобаларға тарту қажет. Сондықтан да қанатын кеңге жайып келе жатқан жас қаламызға молынан инвестиция тарту мәселесі әрқашан өзекті болып отыр. Бұл мәселе Үкіметтің және қала әкімдігінің назарынан тыс қалып көрген жоқ. Осы мақсатпен соңғы жылдары Астана экономикалық форумы шеңберінде тұрақты түрде «Астана Инвест» атты Халықаралық инвестициялық форум өткізу дәстүрге айналды. Биылғы жылы бесінші рет өткізілген «Астана Инвест» форумының елордамызға инвестиция тарту мәселесіне зор үлес қосып келе жатқандығы даусыз. Қаланың қарқынды даму үрді­сінде инвестицияға бірінші кезекте басымдық беріліп отырғандығы заңды. Қала экономикасына тар­тылған осы инвестициялар аз уақыттың ішінде Астананың өзін-өзі толық қамтамасыз ететін еліміздегі санаулы қалалардың қатарына кіруіне мүмкіндік берді. Елорданың қазығы қағылған 16 жыл уақыт ішінде қаламызға 4 трлн. 780 млрд. теңге (30 млрд. АҚШ доллары) тікелей инвес­тиция тартылды. Бұл бірінші кезекте қаламыздағы құрылыс индустриясының дамуына ерекше ықпал етті. Осы жылдар ішінде елордамызда 12 млн. шаршы метр тұрғын үй салынса, оның 4 млн. шаршы метрі тек соңғы 4 жыл ішінде бой көтерді. Осы инвестициялардың арқа­сында қаламыздың индустриялық дамуын жоғары деңгейге көтеруге қол жеткізілді. Соңғы жылдары елордада дүние жүзіне кеңінен мәлім өндіріс маркаларының өнім­дері шығарыла бастады. Бұл ретте елордада шығарылатын «Дженерал Электрик» локомотивін, «Тальго» жолаушылар вагонын, «Альстом» электровоздарын, «Еврокоптер» тікұшақтарын ерекше атап өткен жөн. Тек осы атышулы өндіріс орындарының өзі шығарған өнім­дерінің көлемі өткен жылы жарты миллиард АҚШ долларын құрады. Соңғы 4 жыл ішінде қала экономикасына тартылған жекеменшік инвестиция көлемі үш есе артты. Жақында өткен V «Астана Ин­вест-2014» Халықаралық форумы шеңберінде жалпы көлемі 500 млн. АҚШ долларын құрайтын 11 инвестициялық жоба туралы келісімге қол қойылды. Елорда экономикасына жыл­дан-жылға қомақты инвестиция тартудың басты себебі қала аумағында жүргізіліп отыр­ған тиім­ді инвестициялық саясат­тың нәтижесі. 2001 жылы Аста­на дамуы­ның динамикасын қамтама­сыз ету үшін «Астананың өркендеуі – Қа­зақстанның өркендеуі» атты қаланың дамуы бойынша мем­ле­кеттік бағдарлама шеңберінде Қа­зақ­стан Президентінің тапсырмасы бойынша «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы құ­рылды. Мұнда жеңілдетілген құқықтық режім жұмыс істейді. Инвесторлар корпоративтік табыс салығын, мүлік салығын, жер учаскелерінің меншік иелері үшін жер салығын және 10 жылға дейін жер учаскелерін пайдаланғаны үшін жалға алу төлемін төлеуден босатылған. Сондай-ақ, «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймақтың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығының аумағында объектілерді салған кезде пайдаланылатын тауарлардың жеткізушілерінің ҚҚС-ты қай­таруы көзделген. Одан басқа арнайы экономикалық аймақтың аума­ғында еркін кеден аймағы режімі қолданылады, яғни инвестор­лар тауарларды, материалдар мен жаб­дықтарды импорттаған кезде кеден­дік баж төлеуден босатылады. Қаламызда соңғы жылдары іс жүзіне асырылып жат­қан озық технологияларға негіз­­дел­ген инновациялық жобалар инвесторлардың ерекше қызы­ғу­шылығын туғызуда. Бұл ретте «Smart Astana» жобасы негізінде жүзеге асырылатын нысандарды атауға болады. Бүгінгі күні «Smart Astana» жобасы бойынша қаламыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Ас­тана қаласының өмір тіршілігін қамтамасыз етудің кешенді жүйесі», көлік жүйелерін жаңғырту жөніндегі «Интеллектуалдық көлік жүйесі» жобаларына инвестиция тарту мәселесі күн тәртібіне қойылған. Міне, осындай инновациялық жобаларды, «ақылды» технологияларды қала тіршілігіне кеңінен енгізу арқылы Астана қаласы 2017 жылдары әлемнің ең озық 50 «ақылды» қалаларының құрамына кіруді мақсат тұтып отыр. «ЭКСПО-2017» Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін Астанада өткізу қаламыздың даму үрдісіндегі айтулы белес болмақ. Осы Ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асырылатын инновациялық жобалар мен заманауи құрылыс нысандарына тікелей инвестиция тарту мәселесі бүгінде барынша басымдықпен іс-жүзіне асырылуда. Қала әкімдігі «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық жобасының аясында өмір сүру стандарттары өте жоғары, экологиялық таза, инновациялық жаңа қала салу мақсатын күн тәртібіне қойып отыр. Осы мақсатпен бірқатар озық жобалар бағдарламасы жос­парлануда. Озық технологияларға негізделген бұл жобалар қазірдің өзінде отандық және шетелдік инвесторлардың қызығушылығын туғыза бастады. Осы орайда елордада жаңғырмалы энергия қуат көздерін және энергетикалық тиімділік мәселелерін шешуді көз­­дейтін «Астана Грин Сити», ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көрмесін өткізу шең­берінде қаламыздың көлік инфрақұ­рылы­мын және логистикасын түбегейлі жаңғыртуға бағытталған «Астана мобилити», қаламыздағы қызмет көрсету және қонақүй бизнесінің инфрақұрылымын халықаралық стандарттарға лайықты дамытатын «Уэлком ту Астана» жобаларын ерекше атап өтуге болады. Алдағы уақытта отандық және шетелдік инвесторлар бұл заманауи жобаларға өздерінің қомақты инвестицияларын салатындығына сенім зор. Өз кезегінде бұл елордамыздың сапалы да қарқынды даму үрдісінің жаңа беттерін ашатындығы сөзсіз. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».

Тағдырым тамырласқан киелі мекен

Азамат болып қалыптасу жылдарымыз астананың Алматыдан Арқа жеріне көшу кезеңіне тура келді. Әуелі Елбасының бұл шешімінің ел дамуындағы стратегиялық маңызы мен саяси мәнінің астарын терең ұқпасақ та, ел ордасының ел ортасына келгенін шын құптадық. Әскер қатарында Алматы қаласында болып, сәукелелі ару шаһардың қызығы мен думанын талай көрдік. Алатаудың қойнында жатып, жасыл желекке бөленген әсем Алматы әр жас қазақтың арман қаласы-тұғын, әлі де сол салтанатты қалпымен арман қала болып қала беретініне шүбәм жоқ. Бірақ, мен үшін Астананың орны бөлек! Көркем әрі киелі қала – Астана! Өзіңде азамат болып қалыптастық. Ғаламат құрылысыңа қатысып, біршама іс тындырған да болдық. Қаланған әр тасыңнан ғұмырлық тәжірибе жинап, бүкіл өмірімізге алтын арқау етіп тарттық. Киелі дейтінім, Арқаның көркем де керім аруына өзіңде жүріп тағдыр қостым. Құдайға тәубе, өсіп-өніп жатырмыз. Астанамен бірге бой көтеріп, салтанат биігіне шықтық. Құлдыраңдаған құлыншақтарым жасампаз қалада ержетіп, бойжетіп келеді. Өз қолымызбен тұрғызып жатқан қаланы аралатқанда, әрбір әсем ғимарат пен жасыл желегі желкілдеген көшелердің қалай салынып, қалай құлпырғаны жөнінде ұзақ-ұзақ әңгіме шертемін. Бүгінде тағдыр қосқан зайыбым мұғалима. Орыс сыныптарына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс оқиды. Ал өзім Қазақстандағы ең ірі компанияның бірі «KEGOK» АҚ-та мамандығым бойынша инженер-энергетик болып қызмет атқарамын. Шүкір, біреуден кейін, біреуден ілгері тарықпай, тартынбай ғұмыр кешірудеміз. Біз жаспыз. Бүгін Астананың 16 жылдығын тойлауға кірісіп кетсек, келешекте елорданың 50 жылдығында егемен ел тарихы жөнінде келелі сөз айтып отырамыз деген үміттеміз. Арайлап, асқақтай бер киелі қалам – Астана! Нұрғали ЖҰМАБАЙҰЛЫ, қала тұрғыны, инженер-энергетик.

Астанадағы акция – адам өміріне араша болу

Қала күні мерекесі қар­саңында, яғни 20-21 маусым күндері сағат 10.00-15.00 аралы­ғында Астанадағы «Арай» саябақ аймағы мен қаланың медициналық мекемелерінде қалалық әкімдіктің қолдауымен «Бір тамшы қан – бір адамның өмірі» акциясы өтеді. Бұл акцияның мақсаты ауыр халге тап болған адамдарға көмектесу үшін дені сау жандарды донорлыққа тарту болып табылады. Осыған орай, қаладағы көпсалалы стационарлар мен трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығында (ТҒӨО) қан алу орындары ұйымдастырылады. Жоба ТҒӨО мен стационар дәрігерлерінің қатысуымен жүзеге асырылмақ. Акция барысында 250-300 адамнан қан алу көзделуде. Бұл шараның түпкі мақсаты – әрбір отандастарымыздың санасына адам өмірін құтқаруға сеп болатын донорлық азаматтық парыз сезімін ұялату. Бүгінгі таңда елордада жаңа медициналық нысандардың көбеюіне, көрсетілетін меди­ци­налық қызмет пен ота жасау санының артуына байланыс­ты қалалық медициналық меке­мелердің қанға деген қажеттілігі 2 есеге артып, күніне 100 литрге жетіп отыр. Астананың барлық ме­ди­циналық ұйымдарында жылына 83000 ота жасалады. Оның ішінде жоғары технологияларды қолдану арқылы 25000 ота өткізіледі. Осыдан-ақ қанға деген сұраныс ауқымын болжауға болады. Сондықтан донорлық игі қозғалысты арттырудың маңызы зор. Әрбір донор «қанатымен су сепкен қарлығаштай» бірнеше адам өмірін сақтап қалады. Қан алу орындары 20 маусымда – №1, №2 қалалық емханаларда; 21 маусымда – «Арай» саябағының аймағы, Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығында жұмыс істейтін болады. Жанар БИКЕЕВА. Астана.

Мүгедектерге мүмкіндік

Жақында Қала күні мерекесі құрметіне арналған мүмкіндігі шектеулі адамдардың «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» атты байқауы басталды. Бұл дәстүрлі байқау бірнеше аталымдар бойынша өткізіліп, Қала күні мерекесінде мәреге жетеді. J2 Еске сала кететін болсақ, былтыр мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен осы республикалық байқау барысында «Ал, құрбым» әнімен астаналық А.Нұғыманова «Үздік орындаушы» аталымы бойынша жеңімпаз атанған еді. Биылғы жарыстың алғашқы кезеңінде де «Ең тату отбасы», «Ең үздік би», «Үздік орындаушы» және «Үздік жасампаз» аталымдары бойынша 50-ден астам үміткерлер бақ сынасты. Конкурс ережесіне сай өнерімен топ жарғандар іріктеліп, республикалық ауқымдағы шешуші жарысқа жолдама алды. Жарыс жеңімпаздарының арасында І топтағы мүгедек Саят Қорғанбековтің өнері мен өмірге деген ынтасы көрермендер ықыласына бөленді. Ол өзінің өмірге деген құштарлығы мен азаматтық белсенділігі арқасында берік отбасын құрып, жігерлі ұрпақ тәрбиелеуде. Саят Қорғанбековтің отбасы 10 жылдан астам уақыттан бері дәм-тұзы жарасып, белсенді өмір кешуде. – Отбасы – ең асыл қазынам. Отан да отбасынан басталады. Сондықтан да, отбасымды қадір тұтып, жарымды сыйлап, балаларымды мақтан етемін. Өзім балалар үйінде өстім. Енді менің балаларым ондай қиындықты көрмей, ата-ананың мейірімі мен сүйіспеншілігіне бөленіп, жарасымды отбасында тәрбиеленуін өмірімнің бас­ты парызы санаймын, дейді «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» байқауының іріктеу жарысының жеңімпазы Саят Қорғанбеков. «Егемен-ақпарат».

Балалар бақ сынасады

Биылғы Балаларды қорғау күні елордамызда «Аялаған Ас­тана» ұлттық музыкалық теле­визиялық балалар байқауының жеңімпаздарына арналған арнайы музыкалық мектеп есігін айқара ашты. Осы мектеп қа­бырғасында шеберліктерін шың­­дап, Қала күні өтетін бай­қауға дайындалу және «Жаңа толқын» байқауында Қазақстан намысын қорғауға мүмкіндік алу үшін Ас­танаға еліміздің әр өңірінен 16 дарынды бала ат арылтып келді. 1 маусымда Сарыарқа төсіне жиналған балалар бір-бірімен алғаш жүздесті және өздерінің таланттарын шыңдауға Лина Арифуллина шеберханасының актерлік шеберлік, сольфеджио, вокал бойынша Мәскеуден келген ұстаздарымен танысты. Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы наурыз-сәуір айларында өткен «Аялаған Астана» жобасының іріктеу жарыстарында Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Қостанай, Орал, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Семей, Көкшетау, Петропавл, Астана қалаларының 8-12 жас аралығындағы 1000-нан астам талантты балалары бақ сынас­ты. Мамыр айының ортасында финалға өткен еліміздегі ең талантты балалардың есім­дері белгілі болды. Олар: Луи­за Нұрқуатова (Ақтау), Зами­ра Сагадиева (Зеренді), Дания Ишанқұлова (Орал), Мұха­медәли Жүгінісов (Аста­на), Дильназ Төлеген (Қы­зыл­орда), Диас Омар (Қы­зылорда), Настя Першикова (Пав­лодар), Жахан Қабыкен (Ас­тана), Малика Самағұлова (Пав­лодар), Дильнұр Біржанова (Қарағанды), Ғалимұрат Әбді­ма­напов (Жезқазған), Жанай­герім Өтегенов (Қостанай), Ал­дияр Орекен (Екібастұз), Яс­мин Мажитова (Алматы), Сағынған Қуанған (Астана), Әді­лет Мейрамбеков (Көк­ше­тау). Аймақтық жарыста топ жарғандар енді Қала күні мерекесі құрметіндегі бәсекеде бақ сынасады. Маусым айы бойы балалар астаналық музыкалық мектепте өздерінің вокалдық қабілеттерін шыңдап, Руслан Бұтабаевтың жетекшілігіндегі «Zaratushtra Band» жанды дауыстағы оркестрінің сүйе­мел­деуімен қойылатын телеви­зиялық шоуға дайындалады. Финалға 12 концерттік нөмір дайындалуда. Бірі жеке орындаса, бірі топта өнер көрсетеді. «Аялаған Астана» байқауы үш атаулы жарыс күнінен тұрады: «Балалық шақ әнұраны» (4 шілде), «Жұлдыздармен дуэт және әлемдік хит» (5 шіл­де), «Атамекен» (6 шілде). Осы күндердегі жарыс қоры­тын­ды­сына сәйкес халықаралық қазы­лар алқасы мен телекөрермендер «Балаларға арналған Жаңа тол­қынға» жолдаманы алатын жеңім­пазды анықтайтын болады. Бәсеке барысында жүлделі 1,2,3 орындармен бірге жеңім­пазға арналған басты сыйлық (1 миллион теңге) белгіленген. Со­нымен бірге арнайы «Көрер­мен көзайымы» сыйлығы да өз иесін күтуде. «Егемен-ақпарат». Бетті әзірлеген Жылқыбай Жағыпарұлы, суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан».