11 Маусым, 2014

Әсем әннің кең мұхитын шайқаған

657 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
ғарифоласқақ үнді Ғарекең табиғаты дара дарын еді Аты аңызға айналған ұлы бабамыз Қорқыт дүниеге келе сала тұра жүгіріпті деседі, сол күні жер-дүниенің астаң-кестеңі шығып, дауыл тұрып, табиғаттың алапат тынысы айналаны екінші рет ғажап әсерге бөлеген деген аңыз әңгіме сақталған. Көмейінен ән нөсері төгіліп тұратын Ғарекеңді алғаш көргенімде көңіліме ол да сондай қазақтың өнеріне біткен бірегей тұлғасы болып орнықты. Жадыма алыстап қалған аңсарлы кезеңнің ақжелкен арманы мен асқаралы мұраты қайта оралып, ұстаз алдында тағы да бір риясыз тағзым етуді мақсат етуден осы ойлар қаламыма ұшқын берді. Сонау 1973 жылдың жазында, Амантай ағамның айтуымен сол кездегі еліміздің астанасы Алматыға «Қазақконцерт» бірлестігі жанындағы Республикалық эстрада және цирк өнері студиясына, домбыра мамандығы бойынша профессор Құбыш Әшімұлы Мұхитовтың класына келіп түстім. Құбыш, Жүсіпбек, Ғарифолла, Сапар­ғали, Гүлжаһан сынды аға-апалары­мыздың қымбат та асыл бейнелерін көріп, олардан тәлім-тәрбие алдым деудің өзі адамға шын бақыт. Өмір мен өнерге қатар баулыған Ғарекеңнің әкелік, ал Рабиға шешеміздің аналық мейірімін, шапағатын көрген біздерге бүгін қалай мақтанып, марқайсақ та жарасады-ақ. Алаштан ән оздырған, ән бастауы сонау Мұхиттан таралатын Ғарекеңдей арыстың ғұмыр өрнегі қай жағынан тарқатып айтсақ та, кейінгі өріске рухани азық болары хақ. Әсіресе, атасының мұраларын мұқият жинап, жарыққа шығарып (соңғысы «Әнімен елін тербеткен» деп аталады) жүрген Ғарекеңнің немересі, өнертану ғылымдарының докторы Меруерт Санатқызы Құрманғалиева қарындасымыздың еңбегі айрықша атап айтарлықтай. Немерелерін емірене сүйіп отырып атасының: «Осы сары балам озады», деп Санжарға, одан соң Оңғарсынға сенім артып, еркелеткен кездерін талай рет көз көрген болатын. Әнші ағамыздың: «Тоғыз жасымнан бастап, Шайқы, Шыңтасқа атқосшы болып, бүкіл Үш қиян, Жайықтың сол жақ жағалауы: Қаратөбе, Жымпиты, Шың­ғыр­­лау, Елек, Тайпақ, Ақжайық, Орал өңі­рі, Орынбор, Тұзтөбе, Ақтөбе, Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз, Атырау, Маңғыстау өлке­­­­лерінде «әнші бала» атандым, дегені есімде. «Қазақта екінің бірі әнші» деген сөз бар. Ал енді осы атқа шын мәнінде лайық кімдер бар деген сұрақ туа қалған жағдайда, дәстүрлі кәсіби ән өнері қанатының бірі Жүсекең де, екіншісі Ғарекең деуге толық негіз бар. Бұл екеуі өнер жолында қос қарлығаш сияқты, өмірде де өнердің қос өрімі бірінсіз-бірі өмір сүре алмаған жандар еді. Студент кезімізде Байзақов көшесінде орналасқан жатақханадан (289-үй) Красин 78-дегі оқу корпусына ұстаздарымыздан бірер сағат бұрын келетінбіз. Есік алдына шығып, Жүсекең, Ғарекең, Құбыш, Хабидолла ағалардың алдынан күтіп тұрар едік. Олардың ішінде, менің курстас замандастарым, бүгінде елімізге белгілі өнер шеберлері Ғалым, Тұрсынғазы, Мырзахмет, Қасен, (Темірқан), Төлеген, Сәтмағамбет, Әбжан, Кахар, Кемал, Мамай, Әлімжан, т.б. бар. Ең бірінші болып алдымен ширақ басып, қуақылана күліп Ғарекең келеді. Уақыт – таңғы 8-30 сағат. Балалармен амандасуы да өзгеше, қызық-тын. Шағын «спектакль» тамашалағандай боламыз. Ағамыздың хал-жағдайын сұрағанда, Ғарекең: «Лоқтыр тым қатты жүрмеңіз, жүрегіңіз қағады, дейді, ал бірақ аяғы түскір оны тыңдай ма?», – деп күлдіретін. Енді бірде айтатын: «не знаю», «не мешайте», тіпті «пошел к шорту», деген қалжыңдарын қалай ұмытарсың! Расында да білмейтін адам алғашында мұндай сөзін түсініңкіремей, абдырап қалатын еді. Артынан көп ұзамай маңғаз басып, иығына ашық сұр бешпетін іле салған Жүсекең келетін. Ғарекең бұрылыстағы 17-ші кабинетке, ал Жүсекең қарама-қарсы 19-шы класқа беттейді. Сабақтың үзілісінде жұптары жазылмайды. Осы бір жарасымды байланыс олардың жан дүниесінің жақындығын, егіздігін айқын дәлелдер еді. 1979 жылдың күзі. Алматының жайма­шуақ жылы күндерінің бірі. Сабақтың басталған кезі. Ол кезде Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның ІІ-курс студентімін. Бір күні Ғарекең менімен бір айға 70-жылдық мерейтойымды өткізуге Орал өңіріне барасың дегені. Сөйтіп, мені сабақтан сұрап алу үшін өзімен ертіп консерватория ректоры, профессор Ғазиза Жұбанованың қабылдауына кірді. Әнші ағамыздың үстінде ақ костюм. Кіріп келіп, өзінің әйгілі «здрасьтесінен» кейін шаруасын айтты. Ректор рұқсатын беріп, жүретін болып шықтық. Қазір ойлап қарасам Алматыдағы домбырашылардың ішінен таңдаудың маған түсуі мені қатты жігерлендірді. Сол сенімді ақтауға тырыстым. Әйтпесе сол уақытта «сен тұр, мен атайын» дейтін аға-апаларымыз аз болмаған шығар. Не керек, гастрольге №8 Алматы-Москва жүйрік поезымен аттанып кеттік. Бір сәтте поезд Елек стансасынан өтіп, мен туған ауылдың орталығы Шыңғырлауға, Елек өзенінен өтердегі көпірге жақындай берді. Бала кезімнен өзіме етене таныс жерлерді сүйсіне тамашалап тұрмын. Кенет, Ғарекең: «Әй бала!» – деді. Селт ете қалдым. «Туған жеріңді сағындың ба?» деді. «Иә» дедім. Өзіме ғана мәлім бір сырды абайсызда ағаның сезіп қойғанына іштей қысылып, бетім оттай өртенді. «Туған жерге келген адамның бәрі осылай сен сияқты күй кешеді. Қысылма оған ешқашан», деп, әлгіндегі әңгімені ағалық ақылымен жалғастырып жатыр. Сөйтсе, Орал, Орынбор, Тұзтөбе, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Алматы бағыты өзінің де ерсілі-қарсылы талай өткен өмір жолдары екен-ау! Тап сол шақта ол да осы қасиетті атамекенді көріп, жас сәбидей қиялмен талай рет тербетіле ән салған болар деп ойлаймын. Оның үстіне концерттік сапарын бастағалы отырған, өзінің елі Орал облысының шекарасы да, осы Елек өзенінен өтер көпірден бастау алатын еді. куш 003 Ағамыздың елге шығардағы концерттік сапары екі түрлі бағытта болатын. Бірінші мақсат – Шыңғырлаудан түсіп, бірер концерт ұйымдастыру, оның ішінде менің ауылым – «Алмаз» кеңшарында бір концерт қою. Өйткені, бұл елді мекен Қаратөбе, Жымпиты аудандарымен шекаралас жатыр. Әкеміздің Қаратал жайлауы Қалдығайты өзенінің бергі беті болса, арғы бетінде, қол созымдай жерде Қаратөбе ауданының Егіндікөл елді мекені көрініп тұр. Балалық шақ өткен ыстық жерлер... Ғарифолла ағамыздың 60-жылдығында да (1969 ж.) осы бағытпен жүріп, сол сапарында ол белгілі әнші, ауылдас апамыз Қалампыр Рахимованы өзімен бірге өнерге баулуға Алматыға алып кеткен болатын. Екіншісі – поезд Шыңғырлаудан өтіп, Оралдан бір түсіп, кейін Қаратөбе, Жымпиты аудандары бағыты еді. Осы жолы, екінші бағытпен жүріп отырып, Орал қаласына жеттік. Уақыт түс мезгілі болса керек. Обкомның хатшылары қарсы алып, «Шаған» резиденциясында қонағасы беріліп, Қаратөбе ауданына жүріп те кеттік. Кісі басына бөлінген «жигули» – ол кезде ең жүйрік, ең үздік деген категориялы көлік. Ғарекеңнің астында – обкомның І-ші хатшысының қара «Волгасы». Сонымен 9 кісіге – тоғыз машина, екі «Жигулиде» киімдер мен аспаптар. Аудан, ауыл басшылары, ағайындар құрақ ұшып зыр жүгіріп жүр. Концерттік бағдарлама картасы бойынша Қаратөбе, Жымпиты, Ақжайық, Тайпақ, Атырау облысының Индер ауданымен шекаралас елді мекендер қамтылған болатын. Әнші бастаған топ Қаратөбеге келді дегенді естіп, Ойыл ауданының хатшысы жетіп келді. Тура осы бетімен алып кете қоймақ. Бұған себеп жоқ емес. Өйткені, Ғарекеңнің жастық шағы өткен жер және де өнеріне ықыластанып үкі таққан жұрт. Әншіге деген ынтасы мен ынтығының сыры осында жатса керек. Ал қазір өмір мүлде басқа. Әншіні артынан іздеп баратын әкім бар дегенге өз басым онша сеніңкіремеймін. Өтірік сөйлеп, Құдайдың күнәсына батпай-ақ қоялық, бар шығар, бірақ өте сирек. Халқымыздың қай заманда да ән мен күйді тыңдау мәдениеті мен талғамы өте жоғары деңгейде болғаны баршамызға аян. Онымен санаспауға болмайды. Бүгінде халық алдына шығып, абыройға кенелген жастарымыз да жеткілікті. Алайда, өкінішке қарай, мұны табыс табудың құралы мен көзі деп қарап, теріс пікір қалыптастырып жүргендер де кездеседі. Сол кездің өзінде, Ғарекең, ондайлар туралы: «Құр айқаймен ақша тапқан «шикі» әншілер көбейіп барады-ау!» деп қынжыла күрсінгені әлі есімнен кетпейді. Алайда, кейінгі толқын Сәуле, Айгүл, Қайрат, т.б. салған әндерді тыңдап, Ғарекеңнің ән мұра­сы жалғасып жатқанына шүкіршілік етесің. Той әншінің елі Оралда бір ай, Атырау өңірінде тағы соншама үлкен сән-салтанатпен, 30 күн ойын, 40 күн тойы дегендей әсермен өтті десек еш артық емес. Мұндайды көрмеген бізге, шынында да солай әсер қалдырды. Әншінің әрбір концерті жұрттың ағыл-тегіл қошаметімен өтті. Ұзағын-қысқасын қосқанда, ағамыз бір концерттің өзінде 17-18 ән шырқайтын. Ғарифолла ағамыздың репертуары қандай сан алуан еді. Қаратөбе ауданында өткен мерейтой­дың жөні бөлек. Ол кезде ауданда шаруашылықтар оннан кем болмайтын, әр шаруашылықта екі-үш бөлімше. Жергілікті халықтың шұғылданатын негізгі кәсібі – мал өсіру мен егін егу. Мал жайланып, шаруа жайланғанша уақыт біразға таяп қалады. Концерт, одан кейін той иесіне арналып жайылған дастарқан, содан соң жерлестері: «Ал, Ғареке! Енді әнді жатып айтатын жерге барамыз» – деп қалжыңдап, үйді-үйді аралап кету басталады. Бұл жиын-рәсім таң бозарғанша созылатын. Ауылдың үлкен-кішісі сыймай кеткен үйде аяқ-қолыңды созып отыру мүмкін емес. Тыңдаушы ыңғайын жасауға көшеді. Төрт жағына төрт көпшік қойып тыңдап отырған адамды көрдім. Ал бәрінің назарындағы ағамыз не оңға, не солға қисаймастан, бастапқы түрінен өзгермей, малдасын құрып отырған қалпында ән шырқайтын мықтылығына таңғалатынбыз. Ара-арасында бірер сағат қана мүлгіп аламыз. Соның өзінде Ғарекең елден бұрын бірінші тұрып, біздің жанымызға келеді. Керемет сөздері ұйқымызды шайдай ашып жібереді. Алматыға кеудеме әсерім сыймай оралдым. Біраз тыныққаннан кейін Атырауға жүретін болдық. Ағамыздың үстінде ақ плащ, ашық түсті шляпа. Күздің қара суығы. Жерге су тисе көк тайғақ болып шыға келетін кез еді. Мені сабақтан сұрап алуға тағы да ректордың алдына бардық. Ғ.Жұбанова: «Ғареке-ау! Бұл бала кеше ғана келген жоқ па? Сабақтары да бар еді» – деуі мұң екен, Ғарекең шорт кетті. «Онда мен де бармаймын. 70-жылдығым аталмай-ақ қойсын» – деп есікке қарай беттеді. Ректор апамыз: «Ғареке, ғафу етіңіз! Бірер жетіге бара қойсын, сосын поезға кері қарай мінгізіп жіберерсіз» – деді. Ағамыз кілт тоқтай қалып: «Ар жағын өзім қосам» – деп шығып кетті. Ыңғайсыз жағдайға еріксіз куә болып қалған мен, «кешіріңіз», деп, ілбіп соңынан шықтым. Атыраудың Теңіз ауданын түгелдей араладық. Осының алдында Ғарекең: «Әй, бала! Бұл жақтың халқы өнерді ерекше қабылдайды» деген-ді. Оны концерт басталғаннан-ақ сездік. Әсіресе, әнші шығар-шықпастан-ақ, олардың қызуқандылығы байқала бастады. Мұндай қошеметті тек халықаралық дәрежедегі додаларда көргенбіз. Қиқулаған жанкүйерлер сияқты. Көрермендердің ішінде, жасы әншімен қарайлас замандастары кезігеді. Олар әнге бүкіл болмысымен еніп кеткен. Тыңдай келе қызбаланып: «Әй! Ғарипола! Көзіңді ақитыңқыра! Ақитыңқыра Ғарипола! » – деп жан-жақтан жамырап қоя береді. Қыза-қыза келе көк, қызылды-жасылды барқытпен, пүлішпен көмкерген дөңгелек бөріктерін бастарынан жұлып алып, бар пәрменімен еденге бір ұрып, шаңын бұрқ еткізетін. Әннің аяғы бітер-бітпес, бәйгеге қосқан арғымағына дем бергендей гуілдеген халықтың айқай-шуы «овацияға» ұласатын. Келесі ән жариялар алдында ғана тыңдаушы тұлпары бәйгеден келген жандай көңілдері толып, тыныштық орнайды. Ән аяқталуға жақындағанда залдың іші тағы да дүр сілкінеді. Теңіз ауданынан кейін, жол Жылой ауданына ойысып, Қаратоң, Майкөмген, Құлсары елді мекендерін түгелдей араладық. Құлсарыда жас шамасы Ғаре­кеңнен үлкендеу ескіше оқығаны бар бір ше­жіреші қартты кездестірдік (аты-жөнін ұмытыппын). Әлгі кісі бізбен еріп жүрген әншілер: өскемендік Қабыкен, қарағандылық Қанат ағаларымыздың аты-жөндерін сұрастыра келе: «Сендер мына атадан тарайсыңдар», деп таратып берді. Әншіге құрмет Абай атындағы опера және балет театрында жалғасын тапты. Концерттік топтың құрамына елімізге белгілі өнер қайраткерлерімен қатар, студенттер де кірді. Олардың қатарында Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиев бастап, КСРО халық әртісі Шабал Бейсекова, Қанат Құлымжанов, Қабікен Камалиев, бишілер – Роза Дәулетиярова, сырнайшы Александр Капканов, Ғарекеңнің шәкірті Бибіажар Махамбетовамен және т.б. барлығы 9 кісі болдық. Күнде театрда репетиция. Осы концертте Жантөренің «Шал­қымасын» орындадым. Сахнадан шы­ғып бара жатқанымда басты «бапкер» Ғарекеңмен түйісіп қала жаздадым. Сөйт­сем ұстаз аға мен үшін жанын шүбе­­рекке түйіпті. «Мына бала қалай орын­дар екен?» –деп іштей қобалжыған ол күй аяқталғанша шымылдыққа оранып, жасырынып тұрыпты. Қауіптенетін себебі де жоқ емес-тін. Мұндай концертте әнші, домбырашы атаулының бәрі тыңдаушы әрі сыншы ретінде қатысары хақ. Оның үстіне студент деген атымыз бар. Абырой болғанда орындауым тәуір шықса керек, ұстаз ағаларым тарапынан «жақсы» деген бағадан басқа сөз естіген жоқпын. Әншінің немересі Меруерт Санатқызы шығарған «Әнмен елін тербеткен» атты еңбегін парақтап отырғанда, Ғарифолла тек әнші емес, Жайықтың сол жақ жағалауындағы сонау Абыл, Кәуен, Сәулебай, Мұхиттардан бастау алатын күй өнерінде дәріптеуші болғанын оқып, қуанып отырмын. Консерватория қабырғасындағы оқып жүрген жылдардан бері жақсы білемін дегенмен, ағамыздың күйді де керемет орындағанын енді ғана естіп отырмын. Әттең, осы күйлерді сол кезде неге жазып қалдырмады екен деген өкінішті ой да жоқ емес. Әншілердің ішінде өздерінің әндерін сүйемелдеуде Ғарекең мен Жүсекеңе тең келер ешкімнің жоқтығының сыры осында жатса керек. 1934 жылы республикалық бірінші слетке Мұхиттың немересі Лұқпан Мұхи­тов әнші болып қатысса керек. Кейін, ол әнді түбегейлі тастап, күйге ауысып кеткен. Ұлекеңнің немере жиен-інісі профессор Құбыш Әшімұлы Мұхитовтың айтуынша, Ұлекеңнің өзі: «Ғарекең тұрған­да менің ән айтқаным ұят болар», – деген көрінеді. Ал Ұлекең болса халық орындаушыларының ішінде тартқан күйле­рінің, Ахаң айтқандай, «азды-көпті, не алып, не қосуды» білмейтін, таза, түп­нұсқасын сақтап тартатын санаулы дом­бырашының бірі болғаны тарихтан белгілі. Аға мерейтойының жоғары дәрежеде өтуіне адал жар, аяулы ана Рәбиға шешеміздің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Олай болатын себебі, шешеміз ауырып қалғанына қарамастан тойды ойдағыдай атқарды. Дүбір аяқталған соң оның саулығы сыр бере бастады. Өзінің айтуынша, жанына 1973 жылы Ғибрат деген баласының қайтыс болуы қара тастай қатты батыпты. Бір қолы талып, жансызданып, басы ауыра беретін болған. Студент кезім. Сабақ арасында үйіне барамын. Қолымнан келгенше көмектескім келеді. Көңілін аулап, әңгімелесеміз. Өкінішке қарай, сұм ажал шешемізді арамыздан алып кетті. Ол кісінің отбасының асыл діңгегі болғаны сонда барып бір-ақ сезілді. Жарға деген мұндай кіршіксіз сезім мен құрметтің бізде қалыптасқан тамаша өнеге мектебі бар. Қазақ әйелдері табиғатына тән бекзаттық болмыс біздің Рәбиға шешеміздің бойынан да менмұндалап тұратын. Ағамызды алақанына салған аяулы бейнені ұмыту мүмкін емес. Жұмысқа Ғарекең тап-тұйнақтай болып келетін. Ерекше күтім жасалған адам екені көрінетін. Жұмыста әншінің әріптес замандас серігі Жүсекең өмірден өтіп, көңілі бір құлазыса, үйде өмірлік серігі дүниеден озып, әншінің денсаулығы сыр бере бастады. Ғарекең 19-шы класқа: «Здрасьте», деп кіріп келеді. Жұмыс үстіндегі шәкірттері Жәнібек, Қайраттар орындарынан атып тұрады. «Ассалаумағалейкүм», деп қолдарын созады. Ғарекең бірақ Жүсекеңнің орнын нұсқап тұрып: «Мен сендерге емес, ана кісіге сәлем беруге келдім» дейтін. Талай тарихты басынан өткізген, сүрленген таныс жол – Виноградов 62, Киров көшесі, Красин 78, Калинин көшесі, театр, студия... Үйде де көңілдің қошы жоқ. Обалы не керек, балалары әкелерінің жанын ұғуға барын салып-ақ бағады. Ара-тұра ағамыздың хал-жағдайын сұрап біз де барып тұратынбыз. Ол көбіне жылы одеялға оранып, коляскіде отыратын. Жүрегімнің түбінде бір түрлі сезім тамыры бұлқынады. Сахна дүлдүліне деген сағыныштың бұл тек басталуы ғана екен-ау. Естелік әңгімелерді қызықтырып баян­дайтын. Бірде ол: «Орынборда дін оқуын оқып, діни төрт кітапты бітіріп шықтым. Жоғары діни білімім бар» – деп, дауыстап, сирек те болса сүрелерден үзінді оқитын. Енді бірде молданың өзін састырғаны бар. Оқып келе жатқан сүреден жаңылып кетеді. Оңаша шақырып, оған қателерін айтып бергенде азарда-безер болған молда: «Мұнымды жұртқа жая көрмеңізші, ұят болды ғой, жаттап алып айтып, күнімді көріп жүрген жайым бар еді», – деп кешірім сұраған көрінеді. Театр спектакльдерінде Ғарекеңнің домбыра сүйемелдеуімен жеке партиялары болғаны белгілі. Сахнаға шығардың алдында домбыраны өзінің дауысына лайықтап, бабына келтіріп қояды. Бірақ біреулер оның былай шыға берген сәтін күтіп, білдірместен «ля» бұрауына, бір тон жоғары келтіріп қояды екен. Спектакль аяқталған соң, әлгілер: «Ғареке, қалай болды?» – деп сұрайтын көрінеді. Сонда Ғаре­кең: « Білмеймін кішкене қаттылау болды ма?» – деп, партияларды жоғары бұрауда орындап шығады екен. Мұны студияда оқып жүргенде домбыраның «құлағын келтірушілердің» бірі, марқұм Кәукен ағамыз айтып, есіне алып отыратын. «Әй, бала! Тыңда» – деді бірде Ғарекең: «Радиоға әндерді жазып жүрген кезім. Арқаның бірлі-жарым әндерін үйреніп орындап жүргенмін. Жақсы таныс кісім: «Ғарифолла, осы сен Арқаның әндерінде не жұмысың бар» дегені. Келесі күні, ренжіңкіреп ашуланған мен радиоға Арқаның 17 әнін қатарынан жазып жібердім» – деді әнші. Осы орындауда тыңдаған «Смет» сияқты әндер әлі құлағымыздан кетпейді. Радиодан осы әндерді беріп тұрса, шіркін, кейінгі ұрпаққа үлгі болар ма еді деген ой келеді. Тағы бірде радиоға әндер жаздырып жүріп: «Банды Аманғалидың әні» десе, әлгі ән сол кездегі «худсоветтің» талқысынан өтпей қалыпты. Уақыт оздыра келіп Ғарекең оны : «Сері жігіттің әні» деген атпен қалай өткізіп жібергенін айтатын. Соғыс жылдары Жүсекең мен Ғарекең Алматы төңірегіне концертпен шығып тұратын. Оны ағамыз былай деп еске алады: «Көлігіміз өгіз арба, ат бола қалса Жүсекең ерде, мен мінгесіп артында отырамын. Концерт болатын ауылға жақындай бергенде білетіні бар, білмейтіні бар, Жүсекеңе көрсетпей маған «көңілдендіретін» судан құйып береді. Ал Жүсекең болса ондайға ыңғайы онша жоқ кісі. Ұрттаған кісінің жайы белгілі, қызулаумын. Концерт болса жақындап қалды. Сонда Жүсекең менің жағдайымды көріп: «Ит-ай! Ит-ай! Мынау мені тағы құртты ғой», деп келесі ауылға жеткенше барын салып, мені бақташыдай бақылауға алады. Өйткені, концерт ауыртпалығының нобайы өзіне түсетінін біледі. Сөйтіп, кезекті ауылға да жақындап қаламыз. Мен болсам сап-саумын, жоғарыда айтылған «ерекше құрметтің», бірі жоқ. Бар «мәстірствімді» саламын кеп-ай! Жүсекең жоғарыда айтылған «ит-айын», бірнеше қайталап шынымен сеніп қалатын». Тапшы кез. Халық болса ішерге тамақ, азық-түлік жинап беретін». «Киевтің 2500 кісі сиятын концерттік залында концерт басталып кетті. Бибігүл мен Ермек өздерінің тиісті әндерін орындады. Бір уақытта менің де кезегім келді. Сәбеңнің осының алдында маған айтқан сын-ескертпесі есімде. Домбырамды театрдағы «настройщиктердің» әдетінше бұрауын «ля»-ға келтіріп алып, «Сметтен» бастап жібердім. Залдағылар орындарынан дүрлігіп кетті. Өйткені қатарынан бірінен соң бірі 9 ән айтып шықтым. Ұзақ қол шапалақтау. Халықтың тынышталар түрі жоқ. Бір мезет зал су сепкендей тына қалды. Қарасам сахнаға еңгезердей әскери адам көтеріліп келеді. Әлгі әскери жүріспен алшаң басып, қасыма қалай жетіп келгенін байқамай қалдым. Ол: «сиқыр домбырада ма дегендей», қолымдағы домбыраны оңды-солды төңкеріп көріп жатыр. Құпия ештеңе таппады. Домбырамды қолыма қайта табыстап, маңдайымнан сүйді. Сөйтті де әлгіндегі әскери жүріспен көптің ішіне сіңіп кетіп, лезде ғайып болды... Кейін білдім, бұл кәдімгі атақты ­кавалерия маршалы С.М.Буденный болып шықты.  «Сонымен Киев сапары аяқ­талып, елге оралатын уақыт жетті. Поезбен ­жолға шықтық. Жүріп келе жатып, Ақтөбеден өтіп, Қандыағаш стансасына ­жақындай бер­генде, радиодан: «Ғ.Құрманға­­­лиев­қа Қазақстанның халық әртісі құрмет­ті ­ата­ғы берілсін», деген үкіметтің қау­­лы­сын­ естідім деп, ағамыз әңгімесін аяқ­та­ды.­ Елде гастрольдік сапармен жүргені­мізде ауыл ақсақалдары: «Ғареке! Бала­ларыңыз нешеу? Қай жерде қызмет істейді?» деген сұрақтар қойып жатады. Ғарекең: «Білмеймін. Әйтеуір таң ата машинамен алып кетеді. Соған қарағанда бастық білем» деп қалжыңмен жауап береді. Әнші өнері, әнші дауысы бүгінде ЮНЕСКО көлемінде сирек кездесетін құбы­лыс ретінде аталса еш артықтығы жоқ. Біріншіден, Алматыдағы алғашқы муздрам қойылымдары мен опералардың негізіне 70-80 пайыз қазақтың ән-күйлері арқау болғаны белгілі. Сол ән-күй материалдарын халық орындаушылары әкелгенін білеміз. Негізгі респонденттердің бірі осы Ғ.Құрманғалиев болатын. Екіншіден, осының алдында ғана ғұлама ғалым, қазақ музыка өнерінің кәсіби тұрғыда, оның практикалық және теориялық негізін қалап, зерттеп, жазып кеткен академик Ахмет Жұбановтың 100-жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Ал Ғарекең болса, сол жылдары мәдениет майданында Ахаңмен үзеңгілес жүріп, еңбек етіп, шын мәнінде халықтың сүйіспеншілігіне бөленген әнші. Үшіншіден, ән өнерін бір ұлттай бағалай білетін Италияның ән өнері мамандары, әнші ағамыздың көмейін гипсқа түсіріп кетуінің өзі түсінген кісіге көп нәрсені аңғартса керек. Бұл жерде әннен бәйге бермеген арғымақ ағамыздың шын мәнінде ел-жұртының сүйіспеншілігіне бөленгенін көреміз. Өнер тарихында ес біліп, көзімізді ашқалы мұншалық сый-сияпатқа ие болғандар санаулы. Жалпы дала өркениетінде, оның ішінде қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік ұрпақ өсіру тәжірибесі мен қағидалары бар. Ол – әке, ана, бала парызы деген нәрселер. Осылардың ішінде бізге керегі – соңғысы. Адам баласы есейе келе, ата-ананың алдында есеп беретін, яки парызды өтейтін кезі келеді. Сол сияқты Ғарекең мен Рәбиға шешеміз ұл да, қыз да тәрбиелеп, бір кісідей әкелік, аналық парыздарын толығымен орындады. Виноградов, 62-13 – Ғарекеңнің қарашаңырағы болып есептеледі. Бұл үйден талай дүлдүлдер дәм татты. Үй иелері біреуге аға, біреуге ана, қиындық көрген адамға пана бола білген жандар. Осы әншінің қарашаңырағында Ғарекеңнің мұражайы ашылса деген тілегіміз бар. Біреулер әншінің аты аталмай қалып жатқан жоқ, оның есіміне ие мектеп, филармония бар деген уәжді алға тартуы мүмкін. Қазақ ежелден ырымшыл, шаңырақты сыйлап өскен халық, шаңырақты шайқалтпау, аруақты сыйлау бүгінгі ұрпаққа тиесілі. Гастрольдік сапарда жүргенімізде әнші ағамыз: «Төрт жағыңа төрт көпшік қойылып жатыр. Одан артық қандай құрмет керек? Менімен дәмдес болған кісі жаман болмайды» деген еді. Бүгінгі өнердегі азды-көпті жетістіктерімізді әншінің сондағы ауызынан шыққан дуалы сөзбен, әулиелігімен байланыстырамын. Сондай-ақ, Ғарекең Қаратөбенің шағыр құмын жайлаған қалың «шотқараның да емес», ауыл-аймақтың да емес, батыстың «Бояны» атанған Мұхитты өмірге келтірген жалпы батыс өңірлерінің де емес, ол бүкіл қазақ атаулының үкілеген өнерде ауыздықпен алысқан бәйге бермес арғымағы екенін тағы да баса қайталап айтамыз. Мен өзім куә болған сол жетпіс жылдық мерейтойдан бері қаншама уақыт өтті. Академик А. Жұбанов айтқандай, Ғарекең, Жүсекең сияқты, «ірі-ірі калибрлі» тұл­ға­лардың өнері осылай мәңгі жасай бермек. Бұл күндері Ғарекеңнің мектебі өзінің жалғасын тауып, өркендеу үстінде. Қазақстанның көптеген оқу орындарында оның класынан сабақтар жүргізілуде. Шебердің өнерін жалғастырушылардың қатарында елімізге белгілі әншілер Қ.Бекбосынов, Қ.Құлышева, Қ.Берді­ға­лиев, К.Тасболатов, Қ.Өтеғалиев, С.Жан­пейі­сова, С.Мырзабаева, С.Таудаева, С.Рахмет­жанов, С.Абдрахманов, А.Қоса­нова т.б. бар. Сонымен қатар Ғарекеңнің класы Астана қаласы Қазақ ұлттық уни­верситетінде де жүргізіледі. Онда әншінің шәкірттері Қапаш Құлышева мен Света Мырзабаевалар дәріс беруде. «Қуса жеткізбес қайран, сол бір күндер- ай!» – десейші дейсің ағамызбен бірге жүрген шуақты шақтар көз алдымызға келе қалып. Орынбай ДҮЙСЕН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры.