05 Маусым, 2014

«Автоураганды» алдай алмайсың

313 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ақтөбелік полицейлер жыл басынан бері «Автоураган - П» жылжымалы кешенінің көмегімен жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұл төлеуден жалтарып жүрген жүргізушілерді анықтаумен айналысып келеді. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің деректеріне сүйенсек, олардың мемлекетке және екінші деңгейлі банктерге жалпы төленбеген берешегі 200 миллион теңгеге жуықтапты. Облыстық ішкі істер депар­таменті жаңа жылдың қарсаңында «Тойота Хайэс» автомашинасы базасында орнатылған «Автоураган-П» жылжымалы ке­шенін алған болатын. Бұл техника автомашиналардың мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін көлік тасқынында анықтай алады. Ол стационарлық автоматты жылдамдық өлшегіштер жұмысының нәтижесінде айып­пұл салынғаны туралы қаулы шы­ғарылған жүргізушілер дерек­тері бойынша техникалық құрал­дарды реттейді. Бұл жол қоз­ғалысы ережелерін бұзушы­лардан алынатын айыппұл мөл­шерін анағұрлым арттыруға ықпал еткен. Сондай-ақ, кешен шектеулердің әртүрлі базалары және жедел бағдарлау бойынша көлік құралдарын іздеуді жүзеге асырады. Осы кезге дейін «Авто­ура­ган-П» жылжымалы ап­­па­­раттық-бағдарламалық ке­шені­­нің көмегімен 3309 автокөлік жүргізуші тексеріліп, олардың 9-ының техника құралдарын жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісімен жүргізіп жүргені, 35-інің көлік құралдарын жүргізу куәлігінен айырылғаны және 200 шофердің жол қозғалысы ережелерін бұзғаны анықталыпты. Бұл жол полициясының жұмысын жеңілдетуге көп көмек екен. «Автоураганнан» айдағыштардың өзі айылын жиып, тізгіндерін тежеуге үйрене бастапты. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.