05 Маусым, 2014

Жамбыл жері алып елмен алыс-беріс жасайды

196 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жақында Бурабайда Қазақстан Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің кезекті отырысы өтеді деп жоспарланған. Оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп күтіліп отыр. Ал осы инвестиция мәсе­лесіне орай әңгіме қозғайтын болсақ,  Аспанасты елінің жері де, тірлігі де алып, орасан екені бәрімізге белгілі. Әйтеуір, үлкен бизнесті қолға алып, кәсібін өрге дөңгелеткісі келгендердің көбі осы елмен тығыз қарым-қатынас жасауды дұрыс көреді. Шынында, тіршілігі қым-қуыт Қытай елінен біздің үйренеріміз, аларымыз көп. Міне, Жамбыл облысының әкімдігі осынау алып елмен алыс-беріс жасаудың жолын тапты. Жақында Қытай елінің Сиань қаласында 18-ші сауда-инвестициялық көрмесі мен «Жібек жолы» жәрмеңкесі өткен болатын. Оған Қытайдың бар­лық провинциясынан, автономиялық өлкелерінен, орталық бағы­ныстағы қала­ларынан 674 делегация және 77 ел қатысты. Осы көрмеде Жамбыл облысының делегациясы бірқатар келісімшарттарға қол жеткізіп, Әулиеата өңіріне үлкен инвестицияның келуіне жол ашты. Яғни, Қы­тай кәсіпкерлері жалпы сомасы 300 млн. доллардан асатын жобаларға қатысуға ниет білдіріп отыр. Нақтырақ айтсақ, «Жібек жолы» халық­аралық жәрмеңкесінің аясында Жамбыл облы­сы­ның және ҚХР Шэнси провинциясының өкілдері қытайлық компаниялардың сомасы 300 млн. доллардан асатын (50 млрд. теңге) осы қазақстандық өңірдегі жобаларды іске асыруға қатысуын көздейтін бірқатар құжаттарға қол қойды. Бұл құжаттар Жамбыл облысы әкімдігі мен Шэн­си провинциясының халық­тық үкіметі арасында ауыл шаруашылығы, меди­циналық, туристік және басқа да салалардағы ынты­мақтастықты одан әрі дамытуды көздейді. Сондай-ақ, қытайлық компаниялар Тараз қаласындағы №4 жылу энергия орталығын қайта жаңғыртуға 193,8 млн. АҚШ долларын, Жамбыл облысындағы күн электр стансасының қуатын 1,5-тен 7 МВт-қа кеңейту үшін 13 млн. доллар, шығарылған өнімдердің Еуро-4 стандарттарына сәйкес келуі үшін жаңа жабдықтар мен технологияларды енгі­зіп, қолданыстағы газды қайта өңдейтін зауытты жаң­ғыртуға 54 млн. доллар жұмсап, жел электр стансасын 1,5 МВт-тан 21 МВт-қа дейін ұлғайтуға қатысуға ниеттеніп отыр. Шэнси провинциясы Қы­тай­­дың ауыл шаруа­шылығы сала­сындағы жетекші өңірі болып есеп­теледі. Әлемдегі алма бағының 10 пайызы осы жерде өсіріледі. «Біз қытай­лық кәсіпкерлермен осы салада бірлесіп жұмыс істемекпіз. Ежелгі Сианьда екі мыңжылдық тарихы бар Тараз арқылы өтетін Ұлы Жібек жолы басталған. Сондықтан, біздің бауырлас қалалар мен өңірлер арасында туристік саланы дамытпақ ойымыз бар. ЭКСПО-2017-ге біз Тараздың ежелгі тарихымен таныстыру үшін қытайлық туристерді молынан тартуға ниеттіміз», деді К. Көкірекбаев. Бір айта кетерлігі, Тараз бен Сиань туыстас қала­лар болып табылады. Алла қаласа, алмасы көп Сиань мен жасыл желегі мол Тараз қалаларының бұл бауыр­ластығы барыс-келісті көбей­тіп, аймақ экономикасы дамуының жаңа парағын ашады деген сенім бар. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.