Әлем • 06 Қараша, 2022

НАТО-ға мүше болу оңай емес

432 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Финляндия мен Швеция НАТО құрамына мүше бола алмай келеді. Өйткені Мажарстан мен Түркия келісім бермей отыр. Қойылған талаптар орындалмайынша, Будапешт пен Анкара шешімдерін өзгертпейтіндерін мәлімдеді.

НАТО-ға мүше болу оңай емес

Финляндия мен Швеция премьер-министрлері Мажарстан мен Түркияны өз елдерінің НАТО-ға мүшелікке өту туралы өтініштерін мақұлдауға шақырды. «Барлық назар қазір Мажарстан мен Түркияда болып тұр. Біз бұл елдердің өтініштерімізді рати­фи­кациялауын күтеміз. Ел­дер­дің жуық арада шешім қабыл­да­уы біз үшін өте маңызды болып тұр», деді Финляндия премьер-министрі Санна Марин өткен аптада Хельсинкиде өткен жиын­да. Сондай-ақ осы жиында Шве­ция­ның жаңа премьер-ми­нис­трі Улоф Кристерссон алдағы күндері Ан­ка­раға баратынын жеткізді.

Бүгінде НАТО-ның 30 мүше­сінің 28-і аталған екі елдің өтіні­шін ратификациялады. Тек Ма­жар­стан мен Түркия ғана қол қой­май отыр.

Будапешт өткен аптада Фин­лян­дия мен Швецияны қол­дай­тындарын айтып, ел парла­мен­ті оларды желтоқсанның ортасына дейін ратификациялайтынын жеткізді. Ал Анкара Скандинавия елдерінен «террорист» (Түркия мәліметі бойынша) күрд содырларына қарсы шара қолдануды талап етіп отыр.

Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Финляндияға қара­ғанда Швецияның НАТО құра­мына кіруіне қарсы. Алайда The Guardian-ның мәліметіне сүйенсек, екі ел НАТО-ға бір мез­гіл­де қосылатынын айтып, бір-бі­ріне қолдау көрсетіп отырған көрі­неді.

Швед бұқаралық ақпарат құ­ралдары 8 қарашада Улоф Крис­терс­сонның Анкарада өтетін екі­жақты кездесуге қатысатынын ха­бар­лады. Елдің премьер-министрі Түркияға НАТО Бас хат­шысы Йенс Столтенбергтен кейін бармақ. Бүгін Бас хатшы келіссөздер жүргізу үшін түрік астанасына келеді деп күтілуде.

«Anadolu» түрік мемлекеттік агенттігінің хабарлауынша, Реджеп Ердоған өткен аптада Швеция премьер-министрімен телефон арқылы сөйлескен. Ол тер­рорлық ұйымдардың Шве­ция­ның НАТО-ға мүшелігі мен Түркиямен қарым-қатына­сына кедергі келтіруіне жол бермеу керек­тігін, сол үшін оларды ел­ден шығару қажеттігін ашық мәлім­деген.

Негізі Түркия Швеция НАТО-ға өтініш түсірмей тұрып-ақ бұл мемлекеттің ұйым құра­мы­на енуіне қарсы болды. Ан­кара Стокгольмнің Күрдіс­тан жұмысшы партиясы (PKK) сияқты күрд содырлық топтарының мүшелерін және АҚШ-та тұратын мұсылман дінбасы Фетхуллаһ Гүленнің ізбасарларын еліне кіргізгенін алға тартты. Швецияның бұрынғы билігі Түркиямен маусым айында осы мәселе бойынша жасалған меморандумның бір бөлігін ғана орындаған. Олар қару эмбаргосын алып тастап, Сириядағы YPG деп аталатын күрд топтарына қаржылық және басқа да қолдау көрсетуді тоқтатқан болатын. Анкара болса PKK және Түркияда террорист деп танылған басқа да топтармен байланысы бар адамдардың елден түбегейлі экстрадициялануын талап етіп отыр. Әзірге Швеция Анкараның екі өтінішін ғана мақұлдады. Скандинавиялық БАҚ-тың хабарлауынша қазір елден шығарылуы ықтимал 73 адамның тізімі қаралып жатыр.

Кейбір сарапшылардың па­йымдауынша, осы айдың басында құрылған Швецияның жаңа, оң орталықшыл үкіметінің бұрынғы орталық солшыл үкіметке қара­ғанда Түркиямен ымыраға келуі тез әрі оңай болуы мүмкін. Шве­цияның жаңа сыртқы істер ми­нистрі Тобиас Билстрем бұған дейін социал-демократиялық партияның бұрынғы басшысы Анн Линденің күрд қоз­ға­лыстарын жаппай халық ал­дында қолдауы Түркиямен келіс­сөздерді қиындатқанын алға тартты. Енді жаңа үкімет бұл мәсе­ленің еш кедергісіз шеші­ле­тініне сенімді.

Бұған дейін сарапшылар одақтас екі елдің НАТО құрамына кіруге шешім қабылдауынан гөрі олардың қауіпсіздік альянсына толық мүше болуы қиынға соғатынын айтқан еді. Олар «Стокгольм мен Хельсинкидің өтпелі кезеңі 12 айға созылуы мүмкін, өйткені НАТО-ның 30 мемлекетінің әрқайсысы олар­дың мүшелігін ратификациялауы қа­жет, барлығының бірауыздан қолдауы екіталай», деген болжамдарын да жасырмады. Сондай-ақ олар «негізі екі ел қорғаныс мақсатында ғана НАТО құрамына кірмек», деп пікір де білдірді. Сарапшылар сөзін саясаткерлер де растады. Финляндия саясаткері Элина Валтонен Финляндия президенті мен премьер-минис­трінің НАТО-ға дереу кіру тура­лы шешіміне байланысты Ұлы­британияның Sky News басылымына сұхбат берді. «Финляндия ондаған жыл бойы бейтарап ел болды, бірақ біз шығыстағы көршіміздің қауіптерін ешқашан ұмытқан емеспіз. Біз ешқашан Кеңес одағының құрамында болған емеспіз, өйткені біз бұрын Ресей мен Кеңес одағына қарсы соғысқанбыз. Бірақ қазір заман басқа. Көршіміздің одан бетер агрессивті, тосын мінез танытқанын көріп отырмыз. Сондықтан ел қауіпсіздігі үшін НАТО-ға кірудің кезі келді», деді саясаткер. «Финляндияның НАТО-ға кіруіне байланысты Ресей қауіп төндіруі мүмкін бе?» деген сұраққа ол: «НАТО – қорғаныс одағы. Сондықтан Финляндия болсын, мүмкін Швеция болсын болашақта өз ер­кімен немесе халықтың шеші­мі­мен НАТО құрамына кіре­тіні сөзсіз. Біз демократиялық елміз және ғасырлар бойы сақтап келе жатқан құндылықтарымызды қорғағымыз келеді», деді Элина Валтонен.