Таным • 18 Қазан, 2022

Қадымша қолжазбалар

525 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақта кім өтпеген? Білеріміз – бір тоғыз, білмейтініміз – тоқсан тоғыз. Өйткені өзін өзі сақтау түйсігі арқылы осы күнге жеткен ұлтта білмегенін біле қоярдай мұрсат болмады. Содан да Тәуелсіздікке дейін тірі қалу үшін тіршілік кешкен біз тұлғаларымызды толық түгендеп біткен жоқпыз.

Қадымша қолжазбалар

Қарағанды аймағында жал­пақ жұрт бұл күні жыға тани қой­майтын, сондай мәлім де бей­мәлім тарихи тұлғаның бірі – Нұр­жан Шоңұлы. Былтыр 500 бет араб жазуындағы өлеңдерінің қол­жазбасы табылған. Ұрпағы ұзақ жылдар бойы іздесе де нәтиже шықпапты. Зерттеушілердің та­­бандылығының арқасында ен­­ді ғана мәлім болған жайы бар. Нақтыласақ, Алматыдағы Мұх­тар Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институты қо­рында сақталған қолжазба 2021 жылы ғана аудармашыларға жет­ті. Кешегі күні араб қарпінен ки­риллицаға түскен ақын шы­ғар­масының бір парасы Арқа жұртымен қауышты. Шығар­малары топтастырылған «Мирас» кітабы – Нұржан Шоңұлының мол мұрасының бір бөлшегі ғана. Жарыққа шығуына қолдау көрсеткен – ұрпағы. Әлі алда кириллицаны күткен 400 беттік арабша қолжазба тұр.

Ел ішінде арагідік Нұржан Шоңұлы – ақын әрі би деген болжам айтылады. Алты Алаш­тың ардақтысы, ұлт көсемі Әли­­­хан Бөкейханмен бірге өс­кен, дос-жаран деген дерек те жоқ емес. Шығармаларын тауып, қадымшадан, ки­рилли­ца­ға түсірген – Айдаржан Бал­та­байұлы. Қазір осылайша 500 бет­тік қолжазбаның 100 бетке жуы­ғы ғана аударылды.

Бұл Айдаржан Балтабай­ұлы­ның қадымшадан аударған алғашқы кітабы емес. Бұған дейін кеңес одағы кезінде билікке хат жазып, қажыға барған, әл-Фарабиді аударуда қолтаңбасы қалған Қажыбай Мәндібайұлы туралы, сондай-ақ өңірдің өзге де оқыған діндарларының жазба-

ларынан тұратын «Аманат» кітабы жарық көрген. «Аманаттың» жа­рық көруіне көмек көрсеткен қоғам қайраткері Оралбай Әбді­кәрімов екенін атап өткен жөн.

Айдаржан Балтабайұлы Нұр­жан ақынның есімін алғаш рет «Аманат» кітабына дайындау кезінде кездестіргендерін айтады. Бұл – 2017 жыл. Одан бері 5 жыл бойы ақынның мұрасын шарқ ұрып іздеп келіпті. Қолына қолжазба тигеннен кейін кітапты кириллицаға аударуға кіріскен көрінеді.

и

– Нұржан Шоңұлының шығар­маларын табу, оны жарыққа шығару оңай болған жоқ. Жан-жақтан іздедік. Ақын Серік Са­ғын­тай екеуміз 5-6 жылдан бері ескі жаз­­баларды тауып, жарыққа шы­ғарып келеміз.

Қолжазбасы Мұхтар Әуезов атындағы институт қорынан табылды. 6 ай бойы аудардық. Бір ай кітапқа түсірдік. «Ақын Әлихан Бөкейханмен жолдас болды, бірге жүрді», деген сөздер бар. Бірақ біз мына жұмысымызда ондай деректі кездестіре алмадық.

Бес жыл бұрын «Аманат» кіта­бын шығарғанда Біләл әкеміздің жазған «Нұржан ақынның айт­қан өлеңі», деген бір дәптер көр­ген едік. Міне, сол арқылы Нұр­жан Шоңұлының қаншама шы­ғар­маларын тауып алдық. Кейіннен ақынның поэмалары мен өлеңдерінің сақталуына ауыл мұ­ғалімі Сейітқазы Әбдіразақ ағамыз мұрындық болғанын біл­дік. Нұржан ақынның баласы Бі­ләл қолжазбаны осы кісіге тапсырса керек.

Мен тікелей аударамын, Серік оны оқып, жолы қалып қойған тұстарын түгендеп отырады, – дей­ді Айдаржан Балтабайұлы.

Аудармашы Нұржан ақын кедей деген дерекке да күмәнмен қарайды. Шығармаларының өзі Нұржан ақынның тектілігінен хабар береді деген пікірде. Қар­қаралы уезі Темірші болысында 1860 жылы туған ақын 1931-1932 жылдары 73-ке қараған шағында Семей губерниясында қайтыс бо­лыпты.

– Кедей адамның осынша шы­ғарма жазып, топтауы мүмкін емес. Сол себепті кедей дегенмен келісе қоймаймын, – дейді Айдар­жан Балтабайұлы.

Жазушы, ақын Серік Сағын­тай  ақынның кириллицаға түс­кен нұсқасы түпнұсқамен бірдей екенін айтады. Оның айтуын­ша, өңделмеген, қайта редак­ция­ланбаған. Кітапқа енген «Аб­дулхамит» поэмасы және өлеңдер топтамасы ақынның аузынан қа­лай шықса, солай кириллицаға тү­сіріліпті.

– Мен бұл кітаптың бір әрпін де өзгерткен жоқпын. Өйткені ол қиянат болар еді. Бұдан бұрын «Аманат» деген кітап шығар­ған­быз. Осы өңірдің діндар, ақын­дарының ескі жазбалары. Соны бір ақындарға апарғанда олар өң­деп жіберіпті. Ол дұрыс емес. Шы­ғармаға, оның авторына обал емес пе?

Қадымша аз-маз танитыным бар. Кей жерінде бір-екі сөздер тү­сіп қалуы мүмкін. Бірақ Нұржан ақын­­ның туындылары тура түп­нұс­­қадағыдай. Бір-бірінен еш айыр­­машылық жоқ. Бірауыз сөзіне қалам тимеді. Кітапқа 2-3 тол­­ғау-дастаны, 3-4 өлеңі және «Аб­­дул­хамит» деген поэмасы, «Мың бір түн» ертегісінің үзіндісі кірді.

Бұл қолжазбаның құндылығы неде? Ертең латыншаға көшсек, қадымшаны мүлде ешкім оқы­май, қолжазбалар сол күйі қалып қояды. Сондықтан оны ки­риллицаға тү­сіріп, жарыққа шы­ға­ру ләзім. Жаз­балар – сонысымен құнды.

Қазірдің өзінде Айдаржан Балта­байұлында Қостанай қала­сында, Жаңаарқа, Ақтоғай, Шет ауданын­да өмір сүрген біраз адамның қа­дымша қолжазбалары бар. Кө­лемі 1000 беттен асып жығы­лады. Оны жа­рыққа шығаруға біраз уа­қыт керек, дейді Серік Сағынтай.

Нұр­жан ақынның шығар­маларын аударған азамат­тардың айтуынша, бір қадымша кітапты оқып, жарыққа шығару үшін кемі 4 ай уақыт қажет.

 

Қарағанды облысы