Қоғам • 16 Қазан, 2022

Паллиативті көмекке зәру балдырғандар

439 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адамзат үшін «Ахиллестің өкшесі» – бала. Тағдыр атты тарғыл ит осы жанды жерден қапқанда, өмірін сәбиінің садақасына байлап, Тәңірінен тек перзентіне ғұмыр сұрай жалбарынбайтын жұмырбасты пенде кем, сірә. Мойынға бұршақ тағып, тілеп алған шикіөкпенің дін амандығына мына дүниенің бар байлығы татымайды. Ал ауыр дертке шалдығып, жазмышы келте кембағал балаларға мойын бұрған біреу бар ма?

Паллиативті көмекке зәру балдырғандар

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Шыны керек, қоғам оларды ұмыт қалдырған-ды осы күнге дейін. Ата-анасымен екеуі ғана дертімен алысып, жан тапсырып жатқан балдырғандар туралы қоғамның ми қатырар мұршасы да, ынтасы да жоқ-тын. Өркениетті елдердегідей балаларға паллиативті қызмет көрсетуге аса басын ауыртпаған-ды. Оған «түбі өледі» деген таяз түсінік әсер еткен де шығар. Тек енді ғана баланың бәрі бірдей екенін еске түсіре бастады. Содан барып, жан азабымен жалғыз алысқан балаларға паллиативті көмек көрсетудің қаттығы күн тәртібіне шықты...

Бұл қандай қызмет көрсету?

Паллиативті қызмет көрсе­туге мұқтаж ба­ла­­ның тағдырын тәлкек ету­­ге ешкімнің хақысы жоқ еді. Пе­шенесіне мына жа­рық дү­ниеде санаулы күні жа­зыл­ғанын, өмірінің өлшеулі екенін іштей сезіп-білген сәби жүрекке жылылық пен мейі­рімді аяу адамдық емес. БҰҰ балаға пал­лиа­тивті қызмет көр­сетпеу – оны азаптаумен пара-пар деп ашық жариялаған.

Паллиативті қызмет – айық­пас дертке шалдығып, ғұмы­рының санаулы күндері ғана қалған науқастарға ауру азабын азайтуды, көңіл күйін аулап, қолдау көрсетуді діттейді. Мұның ел арасындағы құ­лаққа сіңісті атауы – хос­пис. Ере­сек­­терде ежелден бар. Ал кіш­кентайларға жоқ. Әйт­кенмен қоғам мұның керектігін сезінгелі қашан. Мұндай қызметтің түпкі ойы – балалықтың бал дәмін сезбей, жалғаннан жа­рығы ерте сөнгелі тұрған бала­ларға барынша жан-жақты қамқорлық. Былайша айтқанда, медициналық әрі эмоционалдық негізде дем береді. Келместің кемесіне ерте мінгелі жатқан жәу­дір көздерге жан жылуды жабыла төгуге тырысатын қыз­мет бұл.

Сең бұзылды

Мұндай қызмет жекелеген өңір түгілі елімізде әлі де толық жетілмеген. Қазақстаннан бұ­рын әлем бұл қызметке зәру қанша бала барын нақты айта алмайды. Бірақ халықаралық ұйымдар балалардың өмірін қиятын 600 диагнозды анықтап берген. Ал ажалмен бетпе-бет айқасқа әрбір 10 мың баланың оныншысы тап келеді екен. Қа­ра­­ғанды облысында өзге өңір­лер­дегі секілді паллиативті кө­­мек көрсететін орындардың тап­­шы­лығы бар. Тіпті қат десе де болады.

– Балаларға паллиативті кө­мек көрсету – әлемде, оның ішінде, Қазақстанда өзекті мәсе­ле. Денсаулық сақтау минис­тр­лігі және Ересектер мен ба­лаларға паллиативті көмек көр­сету қауымдастығының кө­ме­гімен бірінші рет Жол картасы дайындалды. Қазір оны іске асыру жүріп жатыр. Сең енді ғана бұзылды. Қарағанды облысында балаларға паллиативті медициналық көмек көрсету қажеттілігіне талдау жасалды. Ондағы мақсат – ресурстарды қайта қарастыру және мұндай қызметке мұқтаж балалары то­лық қамту еді. Бұл қызметке жү­гінген 122 бала бар екен. Талдау нәтижесі паллиативті орынның тапшылығын көр­сетті. Мәселен, облыстық бала­лар клиникалық ауруханасында реанимация бөлімінде 3 бала жатыр. Өйткені паллиативті бос орын жоқ, – дейді Қарағанды облыстық мәс­ли­хатының Әлеу­меттік-мә­де­ни даму және әлеуметтік қор­­ғау жөніндегі тұ­рақты комиссия төрағасы, ме­дицина ғы­лымдарының док­торы, профессор Қадиша Оспанова.

Бұл мәселенің шешімін депутат барлық қажеттіліктермен жабдықталған қосымша 8 орын ашу және балаларға паллиативті көмек көрсететін мобильді бригада, мультидисплинарлы топ жасақтаудан көреді. Сонымен қатар бар орындардың толық, талапқа сай жабдықталуы да маңызды болса керек.

– Облыстық мәслихат депутаттары Ересектер мен ба­ла­ларға паллиативті көмек көр­сету қауымдастығымен бірле­се, балаларға арнайы қыз­­мет көрсететін интернат түрін­дегі медиктік-әлеуметтік ме­ке­ме­лердің жағдайын зерт­теді. Тұрақты күтім керек 39 бала бар. Оларды арнайы та­­мақтандыруда, арнаулы матрас­тар беруде, оттегі концентраттарында проблемалар жеткілікті. Жеке палаталар қарастырылуға тиіс. Дәрігерлер мен медицина ұйымының қыз­мет­керлерін паллиативті кө­мек көрсетуге оқыту қажет. Ха­лықты әлеуметтік қорғау министр­л­ігіне паллиативті балалар жатқан интернат мекемелерге талдау жүргізіп, Денсаулық сақ­тау министрлігімен бірлесіп, шаралар жоспарын жасауды ұсынамыз. Бұл проблеманың бәрін 11 қазанда Сенат депутаттары мен Денсаулық сақтау министрлігі алдында баяндадым, – дейді Қадиша Оспанова.

Аймақ – алғашқылардың бірі

Қарағанды облысы – Алма­ты­дан соң бұл проблемаға жіті назар аударған өңірдің бірі. Балаларға паллиативті көмек көрсетуді ұйымдастыру және жетілдіре түсу аймақта ұдайы талқыланып келеді. Қазіргі таң­да қауымдастық Қарағанды медицина университеті және Қарағанды интерколледжімен ынтымақтастық туралы меморандум аясында «Паллиативті медицинаға» мамандану бағы­тында 17 дәрігерді оқытты. Со­ны­мен бірге медициналық универ­ситеттің базасында зерт­теу жүргізу, дәрігерлер мен ор­­та білімді медицина қызмет­керлерін даярлау жоспарда екенін айтады Қадиша Ба­зар­байқызы.

Мамандықтар номенклатурасына паллиативті көмек бойын­ша балалар және ересек­тер дәрігерін, паллиативті көмек көрсету дәрігерінің білік­ті­лігі сипаттамасын енгізуді сұ­райды. Сондай-ақ паллиативті көмекке мамандану үшін сер­тификатталған білім беру бағ­дарламасын дайындау сынды бірқатар маңызды мәселені атап отыр.

– Балалар паллиативі негі­зінде пациенттің санатын көр­сететін алгоритм әзір­леу қажет. Денсаулық сақ­тау басқармасы тек қатерлі ісік­тер­ді анықтайды. Басқала­рын есепке алмайды. Себебі олар балалардың паллиативіне нені жатқызуды білмейді. Паллиативті қызмет көрсету жөнінде науқастарға арналған емханалар жанындағы күндізгі стационарларды ұйым­дастыруда нормативтік-құжат актілеріне толықтырулар енгізу керек, – дейді Қадиша Базар­байқызы.

 

Қарағанды облысы