23 Мамыр, 2014

Ауылдардың әкімдері қайда?

309 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бұл күндері облыстағы Ағашорын, Сілеті, Қаратомар, Ақшиман, Қоңырөзек,  Ковалевка ауылдары  әкімсіз  отыр. Тіпті, облыс орталығына қарасты  Мойылды ауылының әкімі  «Астанаға шақыртып жатыр» деп өтінішін жазып, апыл-ғұпыл жиналып, кетіп қалыпты. Былтыр ғана сайланған әкімдер қайда кетіп қалыпты деп таңғалып отырған шығарсыздар. Біз де дәл сол күйдеміз. Ал әкімдер арыздарын жазып, ауылдарымен қоштасып, кетіп қалған көрінеді. Біз мұны жақында Ертіс ауданы Ағашорын ауылына барғанда естіп, білдік. Екі-үш айдай болды, әкімсіз отырмыз, орнында міндетін атқару­шы­лар жүр, деді ауылдық­тар. Сөйт­сек, осы ауданның шалғай­да­ғы Сілеті ауылының әкімі Саты­балды Жүсіпбаев та Ағашорын ауылының әкімі Нұрлан Ахметов сияқты «отбасы жағдайымен» деп қызметтерінен өз өтініштерімен кетіпті. Сайланғандарына бір жылда болмаған әкімдердің ауылдан «қашып» кеткендері түсініксіз, әрине. Сонда бұл әкімдерге халықтың атынан сенім білдіріп сайлаған аудандық мәслихат депутаттары елге енді не демек?.. Мәслихат депутаттары ауылдың халқына жақын, тұрмыс-тіршілігін, шаруашылығын жақсы білетін адамды сайлаулары керек емес пе еді?! Ауыл – елдің тірегі. Әкімдерді сайлау оңай. Ал, олар халықпен жұмыс жасай­­ ала ма, жоқ па, жұмысын жау­ап­­кершілікпен атқаратын адам ба, ол жа­ғына депутаттар мүлде үңілмеген секілді. Бұл адамдарды «ауыл әкімі бола алады» деп үкілеп, ұсыныс тастаған аудан әкімдері енді не қарап отыр деген сауал да еріксіз көлбеңдейді. Айтпақшы, облыс орталығына қарасты Мойылды ауылының әкімі Айдын Түгелбаев та қыс ішінде арыз жазып, қызметін тастап кеткен болатын. Төрт жылға сайланған Мойылдының әкімі сөйтіп бар-жоғы 5-ақ ай жұмыс істеді. Ал әкімсіз қалған ауыл қайта сайлау өткізуге мәжбүр болған еді. Баянауыл ауданындағы Қаратомар ауылының әкімі Рахат Қасенов былтыр қыркүйек айында жол апатына ұшырады. Денсаулығына байланысты емделуде. Успен ауданына қарасты Қозыкеткен ауылының әкімі Тимур Жанғазинов та жол-көлік апатына түсіпті. Қос әкімінің денсаулықтары оңала қоймаса, онда қайта сайлау болуы мүмкін. Осы аудандағы Ковалевка ауылының әкімі Елена Незнамова да жуырда ғана өтінішімен қызметінен кеткен екен, қазір оның орнында Ирина Болотникова әкімнің міндетін атқаруда. Май ауданындағы Ақшиман ауылының әкімі Роза Серғазина ай-күні жақын қалғанда өтінішін жа­­зып кеткен соң, сәбилі де болып үл­геріпті. Орнында қазір әкімнің мін­детін атқарушы Бауыржан Өтеп­берге­нов жүр. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.