22 Мамыр, 2014

Мейірбике – мерейлі мамандық

2771 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Снимок-1Елімізде  медициналық көмек сапасын жақсартуға жіті көңіл бөлу басты назар­ға алынған. Осы орайда Ден­саулық сақтау министрлігі қыруар жұмысты жүзеге асыру үстінде. Тіп­ті, аккредиттеудің ұлт­тық стан­дарттары халық­ара­лық қағидаларға сай жаңартылды. Ал мейірбикелік міндет­ке зор жауапкершілік жүк­телетіні баршаға мәлім. Аккредиттеудің жаңартылған стандарттарында аталмыш мамандық медициналық көмек сапасын жақсарту құралы ретінде  қарастырылған. Мейірбикелік іс арнайы ма­шық­ты, білімді және оны қолданудағы ептілікті қажет етеді. Науқастарды емдеуде мед­бикелердің орны ерекше. Яғни, ол емделушінің жай-күйін дер кезінде бағалап, жалпы жағдайын жақсартуға, асқыну қауіптерін мейлінше азайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ, тиісті ұлттық стандарттың талаптарын орындайды. Стандарттың басты талабы – пациенттің күтіміне, жағдайының жақсаруына назар аудару, аурудың асқынбауын болдырмау. Егер дәрігер патологияны, ауруды зерттесе, мейірбике науқастың емделу барысындағы жай-күйін бақылайды. Сондықтан да мейірбикелік күтім маманның кәсіби дайындығын, оның пациентке қамқоршы болуын міндеттейді. Бұған қоса медбике азаматтың басты қажеттілігін (әдет, кәсібі, т.б.), мінез-құлық ерекшелігін естен шығармағаны жөн. Бұл дегеніміз жұмысынан қателік жібермеуге талпыну, медициналық қызмет көрсету үрдісінде асқынуды болдырмау. Ол үшін жұмыстың белгілі бір стандарты  енгізіледі. Ере­ж­е, нұсқама, алгоритм, кли­ни­­ка­лық тәжірибе бойынша нұсқаулықты жасауда барлық деңгейдегі медициналық ұйым қызметкерлері қатысады. Оның бәрі аккредиттеу стан­дарты­на сәйкес дайындалуы тиіс. Медициналық ұйымдар жұқпалы аурулардың алдын алу шараларын жасауы тиіс. Орта медициналық қызметкер жұқпалы ауруларды бақылау бағдарламасының жүзеге асырылуына да жауапты. Стандарттарды қол­дану мейірбике жұмысын жеңіл­детеді, бұйымдар мен уа­­қыттың босқа шы­ғын­­далуын азайтады, сабақ­тас­тықты қамтамасыз етеді, па­циенттерге қыз­мет ету сапа­сының және ем­деу нәтижелерінің көрсет­кіш­терін жақсартады. СнимокМейірбикелер меди­циналық ұйымның құры­лымдық бөлімшерін дәрі-дәрмекпен қамтиды. Денсаулық сақтау саласындағы қызмет көрсетудің сапасы көбінесе мейірбикелердің жұмысына байланысты бағаланады. Себебі, емдеу барысында мейірбикелер емделушілермен тығыз байланыста болады. Дәл осы деңгейде емделушінің медициналық қызмет көрсету туралы ойы қалыптасады. Пациентпен сенімді қарым-қатынас орнату, емделушінің пікірін  сыйлау медициналық кө­мек көрсету үрдісінде ма­ңыз­ды рөл атқарады, әрі науқас жайлы жеке ақпараттың құпиялылығы қамтамасыз етілуі тиіс. Демек, аккредиттеу  медициналық сапаны көтерудегі басты құралдардың бірі. Батыс елдерінің тәжіри­бесінде мейірбике азаматтарды қабылдап, науқасты қайда жіберетінін анықтайды. Денсаулық сақтау саласында мейірбике беделін үнемі көтеруге көп көңіл бөлінуде. Бүгінгі таңда Қазақстанда 150 мыңнан астам мейірбике денсаулық күзетінде қажырлы еңбек етуде. Орта медициналық қыз­меткерлерді даярлаумен елімізде 28 мемлекеттік және 40 жекеменшік медициналық колледж айналысады. Бір сөзбен айтқанда, мейірбике – мерейлі мамандық. Салтанат  ЖАБЫҚОВА, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығына қарасты Аккредиттеу орталығының жетекші маманы.