22 Мамыр, 2014

Доңғада ұңғыма саны артып келеді

564 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Мұнайлы Маңғыстауда қара алтынды өндіру, өнімділігін арттыру бағытында қолғабыс беремін деп білек сыбана іске кіріскен шетелдік компаниялар көп, солардың бірі – «Maersk Oil» халықаралық мұнай және газ компаниясы. 1962 жылдан бері күрделі, әрі қоры аз кен орындарды коммерциялық жағынан сәтті жобаға айналдырумен айналысатын ол Данияда, Катарда, Бразилияда, Алжирде қызмет етеді, Ангола, Норвегия, АҚШ-тың Мексика шығанағы, Гренландия, Ирактағы Күрдістан, өзге де мұнай өндіруші мемлекеттерде барлау жұмыстарын жүзеге асыруда. drilling_1 (2)Компанияның Маңғыстауда жұмыс жүргізе бастағанына он жылдан асты. «Партекс Корпорейшн» және «Оман Ойл Компани Лимитед» компанияларымен бірігіп Доңға блогының 60 пайызын сатып алу арқылы оған операторлық құқыққа ие. Мұнда жұмыспен қамтылған 500-ге тарта адамның 70 пайызы жергілікті тұрғындар. Компания жуырда Доңға кен орнын игерудің екінші кезеңін жүзеге асыру барысында жоспарланған 198 ұңғыманың 100-ін бұрғылауды аяқтады. Тереңдігі 1700 метрге жететін әрбір ұңғымадан пайдалануы басталғаннан кейін, тәулігіне 25 тоннадан 50 тоннаға дейін мұнай өндіріледі деп болжануда. Кен орнын игерудің екінші кезеңі ондағы жалпы мұнай өндірісін 2016 жылға таман тәулігіне 1000 тоннадан 4000 тоннаға, жылына 1 млн. тоннадан астам көлемге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жоспарда 200-ге жуық жаңа ұңғыманы бұрғылаудан басқа, 135 шақырым жол мен 180 шақырым құбыр құрылысын, 150 шақырым электр беру желісін монтаждауды, қуаттылығы 15МВт қосалқы электр стансасы құрылысын, мұнайды жинақтау, кешенді дайындау және сақтау үшін жаңа өндірістік нысандар құрылысы бар. Жобаның жалпы құны 1 миллиард АҚШ долларын құрайды. – Біз Доңға кен орнын игеру жобасының екінші кезеңін жүзеге асырудағы маңызды мәре­ге жергілікті серіктесіміз – бұр­ғылау жұмыстарын жасау бойынша мердігерімізбен ынтымақтастықтың арқасында жеттік. Жоба бойынша орындалуды қажет ететін талап-міндеттер көп, біз жобаны мезгілінде, қауіпсіз және тиімді түрде орындауға тырысамыз. Жобаны уақтылы және тиімді түрде іске асыру компания мен серіктестеріне ғана емес, жалпы, Маңғыстау облысы үшін қосымша артықшылықтарды қамтамасыз етеді, – дейді Maersk Oil компаниясының Қазақстандағы басқарушы директоры Карстен Йенсен. Жұмыспен қамту, мұнай өндіру көлемін арттыру, шетелден инвес­тиция тарту бағытында жұмысты үйлестіру – Маңғыстау өңірі үшін де маңызды мәселе. Доңға кен орнының да, ондағы компанияның да осы істердің жүзеге асуына себі тиетіні анық. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АҚТАУ.