Руханият • 12 Қазан, 2022

«...Бұл Қасымды бір байқасын!»

232 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл сайын Қарағандыда қоңыр күзде өлеңі «отқа тиген да­уылдай» арқалы Қасым Аманжоловқа арналған әдебиет додасын өткізу дәстүрге айналған. Бұл бәйге жүрегінде оты бар жастарды ел түкпірінен жинап келеді. Осынау игі іс биыл да үзілген жоқ. Осымен 12-ші рет өткен «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ...» атты республикалық Қасым Аманжолов оқуларында 16 мен 28 жас аралығындағы жастар ақын поэмаларын оқудан бәсекелесті. Байқау екі кезеңнен тұрды.

«...Бұл Қасымды бір байқасын!»

Бірінші кезеңде Алматы, Астана, Ақтөбе, Қызылорда, Жам­был, Ұлытау, Қостанай және Қара­ғанды өңірлерінен 32 үміткер «Қасым Аманжолов – эпик ақын» тақырыбында эссе жазды. Ал оның арасынан оқ бойы озық шық­қандар ақын поэмаларын жатқа оқып жарысты.

Сонымен қазылардың сы­ны­нан сүрінбей өткен 10 үздік­тің ортасынан бас жүлдені Жам­был облысының Т.Рысқұлов ауда­нынан келген Тұрар Жанділда иеленді. І орын қарағандылық Жан­сая Жанатоваға, ІІ орын қызыл­ордалық Аружан Абдрахманова­ға, ІІІ орын Қарағанды облысы Нұра ауданы Мұзбел ауылынан қатысқан Жанаргүл Саметке бұ­йырды. Сонымен қатар бірқатар талантты жасқа арнайы диплом­дар да табыс етілді.

Қасым оқуларына Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қасым» республикалық әдеби-қоғамдық журналының бас редакторы, жазушы Серік Сағынтай, халықаралық «Алаш» әдеби сый­­лығының лауреаты, ақын, аудармашы Дәурен Берікқажыұлы, Е.Бөке­тов атындағы Қарағанды уни­вер­ситетінің профессоры, фило­логия ғылымдарының докторы Жан­сая Жарылғапова қазылық етті.

Дәстүрлі оқуды дәріптеп, ұйым­­дастыруға ұйытқы болған Н.Гоголь атындағы Қарағанды об­лыс­тық әмбебап ғылыми кітапханасы. Қарағанды облы­сының мәдениет, архивтер және құжаттама бас­қармасы қолдау көрсеткен.

– Қасымның рухын асқақта­тудағы аймақтың еңбегін айтпай кетуге болмайды. Бір Қасымға арналған көп істің баянын табуына осындағы азаматтар ықпал етті. Қарап отырсаңыз, «Қасым» журналы, «Қасым үйі», «Қасым» порталы бар. Бәрі бір күнде пайда болған жоқ. Баршасында ерен еңбек жатыр. Бұл – дүркін-дүр­кін жазудың, мәселені көтеру­дің нәтижесінде қол жеткен дүние. Мұның сыртында «Қасым» кубогі бар. Пандемияға байланыс­ты тоқтап қалды соңғы жылдары. «Журналистер арасындағы Берді­құлов атындағы турнир се­кілді Қасым турнирі неге жоқ?» деген идеяны мен айтқаныммен, оны іске асырған да осы жақтағы әде­биет жанашырлары. Дәстүрге арналған Қасым байқауы әр жылда түрлі жанрды қамтиды екен. Бір жылы Қасым әндері насихаттал­са, енді бір жылы Қасымға арнал­ған мүшәйра, қайсыбір жыл­да­­ры Қасым өлеңдерін жатқа оқуда бақ сынасыпты жастар. Биыл Қасымның поэмасын жатқа оқу мақсат етіп алыныпты. Бүгінде ­поэма түгілі бір шумақ өлең жаттайтын адам кемде-кем. Соған байланысты байқау қиындау әрі қа­тысушысы да аздау болған се­кілді. Дейтұрғанмен, ынта бар. Рес­публиканың әр аймағынан келген жастардың ықыласына қуандым, – деді Дәурен Берікқажыұлы.

 

Қарағанды