Қоғам • 11 Қазан, 2022

Көмірді мобильді қосымша арқылы сатып алады

198 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласының тұрғындары қатты отынды Halyk Homebank қосымшасы арқылы сатып алу мүмкіндігіне ие. Жаңа пилоттық жобаға бұған дейін Қостанай облысы қосылса, аптаның соңына дейін Павлодар облысы да қосылады.

Көмірді мобильді қосымша арқылы сатып алады

Мобильді қосымша арқылы сату нүктесін, көмірдің қажетті маркасын және көлемін таңдау мүмкіндігі бар. Сонымен бірге онлайн төлем жасап, тауар ақысын 3 айдан 6 айға дейін бөліп төлеуге болады. Аталған заманауи шешім қатты отынды тікелей және кезексіз сатып алуға, сондай-ақ халықтың жылыту маусымына дайындығын айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді. Тиісті жұмыстар басқа да өңірлерде жүргізіледі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетовтің айтуынша, тұтыну­шылардың онлайн түрде сатып алынған көмірдің сапасына көңілі толмаса, қай­тарып беру мүмкіндігі де қарастырылған. Сонымен қатар тиеліп жатқан көмірдің сапасына өзі көз жеткізгісі келетіндердің де онлайн түрде кезегі мен уақытын анықтап алып, баруына да мүмкіндігі жасалады.

«Егер келген көмір айтарлықтай сапасыз болған жағдайда оны сіз қайтара аласыз. Бұл мәселе өңірлік көмір опера­торлары мен көмір разрездері­нің жауапкершілігінде», деді Т.Жолмағамбетов.

Айта кетерлігі, ведомство өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, көмірді жеткізіп беру мен бөлу мәселелерін ерекше бақылауда ұстап отыр.

2022 жылғы қаңтар-тамызда елімізде 73,7 млн тонна көмір өндірілген, бұл был­тырғы сәйкес кезеңмен салыс­тыр­ған­да 6,2%-ға артық. Көмір өндіруші кәсіп­­орын­­дардың деректері бойынша баға был­тырғы деңгейде сақталған. Ал сату орын­­дарында көмір бағасының өсуіне жол бермеу үшін оны үздіксіз та­сы­мал­­дауды қамтамасыз ету және автомо­­биль көлігімен елден тыс жерлерге әкетуді 6 айға шектеу жөнінде шаралар қабылданды.