Бокс • 07 Қазан, 2020

Алматыда бокс кеші өтеді

1007 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

9 қазанда Алматыдағы "Абылай хан" спорт кешенінде кәсіпқой бокстан халықаралық турнир өтеді. Таяуда ғана тұсауы кесілген "Дарын" және "Nev Names" промоутерлік компаниялары ұйымдастырып отырған айтулы жарыста Қазақстанның бірқатар аймағы және Әзірбайжан мен Беларусь елінен келген былғары қолғап шеберлері бақ сынайды, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматыда бокс кеші өтеді

Алатау баурайында өтетін жарыста атыраулық Бекболат Құрамысов кәсіпқой рингтегі өзінің тұсаукесер кесер кездесуін өткізеді. Бұл есім жанкүйерлерге жақсы таныс. Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы Дастан Сәдуақасовтың төл шәкірті әуесқой рингте жүргенде 69 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, елеулі табыстарға қол жеткізді. Атап айтсақ, студенттер арасында Чианг-Май мен Элистада өткен әлем чемпионаттарының финалисі болды, Азия біріншілігінде қола медальді иеленді. Ересектердің ел чемпионатында жүлдегелер санатына қосылып, Дүниежүзілік бокс сериясында (WSB) "Астана" арландары" клубының намысын абыройлы қорғады. Енді Бекболат кәсіпқойлармен күш сынасуды құп көріп отыр. Өзінің алғашқы жекпе-жегін  Құрамысов алматылық Батыржан Тұхтаевқа қарсы өткізеді.  

Танымал бапкер Сағатбек Мұсахановтың қол астында жаттығатын Ескендір Харсан Андрей Нурчинскимен қолғап түйістіреді. 31 жастағы Беларусь елінің өкілі өте тәжрибелі боксшы. Ол осы күнге дейін кәсіпқой рингте 50-ге жуық жекпе-жек өткізді. Ал 23 жастағы қандасымыз жеті рет шаршы алаңға шығып, соның алтауында жеңіске жетті.

– Алматыдағы бокс кешенінде өнер көрсететін жігіттердің үш-төртеуінің ғана есімі көпшілікке танымал. Ал қалғандары кәсіпқойлар арасында өздерінің тұсаукесер кездесулерін өткізгелі отыр. Осылайша, біз жастарға өз-өздерін мойындатуға жақсы мүмкіндік беріп отырмыз. Оның үстіне, "Дарын промоушен" компаниясы жуырда ғана құрылды. Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының арнайы лицензиясын ресми түрде алғаннан кейін бірден дүбірлі дода ұйымдастыруға бел будық. Бұл реттегі біздің басты мақсатымыз – осы спорт түрін таңдаған жастарға жол ашу, олардың үлкен аренаға шығуына барынша жағдай жасау. Айтулы жарыс көпшіліктің көңілінен шығады деп ойлаймыз, – дейді "Дарын" промоутерлік компаниясының президенті Дархан Қабыланбаев.

Сондай-ақ, айтулы турнирде Қанат Сүмебайұлы мен Дәуіт Ынтымақ, Бауыржан Бейілдинов пен Ерлан Махмұд, Ғани Спатаев пен Исмат Еюнулаеев (Әзірбайжан), Сергей Крапшила (Беларусь) мен Адлан Селмұрзаев және Асхат Жантұрсынов пен Казим Умудов (Әзірбайжан) сынды боксшылар жұдырықтасады.