Аймақтар • 19 Маусым, 2020

Түркістанда барымташылар қолға түсті

478 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысының полицейлері құны 150 млн теңгеден асатын жылқыларды ұрлаған барымташылардың қылмыстық тобын ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz

Түркістанда барымташылар қолға түсті

Тергеу барысында ұсталғандардың бір жарым жыл бойы жасалған 14 мал ұрлығына қатысы бары анықталды. Жалпы ұрылар облыстың Қазығұрт, Төлеби және Сарыағаш аудандарының жайылымдарынан жылқы ұрлап отырған. Осылайша, полицияға ондаған ауыл тұрғындары өздерінің малдарын жайылымнан белгісіз тұлғалар айдап әкеткені туралы арыз түсірген. Жәбірленушілердің бірі полицейлерге өткен жылдан бері мал ұрылары оның 25 жылқысын жымқырып кетіп, өзіне 12 млн теңгеден астам шығын келтіргенін хабарлаған.

Ұрыларды ұстау мақсатында құрылған облыстық ПД-нің криминалдық полиция, тергеу және жергілікті полиция қызметінің тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы жақын маңдағы барлық аумақтарды аралап, үй малдарын сату және сою орындарын, сондай-ақ алыс шаруа қожалықтары мен жайылымдарды тексерді. Нәтижесінде, Қазығұрт ауданының екі тұрғыны ұсталды, оның бірі бұрын сотты болған. Тергеу барысында жедел уәкілдер ұрланған жылқыларды сатып алушылардың ізіне түскен. Белгілі болғандай, ұрылар жайылымнан жылқыларды айдап әкетіп, қораларында жасырын баққан, содан кейін олардың сырғаларын ауыстырған және базарға немесе етке өткізіп отырған. Тергеу барысында қылмыстық топтың 14 мал ұрлығына қатыстылығы анықталды, оның жеті дерегі Қазығұртта, бес дерегі Сарыағашта және екі дерегі Төлеби аудандарында. Айғақты зат ретінде полицейлер 70-тен астам жылқыны тәркілеп, заңды иелеріне қайтарды.

Полиция департаменті хабарлағандай, мал ұрлығына қатысты бүгінде тергеу амалдары жүргізілуде және мал ұрыларының басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Қылмыстық іс Түркістан облысы ПД-нің өндірісінде және департамент бастығының қатаң бақылауына алынған.