
Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Әл-Фараби шығу тегі жағынан түркілердің әскери топтарына жататын. Ол оны жасырмайтын және өмір бойы түркі киімін киіп жүретін. Бастапқы білімді ол Отанында алды, бірақ онда ірі де үлкен ғалымдар болмағандықтан білімін жалғастыру үшін Дамаскіге аттанды.
Әл-Фарабиден қалған мұра өте көп және әр алуан. Ол сол кездегі белгілі ғылымдардың бәрін де зерделеді. Олар этика, саясат, психология, жаратылыстану, музыка-тын. Ол үшін бірінші кезекте философия тұрды. Ең әуелі оның атағы Аристотельдің философиялық еңбектерінің түсіндірушісі ретінде шықты. Сол себепті де ол «екінші ұстаз» (әл-мұғаллим ас-сани) деп аталды. Әл-Фараби еңбектерінің басқаларға мүлдем ұқсамайтындығын және оларды еліктеме түсіндірмелер деуге болмайтындығын ескерткен жөн.
Аудармашыларға ғылыми терминдердің болмауы кедергі келтірді. Олар мәтіндерді игере алмағандықтан, грек тіліндегі түпнұсқасының синтаксистік құрылымын сақтады, яғни аударма мәтінін араб оқушысына түсінбейтіндей етті. Әл-Фарабидің грек ғалымдарының еңбектеріне жазған түсіндірмелері ғана грек ғылымын дұрыс түсінуге көмектесті. Әл-Фараби грек философы (Аристотель) еңбектерінің көпшілігіне түсіндірме жасады. Мысалы, «Категория», «Герменевтика», «Бірінші және Екінші Аналитика», «Топика», «Софистика», «Риторика» және «Поэтика». Бұлардан басқа Порфирийдің Исагогіне («Философияға кіріспесіне») жасалған түсіндірме де әл-Фараби қаламына жатады.
Әл-Фараби тек түсіндірме жазумен ғана шектелген жоқ. Оның өз қаламынан туған түпнұсқалық та шығармалары бар. Оларды таза перипатетикалық деуге болмайды. Неоплатоншылардың еңбектерін жалғастыра отырған ол Аристотельдің философиясымен Платон философиясын үйлестіруге тырысты. Осы міндетті іске асыруға болады деп есептеді. Оның қысқа да шағын трактаты «Фусус әл-хикам» кеңінен белгілі. Бұл туынды әл-Фараби ғылымының аса маңыздысы саналады.
Әл-Фараби жақсы математик та еді. Ол сол кездегі медицинаның бүкіл теориясының мағынасын білді. Бірақ дәрігер ретінде қолданған жоқ. Сондай-ақ ол музыка теориясына қатысты да бірқатар шығарма туындатты. Композитор ретінде де белгілі болды» дейді. (Е.Э.Бертельс. История персидско-таджикской литературы. Изданные труды. М.,1960, 112-113-беттер).
Енді Әбу Насыр әл-Фарабидің шығармашылығын тарата айтайық.
Әбу Насыр алғашқы білімді сөйтіп өзінің туған қаласы – Отырарда алды. Бірақ бұған қанағаттанбай сол кездегі араб мәдениетінің орталығы Бағдат қаласына аттанды. Әл-Фараби өмір сүрген кез араб мәдениетінің, оның ішінде әдебиеттің құлпыра гүлденіп, нағыз дәуірленген кезеңіне дөп келді. Өйткені Ислам туы астына бағынған біраз ел өзінің дәстүрге сіңген салт-сана, тілдік ерекшеліктерін сақтай отырып, рухани бай тәжірибесімен халифат мәдениетін өркендетуге үлес қосты. Таяу Шығыстағы Бағдат, Басра, Куфа, Каир, Халаб сол кездегі ірі-ірі сауда мен қолөнер орталықтары болуымен қатар, шоғырланған мәдени ошақтарға айналған еді.
Иә, Бағдат шығыс халықтары мәдениет орталықтарының біріне айналды. Мұнда ғылымның сан саласын қамтыған «Мамұн академиясы», «Даналық үйі», «Бағдат обсерваториясы» атты ғылыми орталықтар жұмыс істеп жатты.
Шынында да ортағасырлық араб шежіреші Ибн Халликанның (1211-1282) жазуына қарағанда, «Әбу Насыр Бағдатқа келген кезде мұнда мәшһүр философ Әбу Бишр Матта бин Йунис (870-940) тұратын-ды. Ол қарт еді, жамағатқа логикадан дәріс оқитын, өзі де осы пән бойынша көптеген еңбектің авторы-тын. Ол Аристотель ілімінің (оны түсіндіру жөнінен), әсіресе логика саласының маманы-ды. Сондықтан оның ешқашан бос уақыты болған емес. Ол өте сыпайы және сабырлы адам-ды. Өз ойларын аса қарапайым әрі ұғынықты түсіндіретін. Әл-Фараби соның осындай қасиетін бойына сіңірді және түсіндірудің осындай тәсілін меңгерді [Ибн Халликан. Китаб уафайат әл-ағйан онба әбна аз-заман. Бейрут. (ж.көрсетілмеген) 153-157- беттер]».
Әл-Фараби логика, медицина, астрономия және басқа ғылым салалары бойынша сандаған еңбек жазды. Ол «аса ірі мұсылман философтарының бірі» деген атақ алды. Оның өресіне ешкім жеткен жоқ. Ортаазиялық философ, ғалым Әбу Әли ибн Сина (990-1037) өз туындыларында әл-Фарабидің шығармаларын пайдаланғанын, сол арқылы мәшүрлікке қолы жеткеніне көңіл аударған.
Әл-Фараби бүкіл ғылым салаларының ішінде әсіресе философияны, логиканы кемеліне жеткізіп, баршаға ұғынықты етті. Сондықтан да ол өзіне дейінгі араб философы Йағкуб Ибн Исхақ әл-Киндиден де (800-874) асып түсті. Өйткені әл-Фараби ғылымның күрделі мәселелерін шеше білді.
Иә, қажымай-талмай еңбектенуінің нәтижесінде ол көптеген ғылыми жаңалық ашып, атағы шыққан ғалым болды. Заманында білімпаздар арасынан озып шықты.
Орта ғасырларда өмір сүрген араб тарихшылары әл-Фарабидің өте қарапайым, аса қанағатшыл, жұпыны ғана киініп, той думан, ырду-дырдудан бойын барынша аулақ ұстағандығын жазады. Күндіз ол көбінесе қаладағы бақшада күзетшілік қызмет атқарып, одан тапқан ақшасына сатып алған шырақ жарығымен түні бойы кітап оқумен шұғылданған.
2006 жылы Халаб қаласында болғанымызда сириялық достар әл-Фараби ғұмыр кешкен сондай бақшалардың бірін көрсеткені есімізде.
Әл-Фарабидің алғаш рет философ ретінде танылғанын айттық. Оның философиялық еңбектерінің басым көпшілігі ежелгі грек ғалымдарының мұрасын зерттеп, оларға түсіндірме жазуға арналған.
Сондай-ақ өзі де «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғылымдардың шығуы», «Бақытқа жету» сияқты т.б. трактаттар туындатқан. Ондай еңбектерінде ол дүние, қоғам, мемлекет және адамдардың өзара қарым-қатынасы туралы өз заманы үшін озық ой-пікірлер айтқан. Орта ғасырлардың өзінде-ақ Әбу Насыр қанаусыз, зорлықсыз бақытты қоғам орнату жөнінде батыл болжам жасады. Мұндай қоғамның тууын ол мемлекет басшысының ақылы, білімі және адамгершілігімен байланыстырған.
Көрнекті шығыстанушы ғалым, академик Б.Ғафуров (1908-1977) әл-Фарабидің ғылымға деген құштарлығы таңғаларлықтай сан салалы болғанына тоқталады. «Біз, – дейді ол, – ұлы ғұлама жазған еңбектер ішінен математикаға, медицинаға, әуез теориясына, ал химия мен магияға арналған дүниелерді көреміз. Ұлы ғұлама пәлсапаның, логиканың, таным-наным теориясының, психологияның, этиканың (әдеп), саясат пен социологияның сан қырлары жөнінде пікірлер айтып, келелі еңбектер жазған. Әл-Фараби атын бүкіл әлемге танытып, оны дүние жүзі мәдениетін жасаушылардың алдыңғы легіне қосқан да оның осы салалардағы еңбектері».
Әл-Фараби педагогика, психология, эстетика мен акустика, астрономия мәселелерін де терең зерттеп, мәдениет пен ғылымға жемісті үлес қосқан. Сондай-ақ ол парасаттылық пен ағартушылықты жақтаған үлкен гуманист. Отырар перзенті халықтарды өзара бейбіт қатар өмір сүруге, достыққа шақыра отырып, адам баласының білім пен парасатты ойын терең бағалаған. Иә, сөйткен ол метафизика, тіл білімі, логика, жағрафия, этика, т.б. ғылым салаларын қамтитын жүз елуге тарта трактат жазған.
Сайф ад-Дауланың сарайында
Әл-Фараби өмірінің соңғы жылдарын Сирияның Халаб қаласында өткізген. Сол жердің әміршісі Сайф ад-Дауланың (915-967) сарайында тұрған.
Ибн Халликан шежіресінде Әбу Насырдың осы әмірші сарайына алғаш келген кездегі Сайф ад-Дауламен танысуы жайлы қызықты деректер келтірілген. «Мысырдан қайтып оралған ретінде әл-Фараби Сайф ад-Даула өзінің жанаптарымен мәжіліс құрып отырған үстіне келеді. Әбу Насырдың кигені өзінің ұлттық киімі екен. Ол кіріп келген сәтте Сайф ад-Даула «Отыр!» деп әмір етеді. Әл-Фараби: «Қай жерге отырайын, сіз отырған жерге ме, жоқ әлде өзім тұрған жерге ме?» – деп сұрайды. Сонда Сайф ад-Даула: «Өзіңе қай жер лайық деп тапсаң, сол жерге отыр», – дейді. Ұлы ғұлама Сайф ад-Дауланың қасына келіп, оны тағынан ығыстырыңқырап орнына жайғасады. Әміршінің өзі және бірнеше оққағары ғана білетін құпия сарай тілі бар еді. Осы жасырын тілде ол оққағарларына: «Мына қарт дөрекі екен. Мен қазір оған бірнеше сұрақ қоямын, егер лайықты жауап бере алмаса жазалаңдар», – дейді. Сонда әл-Фараби Сайф ад-Дауланың өзі жаңа ғана сөйлеген құпия тілде дереу: «О, Әміршім, сабыр ет. Әр істің артын баққан жөн болар!» – дейді. Бұған қайран болған сұлтан: «Апырай, сіз бұл тілді қайдан білесіз?» – деп сұрайды. Сонда әл-Фараби: «Мен жетпіске жуық тілдерді білемін» дейді.
Бұдан кейін Әбу Насыр Сайф ад-Даула және оның сарайындағы әнші, ақын, ғалымдармен өнер жөнінде сұхбат құрады.
Сайф ад-Даула сарайға музыканттар келсін деп жарлық береді. Олар аспаптарында ойнаған кезде әл-Фараби оларды тоқтатып, әлсін-әлсін ескерту, түзетулер жасап отырады. Сонда Сайф ад-Даула: «Сіз бұл өнерді жақсы білетін бе едіңіз?» – деп сұрайды. Ол: «Иә» деп жауап береді де беліндегі кісесін шығарып, одан жіңішке бір аспапты алып, құлақ күйін келтіріп, ойнауға кіріседі. Жан рақат саз шалқып, отырғандар жадырап күле бастайды. Енді ол аспаптың құлақ күйін басқаша келтіріп ойнайды. Аса мұңды бір саз құйылып, отырғандар жылай бастайды. Ең соңында ол аспаптың құлақ күйін тағы да басқаша келтіріп, ойнайды, сонда баршасы, тіпті Сұлтанның оққағарларына дейін мүлгіп ұйықтап кетіпті. Оларды сол ұйықтаған қалпында Әбу Насыр қалдырып, сарайдан шығып кетеді» [Ибн Халликан. Китаб әл-ағйан онба әбна аз-заман... 155-156-беттер].
Сайф ад-Даула өз сарайына сол замандағы талант тарландарын жинай білген еді. Мұнда Әбу Насыр сияқты айрықша ыстық ілтипатқа бөленіп, арабтық ақиық классик ақыны әл-Мүтанабби (915-965) де өзінің біраз жылдарын өткізген.
Бұл пікірді Ибн Халликан да қуаттай түседі: Халифтардан кейін билік құрған бірде-бір сұлтан дәл Сайф ад-Дауладай өз төңірегіне поэзия падишалары мен ғасыр шамшырақтарын топтастырған емес. Парсы текті араб әдебиетшісі, атақты «Китаб ал-ағанидің» авторы Әбу-л Фарадж Исфаһани (897-967) да осы Сайф ад-Даула сарайын сағалап жүрген. Сол шоқ жұлдыздар ішінде жерлесіміз әл-Фараби ерекше жарқырап көрінді. Ол тек ғұлама ғалымдығымен ғана емес, ойшыл кемеңгерлігімен, ақындығымен де дараланады. Оның әдебиет пен тілдің өзекті мәселелеріне байланысты айтқан тұжырымдары топжарған талайды тамсандырған.
Араб әдебиетінің классигі, жауынгер ақын – әл-Мүтанаббидің шығыс әдебиеті мен дүниежүзілік әдебиеттегі орны ерекше. Көрнекті араб әдебиетшісі, профессор Абд әл-Уаһһаб Аззам зерттеулерінде әл-Мүтанабби жайлы: «Ахмед әл-Мүтанабби ұрыс тақырыбындағы қасидаларымен (жырларымен) өзге ақындар немесе қарасөз зергерлері шыға алмаған шыңға көтерілді» деген.
Батыстың көрнекті шығыстанушы ғалымдары Силвестер де Саси (1758-1838), И.Хаммер-Пургшталь (1774-1856), Р.А.Никольсон (1868-1945), К.Брокельман (1868-1956), Р.Блашер (1900-?), Френческо Габриеллилер де ақынға өз зерттеулерін бағыштады. Әл-Мүтанаббидің тұстасы, ортағасырлық тамаша тарихшы, ақын әрі сыншы Насиф ан-Насиджи: «Заманымыздың ақындарының бәрі жер басып жүрсе, тек әл-Мүтанабби ғана өзінің өршіл құдіретті поэзиясымен аспанда қалықтауда» десе, ливандық араб әдебиетшісі (1914-2011) Ханна әл-Фахури: «Әл-Мүтанаббидің поэзиясы өмірге келген күннен бастап күні бүгінге дейін ғасырдан-ғасырға таусылмас сапар шегіп, шеру тартып келеді» деп шайырға үлкен баға берген.
Әл-Мүтанабби 915 жылы Куфа қаласында (Ирак) жарлы, су тасушының шаңырағында дүниеге келген. 928 жылы болашақ ақын сол кездегі мәдениет майталмандары мен ақындардың сүйікті қаласы – Бағдатқа келеді. Осында белгілі ақындардың өлең өнерімен танысады. Тәлім ала жүріп, алғашқы бәйіттерін жазады. Аз жылдың ішінде-ақ тек Бағдат қана емес, Шамда, Мысырда Сайф ад-Дауланың сарайында ақынның атағы шыға бастайды.
Әл-Мүтанабби тек шайыр ғана емес, жауынгер ретінде де танылған. Ақын талай рет түрлі жорықтарға қатысып ерліктер көрсеткен. 946 жылдары майданда бірге болған досы Бадр бин Амшардың шақыруымен Сириядағы Антакия қаласына келеді. 948 жылы осы қалаға Византия жорығынан қайтып келе жатқан Сайф ад-Даула тоқтайды. Ақынның сұлтанмен танысуы да осы жерде болады. Сайф ад-Даулаға өр мінезді әл-Мүтанабби ұнап қалады. Оны өз сарайына шақырады. Осы кезде Сайф ад-Даула сарайында әл-Фараби де тұрып жатқан-ды. Ол кезде әл-Фараби 73-ке, ал әл-Мүтанабби 33 жасқа шыққан-ды. Сарайдағы ақындар мен философтардың ұстазы әрі атақтысы да әл-Фараби болғандықтан әл-Мүтанабби оны өзіне ұстаз тұтады. Әл-Фараби мен әл-Мүтанаббидің кейбір мінез ерекшеліктері де өте ұқсас болған» көрінеді.
Арада көп уақыт өтпей-ақ олардың атағы жан-жақты шарлап кетеді. Сонымен қатар олардың бақталастары да көбейе түседі. Сондықтан да Сайф ад-Даула сарайында әл-Мүтанаббиге қашанда өзінің қарсыластары мен әдебиетші әріптестерімен күрес жүргізуге тура келеді. Ол көгілдір бір кеште жиналғандарға өзінің бір өлеңін оқиды:
«Бізді (Әл-Фараби мен өзін айтып отыр) осындағылардың бәрі біледі.
Өйткені біз сұлтан сарайындағы екіжүзді, жорғалап жүретіндерден емеспіз.
Менің достарым – қас тұлпар, қою түн, кең дала, алмас қылыш, өткір найза, қалам, қағаз» деп сарайдың күншіл ақынсымақтарын жерге соғады. Бақталастар онан сайын көбейе түседі. Оның үстіне күншілдердің өсегіне иланған Сайф ад-Даула ақынға қырын қабақ таныта бастайды.
Осы тұста айта кетер жайт, Сайф ад-Даула ақын-әншілерге, жалпы өнер адамдарына жақын болғанмен, негізінде мейірімсіздеу болған көрінеді. Мысалы, өзінің ең жақын немере інісі, даңқты жауынгер, атақты қолбасшы, белгілі ақын Әбу Фирас әл-Хамдани (932-968) кезекті бір жорықта Хамдан әулетінің ежелгі жауы – византиялықтардың қолына күтпеген жағдайда тұтқынға түсіп қалғанда да қолұшын бермей кетеді.
Әл-Мүтанабби өмірбаянында мынадай жайттар айтылады: «Сайф ад-Даула сарайында әл-Мүтанаббиге дәйімі өзінің әдебиетші әріптестерін қарсы күрес жүргізуге тура келеді. Бір көгілдір кеште әмірші алдында Ибн Халайвейх әл-Мүтанаббиге сын ескертпе жасағанда ақынның арқасы қозып: «Иә, сен араб емессің, парсысың, саған араб тілін білу қайда?!» – дейді. Жарыла жаздаған Ибн Халавейх ауыр кілтпен әл-Мүтанаббидің басынан ұрады, ал жанжалдың басы-қасында болған Сайф ад-Даула оқиғаға қырын қабақ танытып, қолдамай қояды. (Ханна аль-Фахури. История арабской литературы. М., 1961, 2-том, 94-бет). Міне, осындай келімсіздіктерді көре отырып әл-Фараби қапаланады, жанына жұбаныш іздейді. Заманының озық өрені әл-Мүтанабби секілді шәкіртіне «жасалған қиянаттар ұстазы әл-Фарабиді торықтырады. Ақыры сұлтан сарайын тастап, Халабтан кетіп қалады. Әл-Фараби кеткеннен кейін әл-Мүтанабби ол жайында көптеген өлең жазады. Тіпті ақынның мына бір сөздері тікелей Әбу Насырға арналғандай: «Қазір ақылды, /оқымысты/ адам ешқашан бақытты бола алмайды. Өйткені ол дегенде, тағдырдың көзі соқыр!».
Әл-Фараби мен әл-Мүтанаббидің қазасы
Сонымен жоғарыда айтылғандай арада жыл өтпей-ақ (950 жылы) желтоқсанның екінші жартысында (мұсылманша раджаб айында) Сайф ад-Даула сарайына әл-Фарабидің қазасы жайлы қайғылы хабар жетеді. Әл-Мүтанабби қатты қапаланады. Соңында ол да Сайф ад-Даула сарайын талақ тастап Дамаскіге кетеді. Кейінірек Палестинаның ар-Рамла қаласы арқылы Фустат /қазіргі Каир/ қаласының әкімі Кафурдың шақыруымен Мысырға аттанады.
Әбу Насыр әл-Фараби 950 жылы қайтыс болған соң Дамаскінің оңтүстік жағындағы «Бас ас-Сағир» («Кіші қақпа») деген жердегі қабырстанға жерленген. Өзіне дейінгі дәуірдің көп томдық тарихын жазған атақты тарихшы Захир ад-дин Али әл-Хасан Абдулла бин Әли әл-Хасан Зайд Байһаки (1105-1169) «Тарих хукама әл-ислам» («Татимма-и сууан әл-Хикма») атты еңбегінде Фараби қазасы туралы екі дерек бар. Біріншісінде, ғалымдар оны Дамаскіде қаза болды десе, екіншісінде, әл-Фараби қасына бірнеше адам ертіп, Асқалан қаласына бара жатқанда жол торыған қарақшылардың қолынан қаза табады. Сайф ад-Даула қарақшылардың бәрін тауып, дарға асқан», – дейді.
Бір таңғаларлығы, арада он бес жыл өткеннен кейін әл-Мүтанабби де дәл осындай жағдайда қайғылы қазаға ұшыраған. Ханна әл-Фахури: «Әл-Мүтанабби қасына баласын ертіп Уасыттан Бағдатқа келе жатады. Күн ыстық болса керек. Рахте қаласынан өте бере қырыққа жуық салт аттылы Фатих бин Джаһл әл-Асади дегеннің бастауымен әл-Мүтанаббиге тосқауыл қояды. Айдалада тоқтатады. Әл-Мүтанабби кейінгі жылдары жазған өлеңдерінің жазбаларын қарап келе жатса керек. Әлгі қарақшы әл-Мүтанаббидің басын қылышпен шауып түсіреді. Ақын қолындағы өлеңдері құмда шашылып қалады. Бұл оқиға 965 жылдың рамадан айында болып еді», деп жазған. (Ханна аль-Фахури. История арабской литературы. 2-том, 91-132-беттер)
Әбсаттар қажы Дербісәлі,
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры,
ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор