Экономика • 28 Мамыр, 2019

Цифрлы экономика жобалары Қазақстан экономикасының барлық саласында таралып жатыр

1162 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Ресей Федера­циясы Федералды Жиналысы Федералды Кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөнін­дегі комиссияның Алматыда өткен 14-ші отырысында белгілі болды.

Цифрлы экономика жобалары Қазақстан экономикасының барлық саласында таралып жатыр

Жиынды ашқан Сенат Төрағасының орын­басары Сергей Громов 13-ші оты­рыс­тың қорытындысы өзінің нәтижесін көрсеткенін еске түсіріп өтті. Біздердің елдеріміз арасындағы парламентаралық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріліп, қолданыстағы кейбір заңдарды үйлестіру саласында біраз нәтижеге қол жетіпті. 

– Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі – уран өндіру саласында еңбек өнімділігі 10 пайызға өсті. Бұл нәтижеге біз бір жыл ішінде қол жет­кіздік. Цифрлы экономика жобалары Қазақстан экономикасының барлық сала­сында таралып жатыр. «Қазіргі уақыт­та көптеген елде цифрландыру даму­дың стратегиялық басымдығы болып табылады. Әлемдік жетекші сарап­шы­лардың болжамдарына сәйкес, 2020 жыл­ға қарай әлемдік экономика­ның төрт­тен бір бөлігі цифрлы болмақ және мем­лекетке, бизнес пен қоғамға тиім­ді өз­ара әрекеттесуге мүмкіндік бере­тін эко­но­миканы цифрландыру техно­ло­гия­ларын енгізу ауқымды және дина­мик­а­­лық үдеріске айналып келеді. Біз­дің ел­деріміз цифрлы экономикада сұра­ныс­­ты қа­лып­тастыру стратегиясынан ұс­ы­ныс­тар қ­алып­тастыру стратегиясына көшуі және мұны бірлескен күш-жігер­­мен ж­асауы тиіс», деп атап өтті С.Громов.

Сондай-ақ ол бұл жиынға Сенат пен Федерация Кеңесінің екі бейінді комитет мүшелері қатысып отырғанын қаперге салды. 

Федерация Кеңесі Төрағасының орынбасары Ильяс Умаханов басқосудың күн тәртібіндегі мәселе – цифрлы эко­но­ми­каға көшуді ешбір ел жеке-дара жүр­гізе және нәтижеге жете алмайтынына тоқ­тал­ды. Сарапшылардың пікірінше, бұл жаңа технологиялық серпіліс біздің мем­ле­кет­терімізге ХХІ ғасырдағы жоға­ры тиімді экономиканы құруға және әлемдегі ең дамыған елдің біріне айналуға мүмкіндік береді. «Цифрлы экономика енгізілген соң басқару моделі жаңа стандартының тиімділігі артады және шығындардың азаюынан экономикаға үлкен пайда түседі», деп атап өтті И.Умаханов.

Жиынның мақсаты халықаралық цифрлы технологияларды өмірге дендеп енгізіп, оның әлеуметтік топтар сатысындағы халықтың өміріне елеулі түрде тигізетін әсерін айғақтау екені биік мінберге шыққан сөйлеушілердің алғашқы сөздерінен-ақ анық байқалды. Айта кетейік, бұдан бұрын танымал экономист-сарапшы Сергей Перапечка еліміздің экономикасын одан әрі цифр­ландыру көптеген саланың дамуына басты фактор боларын айтқан еді. Ол келтірген мәліметке қарағанда, цифрландыру саласы бойынша еліміз жыл өткен сайын алға жылжып келеді. Ал цифрлы экономикаға тартылу деңгейі бойынша Қазақстан Ресей, БАӘ, Аргентина мен Чили сияқты елдермен қатар тұр екен әрі цифр­ландыру индексі бойынша 0,72 (БҰҰ-ның 2018 жылғы мәліметі), жаһан­дық орта деңгейлі көрсеткіштен (0,49) жоға­ры тұр. Ал еліміздегі ең ірі деген ком­­па­­ниялар арасында кең жолақты ин­тер­­нетке кіру көрсеткіші 45 пайызды құрайды. 

Түс ауа қонақтар Ықылас атын­дағы музыкалық халық аспаптары мұра­жайын­да болып, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Комиссияның кезекті 15-ші басқосуы Ресейде өтеді, оның мерзімі Комиссияның хатшылығы арқы­лы қосымша хабарланады. 

АЛМАТЫ