19 Наурыз, 2013

«Енді ұмыт жеті жылғы жолды тастақ…»

386 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Енді ұмыт жеті жылғы жолды тастақ…»

Сейсенбі, 19 наурыз 2013 0:42

Біз кешегі 37-ші жылдың зұлматын әлі толық зерттеп-зерделеп, санаға тоқып үлгере қойған жоқпыз. Шындықтың шыңырауын сол кездегі тоталитарлық жүйе барынша бүркемелеп, жасырып келсе, қазақ халқының бетке ұстар зиялы қауымын баудай қырып түсірген запыран-заманның қою түнегіне жарық жағып, тарих тұңғиығындағы аласапыран ақиқатын бүгінгі ұрпаққа қайта табыстау тарихшылар мен мұрағатшылар үшін басты мұрат болып саналады.

Сейсенбі, 19 наурыз 2013 0:42

Біз кешегі 37-ші жылдың зұлматын әлі толық зерттеп-зерделеп, санаға тоқып үлгере қойған жоқпыз. Шындықтың шыңырауын сол кездегі тоталитарлық жүйе барынша бүркемелеп, жасырып келсе, қазақ халқының бетке ұстар зиялы қауымын баудай қырып түсірген запыран-заманның қою түнегіне жарық жағып, тарих тұңғиығындағы аласапыран ақиқатын бүгінгі ұрпаққа қайта табыстау тарихшылар мен мұрағатшылар үшін басты мұрат болып саналады.

Сөзіміз құрғақ болмас үшін мысалы, мына бір нақты деректі алға тарта отырып, ой сабақтайық. Сол қилы заманның рухани жәдігеріне жататын мұндай құнды еңбектің әлі күнге баспагерлер назарынан тыс қалып қоя беретіні ойлантады. Мәселен, биыл туғанына 120 жыл толғалы отырған Мағжан Жұмабаевтың кезінде КСРО Халық Комиссарлар Советінің төр­­ағасы Ораз Исаевқа жазған ашық хаты жә­не осы хатпен жолданған «Жамбылға», «Қаламыма» деген өлеңдері туралы деректер ақынның өмірбаянында, шығармаларында кездеспейді.
Жақында іссапармен ұлы ақын­ның туған ауылы Сарытомарда болғанымда осындағы ақын мұра­жайымен жақынырақ таны­судың сәті түсті. Мұнда да ақынның соңғы үміті жөнінде ешбір дерек жоқ екен. 1995 жылы Орталық мемлекеттік мұрағатта жұмыс жасап жүрген кезімде мұрағаттың оқу залына келушілер менен араб, латын әріптерімен жазылған мәтіндерді оқып беруімді сұрайтын. Мұндай адамдардың талай мәрте өтініштерін қанағаттандырдым да. Мәселен, сондай бір зерттеушінің бірі З.Келдібеков О.Исаевтың өмірі мен қызметі бойынша дерек жинап жүріп, арабша ғаріппен жазылған қолжазбаны оқып беруімді сұрады. Сондай жұмыстың барысында бірде Мағжан ақынның соңғы жазбаларына кез болдым. «Азап пен мазақ» атты ақын тура­лы жаңа дерек тарихшы-ғалым Қайдар Ал­да­жұ­мановтың түсіндірмесімен жарияланған болатын.
Енді соңғы жылдары жарық көрген Мағжан жырларының жи­нағына келсек, 1989 жылғы «Жазушы» баспасынан шық­қан ақын­ның шығармалар жинағында «Қаламыма» өлеңінен үш-ақ шумақ, ал «Жамбылға» өлеңінен жалғыз ғана шумақ аз-маз өзгерістермен берілген. Осы мәтін 2002 жылғы М.Жұмабаев шығармаларының 3 томдығында да өзгеріссіз қай­таланады.
Ақын Хамза Абдуллин Мағжан жайлы естелігінде Мағжан ұсталып кеткеннен кейін, оның үйінде жиырма шақты өлеңін және болашақта қазақ тілін дамыту туралы қалың дәптерге жазылған мақалаларын оқығанын айтады: «… Ең алдымен «Қаламыма» және «Жамбылға» деген екі өлеңін оқып шықтым. «Қаламыма» – Мирзоянға жазған «өтініші» екен. Екі өлеңі де 24 шумақтан. Бүгінгі күні менің есімде қалғаны: «Қаламымадан» – соңғы үш шумақ, ал «Жамбылға»-дан – бір-ақ шумақ. Бұл шумақтарды мен Мағжанның жинағына кіргіздім» – дейді.
Ал мұрағаттағы қолжазбаға жүгінсек, «Қаламыма» – 23 шумақ, «Жамбылға» өлеңі 22 шумақтан тұрады. Хамза ағамыз айтқандай, өлең алғаш жазылғанда 24 шу­мақтан тұрса керек. Бұдан ақын көшіріп жазу кезінде керек емес деген шумақтарын алып тастаған болуы мүмкін деп қорытынды жасауға болады. Хаттың мазмұнына, өлең­дерге қарағанда, Мағжан мұндай хатты және өлеңді сол кездегі өл­келік партия ко­митетінің хатшысы Л.Мирзоянға да жазған ба деген ой келеді.
Тарихтан белгілі, 1929 жылы Мағжан Жұмабаев «Алқа” атты жасырын ұйым құрды деген айыптаулармен 10 жылға сотталды. Шын мəнісінде бұл Сибревком жанындағы Қазақ АССР өкілінің келісімімен құрылған көпшілік қауымға белгілі, отырықшылыққа айналдыру жөніндегі ресми түрде рұқсат етілген ұйым еді.
1936 жылы ақын М.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен аз ғана уа­қыт бостандыққа шығып, еліне оралады. Петропавлда мектепте орыс тілі мен əде­биетінен сабақ беретін мұғалім болып жұ­мыс істейді. Бірақ біраз уақыттан кейін бұл қыз­меттен босатылады. Ол туралы өзі: «Не себепті босатылғанымды сұрасам, қалалық оқу ісінің мең­герушісі жалпы саяси себептерге байланысты дегенді айтты. Міне, 20 шақты күн болды жұмыссыз отырмын» деп жазады Алматыға, Жазушылар одағының бастығы Сəбит Мұқановқа жол­даған хатында. Аударма ісімен айналысқанын, бірақ шарт жа­йында бас­падан хабар жоғын айта келіп, Мағжан тағы да: «Мен Қазақстанға жаңа жолға түскенімді өз қалам күшіммен көрсетем деген тілекпен оралдым. Қалай болғанда да орталыққа жетуім керек деп шештім. Егер жолға қа­ражат тапсам, орталыққа баруды ойлап отырмын»,  –  дейді. Бұл хат 1937 жылы 20 ақпанда жазылады. Наурыз айында Алматыға келеді. Бұл  айтыс-тартыс дегеннің нағыз қайнап тұрған кезі еді. Біреудің үстінен біреу жала жауып, ұстатып, айдатып жатқан уақыт.
«Енді ұмыт жеті жылғы жолды тастақ…», – деп ақын өзі айтқандай, жеті жыл отырып келіп, қайтадан әдеби ортаға сіңісіп кету, өлеңін жариялату «тап жауы» Мағжан үшін қиынның қиыны болғаны анық. Басқа амалы қалмаған Мағжан еріксіз өзін ақтап алу үшін осы ашық хатын және оған қоса «жаңа қоғам талаптарына сай» өлеңдерін жазғаны ақиқат.
Ақынның жазған қалпындағы бұл өлеңдері оның өмір деректерін толықтыру мақсатында, сондай-ақ, алдағы уақытта жыр жинақтары тағы да баспадан жарық көріп жат­қан жағдайда қысқартылмай толық күйінде енсін деген үмітпен кириллицаға түсіріп оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдім. Себебі, Мағжан аты мен тұл­ғасы оның қандай еңбектерін көпшілікке ұсынғанмен ешқашан аласармасы белгілі. Қайта сол кездегі то­талитарлық қасаң жүйе мен қоғамдық-саяси өмірдің шынайы көрінісі көз алдымызға келіп, қалам ұшына күш көрсеткен қатыгез саясаттың салқыны түршіктіре түседі.

 

1660Жамбылға

Тоқсанда тұрған Жамбыл қарт –
Одақтан озған дара ақын,
Жан жүрегі балдырған,
Ойы дария дана ақын.

Сөйлесе, тілден сел төккен,
Бір сөзден бір сөзді асыра.
Жапандарды жанды еткен,
Тіл берген тауың, тасыңа.

Білмеймін, тілден басқа жан
Гүлді сел қып төгер ме!
Алғандай ұстап аспаннан
Жайнатып жұлдыз себер ме!

Сөзі тоқсан түрленген,
Жамбыл – бұлбұл, ел – бостан
Бұлбұл Жамбыл гүлденген,
Жаңа өмірге үн қосқан.

Жаңа өмірді көсіле,
Жырларға жыр тапқан ол.
Бақытты елдің төсіне,
Жырынан жұлдыз таққан ол.

Бөленген баққа ел бағын,
Жауһардай жарқ-жұрқ еткізіп.
Сталин берген бақ заңын,
Жырлаған Жамбыл жеткізіп.

Ұлы Сталин көсемді,
Жырлауға лайық сөз тапқан.
Шын ақын Жамбыл шешенді,
Сипаттауға сөз тапқан.

Тоқсанға келген Жамбыл қарт,
Жетпіс жыл жатқан көмулі.
Бұл күнде, міне, балдырған,
Жиырмаға жаңа келулі.

Жиырмаға тоқсан кеп еді,
Ұрғаны мынау құлашты!
Көмілген Жамбыл кен еді,
Сол кеннің көзін кім ашты?

Кім ашсын! Ашты Октябрь,
Данышпан көсем бастаған.
Сондықтан, Жамбыл жалын жыр,
Жайнатып төгіп тастаған.

Жетпіс жыл тілін байлаған,
Ескі өмірдің өлгені.
Сондықтан, бұлбұл сайраған,
Меруерт тізіп бергені.

Кім жасартты бұл қартты?
Жасартты атқан ел таңы.
Ұлы Сталин жасартты,
Жасартты оның бақ заңы!

Ел гүлденді, гүлденді ол,
Тоқсаны болды жиырма.
Төкті бұлбұл гүлден сел,
Сермеді құлаш қиырға.

Еңбекші ел – теңіз тебіренген,
Сен – бір меруерт тамшысы.
Елің саған еміренген,
Сен – жыршысы, жаршысы.

Адал ұлы жасын елдің,
Жырыңмен болдың жас ұлан.
Көргенде көзге жас алдым…
Қол қусырып бас ұрам.

Күні келсе – газетте,
Үніңді көрдім, бұлбұлым.
Ұсатып бейне меруертке,
Тізіпсің көркем «күн жырын»!

Жырласа Жамбыл жырласын!
Жайнатып жырдан гүл төккен.
Шашудай шашып шұғыласын,
Гүл төкпеген, күн төккен!

Бөленген баққа еліңді,
Күндей күліп жырлапсың,
Төгілген күй боп, жырыңды,
Оқымаппын, тыңдаппын.

Оқымадым, тыңдадым,
Күн нұры кернеп жүректі,
Нұр кернеді, жырладым,
Бір ауыз сөзім жүйрікке!

Жаса қарт, жыры жас аға,
Қуанамын, күлемін.
Жатсынба, қойныңды аш аға,
Құшағыңа кіремін.
Күнді көрмей көр болып,
Сасық жолым кесел боп,
Жырлағаным көр болып,
Мешел боп қалған кетеулеп.

Кетеулеп жаңа тірілген,
Ініңнің жайын көргейсің.
Жаның күнге көмілген,
Күніңнен ұшқын бергейсің!
2-3 май 1937 жыл.
Қаламыма
(кешегім, келешегім)
Адасып ес білгеннен бетпақ шөлде,
Шыға алмай ел мен өрге, тартып көрге.
Солудан соңғы жылдар айнысам да,
Жүр едім беттей алмай еңбекші елге.

Не жаман, мәңгі көр боп өлген жаман,
Өлтірмеді, тірілтті нұрлы заман.
Көзді шел, жанды шерден азат қылып,
Жаңартты жаным, ойым, сезім, санам.

Жаңарып бар болмысым, сезім, санам,
Жаным тілім, қолыма алсам қалам.
Ұшқыр ойға ере алмай кібіртіктеп
Қозғалмайды кер шолақ қалам-шабан.

Себебі сол: ол шіркін толыққандай,
Байқаймын, ділмар тілім де тотыққандай.
Алайда, еш қаупім жоқ, санам сүйрер,
Санамды заман сүйрер нұрлы таңдай.

Ендеше күйбеңіңнен жирен қалам,
Ескілікке істіктей түйрел, қалам.
Тамаша шалқып тасыған мына өмірден,
Күндей күліп жырларға үйрен, қалам.

Ендеше, бауырың жаз, көсіл, қалам,
Серпіп тастап сыпыра жорт, есіл, қалам.
Жанымды жалаңаштап жұртқа көрсет,
Жалтақтамай, ақ жарқын шешіл, қалам.

Енді ұмыт жеті жылғы жолды тастақ,
Көңіл кірі кірбіңдеп кейіс баспақ.
Ескіден арылғаным рас болса,
Жанымды жұртқа көрсет жалаңаштап.

Көрсетсең, адасқанды айтып алты алаштап,
Ел көрмей еңбекшіні, байды бастап.
Бай бітсе бүкіл дүние бітер көріп,
Бата алып Қорқыттарды қобыз жастап.

Айтқанда сағым қуып лаққанымды айт,
Лағып молаға шам жаққанымды айт.
Күн нұрын, көзді түгіл, көр де сезбек.
Айналып азат елді тапқанымды айт.

Кертартпа, қара түнек жолдарымды айт,
Ел жауының жыршысы болғанымды айт.
Сол жарадан тазарып, жаңа өмірге
Қосылған асқар мына зор бағымды айт.

Бүркеме, өңшең әдіре, жыр қылғанды айт.
Жанымды жаппай шірік шер қылғанымды айт.
Жаңа өмірден түңіліп, көрге үңіліп,
Көзімді күн көрмейтін көр қылғанымды айт.

Жақшысы болғанымды айт жауыздардың,
Ел қанын телегей қып ағызғанның.
Енді, қалам, жалтаңдап, бұра бассаң,
Аяман, өз қолыммен бауыздармын.

Белім бекем, күйбеңсіз бетімді аштым.
Алдым – асқар, асқарға  қадам бастым.
Ар, иманым айтқызған осы сөзді,
Алдына тарттым елдің, жаңа жастың.

Сенемін, бұл бетімді білген қақпақ.
Шын ұсынған мойынды қылыш шаппақ.
Еңбекші ел, ашуы – ұшан, мейірімі мол,
Көр көзі ашылғанда айып таппақ.

Мұнысы – күннің түнді алғаны дер!
Ақынның ақтық болар арманы, дер.
Адасып, ақты көріп, ақсай басып,
Келді елге, жоқ-ау оның жалғаны, дер.

Осы иман мен қаламға жармасқаным,
Елең қылмай оны ұзақ кір басқанын.
Ел ізінен адасып, ақсақ болып,
Терістікте талантты қар басқанын.

Жоқ, бөгелмен, жүрермін, аял таппан,
Жырымды бәсеңдетпен, баяулатпан.
Елге еріп ұрармын өрге құлаш,
Пегасты ақын емен аяңдатқан.

Тағы бетім – гректің Парнастары,
Парнас емес, еңбектің нұр асқары.
Алып ерлер туғызған жаңа уралар.
Қазақтың Қарағанды, Балқаштары.

Енді бетім – ел мынау еңбек емген,
Біржола жаншып, жойып жауын жеңген.
Кертартпа көнелікті терең көмген,
Өз ісі, аз күшіне берік сенген.

Енді бетім – ел мынау еңбегі өнген.
Басында бағы жанып, күндей күлген.
Қамданып қас қырандай, қаруланып,
Алысқа орағытқан жауға төнген.

Енді бетім, ақ ниетім – елге ере алсам,
Гүлденген өмірге үндес жыр бере алсам.
Социалды отанды қанмен қорғап,
Керек болса кезінде жан бере алсам.

Осы бетім – ақ ниетім, көрдім бастап,
Жанымнан бар жараны сылып тастап.
Еңбекші ел, ашуы – ұшан, мейірімі мол,
Жанымды тарттым саған жалаңаштап.

1-2 май 1937 жыл.

Ғазиза ТҰРМАҒАМБЕТҚЫЗЫ,
Қазақстан Республикасы Мәдениет және  ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің басқарма бастығы.