Аймақтар • 08 Сәуір, 2019

Алматы әкімдігі «Бюджетке қатысу» пилотты жобасын ұсынды

925 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы almaty.gov.kz хабарлады.

Алматы әкімдігі «Бюджетке қатысу» пилотты жобасын ұсынды

«Келер жылдан бастап «Бюджетке қатысу» пилотты жобасын бастауды ұсынамын, мұнда әр ауданға нақтылы сома аударылады, ал оны тұрғындардың өздері маңызды бағыттар бойынша бөлетін болады», - деп мәлімдеді қала әкімі Бауыржан Байбек.

«Бюджетке қатысу» жобасы бойынша қала тұрғындарының ұсынысы «Open Almaty» жүйесі арқылы қабылданады. Жүйеде ақпарат жарияланғаннан кейін дауысқа салу арқылы  үздіктер анықталады.  Жалпы қала аудандарына бөлінетін қаржы қала бюджетінің бір пайызын құрайды, бұл шамамен 4 млрд. теңге.

Қазіргі кезде Алматы әкімдігі озық тәжірибелер негізінде тиімді әрі үнемді жұмсау қағидасы бойынша бюджет шығындарын оңтайландыруда. «Нұр Отан» партиясының фракциясымен бірге бюджет шығындарына қосымша сараптама жүргізілді, сондықтан Қоғамдық кеңестің қарауына тағы 7 миллиард теңгеден астам қаржыны қысқарту ұсынылады. Қала әкімінің айтуынша, БҰҰ-ның ұсыныстарына сәйкес дамыған елдердің бюджеті осылайша 0,5% дан 1%-ға дейінгі көлемде жасақталады. Мұндай бастама Лондонда, Римде, Берлинде, Парижде, Мәскеуде енгізілген.

«Біз үшін қоғамдық пікірді есту ғана емес, бюджеттік шешімдердің орындалуына жауапкершілікті күшейту әрі азаматтық бастамаларды қаржыландыру маңызды. Мұндай көзқарас өз қаласына деген жауапкершілікті нығайтады. Ал қала басқармалары кері байланыс арналары арқылы ірі жобаларды тұрғындармен, бизнеспен, сарапшылармен бірге талқылағандары жөн. Қоғамдық кеңес мүшелері барынша белсенділік танытулары тиіс деп есептеймін» деп атап өтті қала басшысы Бауыржан Бәйбек.

Қала жобалары тұрғындар тарапынан талқыланып, бюджет те қала жұртшылығының ұсынысы негізінде құрылады. Ал әкімдікте шағымдар мен ұсыныстар үнемі зерттеліп отырады. Алматы әкімдігінің барлық әлеуметтік желілерде ресми аккаунттары бар, Instagram парақшасында тіркелгендер саны бүгінде екі жүз мың шамасында.  Күн сайын  «Open Almaty» бірыңғай жүйесіне 500 өтініш түссе, барлығы да сарапталып, назарға алынады.