
«Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау нәтижесінде экономикалық өсімге қол жеткізді. Жапония – Қазақстанның ірі инвесторларының бірі. 2005-2017 жылдар аралығында Жапониядан Қазақстанға құйылған тікелей инвестицияның көлемі 5 млрд АҚШ долларынан асты», деді А.Қабыкенов.
Ал 2017 жылдың нәтижесі бойынша Қазақстаннан Жапонияға 886 млн АҚШ долларының тауары экспортталыпты. 2018 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша Қазақстанда жапон тарапының қатысуымен 77 заңды тұлға, филиалдар мен өкілдіктер тіркелген.
Жапонияның экономика, сауда және өнеркәсіп министрлігінің халықаралық істер жөніндегі вице-министрі Тадао Янасэ жапондық компаниялардың Қазақстанға инвестиция салуға қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Осы мәселе бойынша сөз алған Қазақстан-Жапония экономикалық комиссиясы төрағасының орынбасары, «ИТОТЮ» корпорациясының кеңесшісі Тосиюки Косуги: «Қазір біз екі ел арасындағы даму стратегиясының жаңа бастамаларын жүзеге асыруды қолға алып отырмыз. Өткен жылы Қазақстан Үкіметі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын қабылдады. Осы бағыт бойынша әрі қарай да көптеген тиімді жұмыстарды жүзеге асыра алар едік», деді өзінің сөзінде.
Сонымен, Қазақстан-Жапония екіжақты ынтымақтастық форумы аясында бірнеше меморандумға қол қойылды. Солардың қатарында жылумен, сумен жабдықтау, ядролық энергетика және Алматы қаласында қалалық көлікті дамыту бойынша маңызды жобалар бар. Атап айтқанда, «Kazakh Invest» басқармасының төрағасы Сапарбек Тұяқбаев пен «Марубэни Корпорейшн» компаниясының вице-төрағасы Ямадзоэ Сигеру Алматы қаласында қалалық көлікті дамыту бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
«КазЦентр ЖКХ» АҚ, «Mitsui & Co LTD» және «Japansystem Planing LTD» арасында жылу және сумен жабдықтау жүйелерінде қанатқақты жобаны жүзеге асыру бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға, «Kazakhstan Nuclear Power Plants» пен «The Japan Atomic Power Company», «Marubeni Utility Services Ltd» арасында ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»