Аймақтар • 20 Наурыз, 2018

Рухани жаңғыру. Рухтың түлеуі – ұлттың тілеуі

458 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президентімізді еңбекпен есейтіп, сая­си тұлға ретінде қалыптастырған Қарағанды өңірінде тағы бір өнегелі іс өріс алды. Нақтырақ айтқанда, кеншілер астанасында «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Орталық сараптама кеңесінің көшпелі мәжілісі өтіп, руханиятымызды өркендетуге қызмет ететін құнды пікірлер, өміршең ұсыныстар айтылды.

Рухани жаңғыру. Рухтың түлеуі – ұлттың тілеуі

Жоба құны – 12 млрд теңге

Облыста «Туған жер» ар­найы бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жоба­лар­дың, кіші жобалардың және іс-­шаралардың жол карталары мен тізімдері құрастырылған. Жалпы, Қарағанды облысында «Рухани жаңғыру» мем­лекеттік бағдарламасы аясында 400-ден астам түрлі жоба жү­­зеге асырылмақшы. Бұл мақ­­сатқа жұмсалатын қаржы қо­­ры да қомақты: 12 мил­лиард теңге! Игі шарадан атымтайжомарт демеушілер де тыс қалмаған. Жоғарыда айтылған соманың 5 миллиард теңгесі мырза меценаттарға тиесілі.

– Табысты ел, – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов көшпелі мәжі­лісте сөйлеген кіріспе сөзінде, – ол ең бірінші кезек­те табысты адамдар. Қазір Қа­зақстан экономикалық жаң­ғы­ру жолында тұр. Алайда бұл реформалардың барлығы ру­ха­ни құрастырушысыз еш мағынаға ие бола алмайды.

Өңірде аталған бағдарла­маны жүзеге асырудың маңыз­дылығы, оның әлеуметтік-экономикалық дамуға қуат­ты серпін беретіндігі күн тәр­­ті­бінде алдыңғы орынға қо­йылған. Бағдарламаны тиім­ді жүзеге асыру үшін Қара­ған­ды облысының әкімдігі мен өңірлік сараптамалық ке­ңестің құрамына қоғам мен ғылым саласының беделді қайраткерлері, Қазақстан хал­қы Ассамблеясының, саяси пар­тиялардың, үкіметтік емес ұйым­дардың өкілдері, жетекші сарапшылары мен мамандар бекітілген. Бүгінгі күні өңірлік сараптама кеңесі тұрақты түр­де жұмыс істеп, қоғамдық маңызы бар мәселелерді тал­қы­лау ісінде көп шаруаны тындырып жүр.

Ұсыныстар игі істердің ұстыны

Шын мәнінде, бұл игі ша­раның сарапшылар қауым­дас­­тығы мен өңірлік жобалау кеңселері арасындағы бай­ла­нысты нығайтуға, облыс­та­ғы  «Рухани жаңғыру» бағ­дар­­ламасының орындалу бары­сын жан-жақты талдауға, жа­қын болашақта іске асыры­латын жобалардың сапасын арттыруға негізделген  ұсы­ныс­тарды қалыптастыруға ба­ғытталғаны белгілі. Бұдан бө­лек, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының орындалуы, өлкетану бойынша оқулықтар әзірлеу, баспадан­ шығару, материалдық және мате­риалдық емес мәде­ни ес­керткіштер тізілімін қа­лып­­­­тастыру тәжірибесін қол­да­нысқа енгізу сынды қат-қа­бат шаруалардың атқарылуы да  басты мақсат ретінде қарас­ты­рылғанын айта кеткен жөн.

Арқаға арнайы ат басын ті­реген Орталық сараптама кеңе­сінің құрамына есімдері елге белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері енген. Атап айтқанда, олардың қатарында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы, ЕҰУ «Рухани жаңғыру» ғылыми-зерт­теу институтының директоры Ерлан Арын, ЕҰУ проректорлары Дихан Қамзабекұлы, Серікжан Қанаев, ҚХА ка­фе­дра­сының меңгерушісі Ана­толий Башмаков, про­фессор-ғалымдар Шәкір Ыбы­раев, Серік Негимов, Жамбыл Ар­тық­баев, Мақсат Алпысбес, Азамат Дүйсембаев сынды зия­лы қауым өкілдері бол­ды. Көшпелі мәжілісте олар салмақты пікір айтып, салиқа­лы әңгіме қозғады.

Сонымен қатар жиын­да­ өңір­­лік сараптама­ кеңе­сі­­нің төрағасы, Қарағанды эко­но­ми­калық университетінің рек­­торы Ерқара Аймағам­бе­­тов, «Рухани жаңғыру» бағ­­­­­дар­­ла­масының орындалу­ ба­рысы туралы Қараған­ды­ өңірлік жобалау офи­сінің же­тек­шісі Гүлнәр Құр­бан­баева, «Тәр­бие және білім» кіші бағ­­дар­ламасының іске асы­ры­луы туралы Білім және ғы­лым министрлігі Мектеп­ке дейінгі және орта білім де­пар­таментінің директоры Шолпан Ка­ринова мен өлкетану бойын­ша оқулықтар әзірлеудің ба­­ры­сы туралы «Оқулық» респуб­ликалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Бей­біткүл Кәрімова баяндама жасады.

Шәкәрім жоқ, Қалқаман бар

Көшпелі мәжілісте филология ғылымдарының докторы Серiк Негимов «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жү­зеге асыру ісінде жергілікті та­рихи тұлғалардың есiмдерiн, аты аңызға айналған жерлерді жаңғыртуға баса назар аудару керектігін айтты. Ғалым өз­ сөзінде қазақ терминология­сын түзуге сүбелі үлес қосқан ағартушы-лингвист Ісләм Жа­рыл­ғаповтың биыл 100 жыл­­­дығы екенін еске салды. «Қа­рағанды осыны ескеру­сіз қалдырмаса екен. Еңбегі мен мол мұрасын, оның сөз­жа­самдағы бай тәжірибесін бүгін­гі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Қазір қайталанбас тұлғаның 5 мың сөзі қызының қолында. Сенімді адамға ғана бер деп аманаттап кетіпті», деді Серік Негимов.

Сонымен қатар ол Бектау­ата баурайында жерленген Ша­шу­бай ақын мен Алаш арыс­тарымен бірге елге қыз­мет көрсеткен Хасеннің Бижа­нының мұраларын жандандыру жайын сөз етті. Мектеп мұра­жайын ашу жұмыстарын қолға алу, студенттер мен оқу­шы­ларға экспедиция ұйым­дастырып, Ұлытау, Қарқаралы сынды киелі жерлермен таныстырып, сол топырақтан түлеген әнші, ақын-жазушы­лар­дың мұрасымен сусындату қажеттігіне назар а­ударды.

«Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталы­ғының директоры Бейбіткүл Кәрі­мова өз сөзінде әр об­лыс­­­тың өлкетану аясында­ мек­­теп бағдарламасына ен­гізуге ұсынған кейбір оқу­лық­­тарының мазмұнын сын те­зіне алды. Мәселен, Шы­­ғыс Қазақстан облысының өлке­тану кітабына Шәкәрім Құдайбердіұлы, Бибігүл Тө­легенова сынды тұлғалар енбей, олардың  орнында кейінгі ән­шілер мен ақындардың жүр­геніне қынжылыс білдірді. Атап айтқанда, оқулықтарда ақын Қалқаман Сарин, ән­шілер Гүлмира Сарина, Тоқ­тар Серіковтің өмірбаяны берілген. Сондықтан кітапты бас­паға әзірлеу барысында әр саланың білікті мамандары мен тарихшылардан тұратын арнайы комиссия құрылса деген ұсыныс-тілек айтылды.

«Теңіз – тамшыдан» деген тәмсілге салсақ, көшпелі мә­жіліс барысындағы  баяндамаларда айтылған көшелі ұсыныстардың «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасындағы ұлт руханиятына ауадай қа­жет міндеттерді орындау ісін­де ұстын боларлық рөл атқа­ратыны айқын аңғарылды. 

Мәдиге – мавзолей

«Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу институтының директоры Ерлан Арын мәдени мұра аясында сериялық кітаптар шы­ғару ісінің, атап айтқанда «Сарыарқа кітапханасы» се­рия­сы жобасын қайта қол­ға­ алудың өңір үшін маңыз­ды­лығына тоқталды. Сондай-ақ ол күрескер ақын Мәди Ба­пи­ұлының кеңес заманында са­лынған ескерткішін қайта жаңғыртып, оның басына мавзолей кешенін тұрғызу жөнінде ұсыныс айтты.

Баяндамаларды талқылау барысында сарапшылар сапалы жобаларды іріктеу бо­йынша бірнеше ұсыныстар мен ұсынымдар берді. Олардың ішінде «Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу институтының директоры Ерлан Арын айтқан Ұлытауды халықаралық дәре­жеде ұлықтау және Қара­ған­дыдан Тұңғыш Президент кітап­ханасының филиалын ашу, Мәди Бапиұлының басына Ке­ңес Одағы кезінде қойылған ес­керткішті қайта жаңғырту се­кілді маңызды мәселелер көп­шіліктің көңілінен шықты.

Көшпелі мәжіліс бары­сын­да Орталық сарапта­ма­­ кеңесінің төрағасы, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еура­зия­ ұлт­­тық универ­ситетінің ректоры, тарих ғы­лым­да­рының докторы, профес­сор Ер­лан Сыдықов облыс әкі­міне естелік сыйлық ұсынса, Қа­зақстан Елтаңбасының авто­ры Жандарбек Мәлібеков мем­лекеттік гербтің жаңа нұс­­­қасын табыс етті. Со­ны­­­мен қатар Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің ғалым-са­рап­шы­лары, оқытушылары Қа­рағанды қаласының жо­ға­ры оқу орындарында Ел­басы Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуел­сіздік дәуірі» кітабының негіз­гі бағыттарын түсіндіру бойынша шолу дәрістерін өткізді. Ор­талық сараптама кеңесі жұ­­мы­­сының соңында тарих ғы­лымдарының докторлары, профессорлары Ерлан Сыдықов пен Жамбыл Артықбаев бірігіп жаз­ған «Әнет баба: ғұмыры мен заманы» кітабының тұсау­кесер рәсімі болды.

Көшпелі мәжілісте көп ай­тылған дүниенің бірі – рухани тұрғыда түлемеген қоғам береке-бірліктен айырылып, өркен жая дами алмайтындығы болды. Яғни руханият ризы­ғынсыз ұлт тілеуінің қабыл бол­майтындығы  тағы бір мәр­те еске салынды.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ