Аймақтар • 16 Наурыз, 2018

Ақмола облысында тасқынның алдын алу шаралары пысықталды

248 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда Ақмола облысында төтенше жағдайлар қызметі көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарына кірісіп те кетті. Әсіресе Атбасар ауданында өткен жылғы жағдайдың қайталануы мүмкіндігі де жоққа шығарылмауда. 

Ақмола облысында тасқынның алдын алу шаралары пысықталды

Осыған орай жақында бұл ауданда «Көктем-2018» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының өткізілуі дайындық жұмыстарының қаншалықты ұйымдастырылғандығын ашып көрсетіп берді.

Қазақта «Аузы күйген үрлеп ішеді», демекші былтырғы көктемде су тасқыны біраз жұртты әбігерге салып кеткені әлі есімізде. Жолдар шайылып, малдар суға ағып, жергілікті тұрғындардың баспаналары суға толған еді. Осылайша көктемгі қарғын су өңірге ай­тар­лықтай экономикалық шы­ғын алып келген. мұндай жағ­дай жаңадан қызметіне бел­сене кіріскен облыс әкімі Мә­лік Мырзалин үшін үлкен сын болды. Жан-жақтан келген қолдаудың арқасында қиындықты еңсере білген облыс басшысы артынан сол су алған өңірлерге арнайы барып, жағдаймен жақын танысқан. Нақты тапсырмалар да берген. Содан бері жағдай біршама оңдалып қалған сияқты. Алайда ол тапсырмалар қаншалықты тыңғылықты орындалды, оны биылғы көктемгі жауын-шашын дәлелдемек.

Атбасар ауданына жасал­ған баспасөз туры барысын­да облыстық төтенше жағ­дай­лар департаментінің бас­тығы Алексей Советов алдын алу шараларына қатысты мәлі­мет­термен бөлісті. Жалпы, Атба­сар су басу қаупі жоғары аудан­дар қатарында. Олай дейтініміз, осындағы Жабай өзенінде, сол төңіректе ылғал­дың мөлшері шамадан тыс. Оның үстіне бірнеше жылға созылған бақылаулар нәтижесі көрсеткендей, аудан аумағына наурыз және сәуір айларында жауын-шашын түспей қоймайды. Ал бұл бөгеттерге салмақ салып, апат қаупін күшейте түсетіні сөзсіз. Осыған орай су тасуының алдын алу мақсатында жоғарыда атап кеткендей құтқаруға құрылған оқу-жаттығудан өзге көптеген нақты іс-шаралар қолға алынған. Тіпті бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 57,3 миллион теңге де бөлініпті. Жалпы, Атбасар қаласы тір­ші­лігін қамтамасыз ету ны­сан­дарының, төтенше жағ­дай­лар қызметтерінің жұмысын үйлестіру мақсатында аудан әкі­мі аппаратының өкілдері іші­нен жедел штаб жұмысы ұйым­дастырылған. Атбасар ау­данының әкімі Аманбек Қалжанов жақында арнайы-тактикалық оқу-жаттығулардың сәтімен өткендігімен де бөлісе кетті. Сөз реті келгенде аталған арнайы-тактикалық оқу-жат­тығуға барлығы 99 адам және 18 бірлік өрт, авариялық-құт­қа­ру, инженерлік техника тартыл­са, төтенше жағдай орын ала қал­ған кезде сапқа 270 адам және 94 бірлік арнайы техника немесе одан да көп күш жұ­мылдырылады деп күтілуде. 

Бұ­дан басқа, өткен жыл­дар­да­ғы кет­кен кемшіліктер еске­рі­ліп, су тасқынының алдын алу машықтары жан-жақты еске­ріл­ген. Сондай-ақ биылғы көк­темгі су тасқынының алдын алуда төтенше жағ­дай­ларды бол­дырмау мақ­са­тында аза­мат­тық қор­ғау құ­рамалары мен апаттық-құт­­қару қы­з­мет­те­рінің бір­лескен іс-қимылын үй­лес­­тіру жағы да жан-жақ­ты пысықталған. Бірақ со­ған қа­рамастан, Атбасар ауда­нын­дағы елді мекендерді су басу қаупі әлі де сейілмеуіне бай­ланысты Новосельское, Пок­ровка, Полтавка сияқты ауыл­дарда су тасуының алдын алу­ға қатысты түрлі шаралар жүр­гізілген. мұның барлығы да Атбасар ауданындағы ел­дімекендерді инженерлік қор­ғаудың кестесіне сәйкес жүзеге асырылуда. Ал өзге ауылдық округтарда жұмыстар ағымдағы жылдың 15 наурызына дейін аяқталады деп жоспарланған. 

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы