Қазақстан • 16 Наурыз, 2018

Ұлылар тағылымындағы ұлт мұраты

385 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Уақыт талабына сай сананың өзгеруі қажеттігі, әсіресе қазіргі жаһандану заманында айқын сезілуде. Жеке бастың қамын күйттеп, бұрынғы қалыппен, томаға-тұйық өмір сүру ескі салт. Елге шапағатың тиетіндей қарекет ету қажеттігі туындаған заман келді. Бұл тұрғыдан бәсе­кеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына қосылу мақсатына орай, адами капитал сапасын арттыру, ол үшін рухани тұрғыдан өзгеру, сананы жаңғырту қажеттігі туындап отырғанын тағы да бір қайталап өтелік. 

Елбасының «Төр­тінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жа­ңа мүмкіндіктері» атты жаңа Жолдауында қойылған 10 мін­деттің 7-сі «Адами капитал-жаң­­ғыру негізі» деп аталуы да тегін емес. «Жаңғыру» деген сөз­­дің өзі жоқтан барды жасау дегенді білдірмесе керек. Бұрын бол­­ғанды, бар нәрсені қайтадан қол­­ға алу, одан әрі дамыту, пай­да­лану дегенді байқатады. Ал «ру­хани жаңғыру» адами, рухани құндылықтарымызға оралу, ата-бабаларымыз қалдырған рухани мұраларға жаңа тыныс беріп, жандандыру, жалғастыру, күнделікті игілігімізге жарату, қастерлеу, солардан нәр алу, мәңгілік ету дегенді аңғартса керек. Қысқаша айтқанда, өмірге бейімделе әрекет ету үшін, көзқарас, сананы, рухани әле­міңді өзгерту деген сөз. Ол үшін не керек, не істеу керек? 

Белгілі ғалым Тұрсын Жұрт­бай «Рух өлген тұстан, рухани тәуел­ділікке телінген сәттен бас­тап адамзат – ақыл парасаттың дер­бес шешімінен, ұлт – тәуел­сіздігінен, тұлға – дара ойлау жүйе­сінен, талант – танымнан, адам – ар-ождан бостандығынан айырылады. Ал рух еркіндігінің көрі­нісі – рухани мәдениет, өнер, әдебиет болатын», дейді. Сана сілкінісі уақытты, ұдайы жүйелі жұмысты қажет етеді. Өкінішке қарай, шенеуніктер, мемлекеттік қызметшілер түгіл, жас ұрпақ тәлімгері делінетін мұғалімдер арасында да жаңалыққа жаны құштар, оқуды қажетсініп отыратындар қатары сирек. Заманауи білім беру жүйесі қоғамның рухани жаңғыруының факторы дейтін болсақ, алдымен оқытушының өзгеруі тиістігі дәлелдеуді қажет етпесі анық. Осы арада адам­гершілікке тәрбиелеу тұрғы­сында әрбір педагог нақты нендей қарекет жасап, одан қандай нәти­жеге жеткендігі турасында есеп беріп отырса, қалай болар еді деген ой келеді. Бұл ретте тәрбиешілердің өздері білім көз­деріне жиірек үңілсе абзал.

Елбасы Н.Назарбаев жоғары­дағы мақаласында «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиеті­міз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойы­мызда мәңгі қалуға тиіс. Абай­дың даналығы, Әуезовтің ғұла­малығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», дейді.

Ол тізімде алты алаштың ба­ла­сы ардақтауы тиіс баба­ла­рымыздың бірі, әрине Ыбырай Алтынсариннің де бар екені сөзсіз. Ақыл-парасат күші кемел, ой-санасы замандастарынан озық, жүз, тіпті мың жылда бір туатын азамат дерлік ұлы ағартушымыз сонау ХІХ ғасырда адам санасына сәуле түсіретін күш-білімде екенін түйсініп, туған халқын оқуға, өнер-білім бар жұрттар қатарына қосылуға үндеді емес пе?

Елбасы мақаласында «Та­бысты болудың ең іргелі, бас­ты факторы білім екенін әркім те­рең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп жазды. Демек, қай кезде болсын, қай елді болсын алға жетелейтін баға жеткісіз құдіретті құндылық ол – білім. Сонау замандағы сірескен сананы сілкінту қан­­шалықты ауыр, азапты бол­ғанымен, Ыбырай бабамыз білім саласындағы сан салалы қызметке тыңнан түрен салып, жалғыз өзі осы жолда өмірінің соңына дейін арпалысып бақты. Оған маза бермеген өзінің озық ақыл-ойы, туған елге қолдан келгенінше пайда тигізуге деген ерен ұмтылысы еді. Рухы мықты, рухани әлеуеті терең тұлға қойған мақсатына жетіп, тарихта мәңгі қалды. Ұлы ағартушының асыл мұрасына терең бойламай-ақ, оның бүгінгі ұрпақтарының санасын жаңғыртуда өнеге боларлық кейбір қырларына жеңіл шолу жасап көрелік. 

Жиырмадан енді ғана ас­қан жас Ыбырай сөздерін қай­та­лап оқи отырып, оның ынта-жі­гер, талпынысына, халқы үшін қайткенде пайдалы болу­ға деген ерен ұмтылысы таңғал­дырады. Мәселен, 1962 жылы Н.Ильминскийге жолдаған хатында «Егер тірі болсам, бар рухани күшімді жинап, «Балалар дүниесінен» бірер мақаланы ауда­рып көремін де, көріп шығу үшін Сізге жіберемін» деген сөзі бар екен. Ыбырайдың әу бас­тан халықтың ұлы болуға бел буғандығын айғақтайтын сөздерін түрлі жылдары жазылған әр хатынан оқуға болады. Бұған дәлел ретінде бірер сөйлем келтірсек жеткілікті болар.

«Қырғыздардың ескі тарихынан бір нәрселер жинадым, әлі де жинап жүрмін, бұларды бір кезде Сізге жібермекпін. Қазір қырғыздардың (қазақтардың) әртүрлі әдет-ғұрыптарын зерттеу­мен көбірек шұғылданып жүр­мін. Олардың адамгершілігіне де­ ықпал ету үшін, келешекте олар­дың парақор болып кетпеуі үшін бар күшімді салып, әрекет ету­демін. Балаларға рухани тарихтан білетінімді айтамын», «Менің жан сала талаптанатын себебім: қайткенмен де пайдалы адам болсам деуші ем, ал енді осы мақсатқа жетіп келемін деген ой мені барлық жағынан да жұбатқандай».

Ұлы ағартушы бабалардан­ жеткен рухани мұраларды жи­­­нас­тырып, зерделеп, өзі де қазақтың әдеп-ғұрып, салт дәс­түрлеріне қатысты еңбектер жазып, әйгілі «Қазақ хрестоматия­сы» оқулығына халық ауыз әде­биетінен әңгімелер енгізгені белгілі. Осының өзінен-ақ Ы.Алтынсарин сынды ұлы тұлға та­ғы­лымының жастарға рухани-адам­гершілік тәрбие берудегі маңызы зор екенін көреміз.

Пиалаш СҮЙІНКИНА

Қостанай